• Күншуақ
  • 15 Наурыз, 2021

Болашақ паралимпиада чемпиондарын дайындайды

Жақында Нұрсұлтандағы ерекше балаларға арналған «Жас жауынгер» спорт клубында спорттық фестиваль өтті. Онда балалар күш сынасып қоймай, ел ағаларының ыстық ықыласына бөленді. 
Клуб жетекшісі, бапкер Садық Байымбетовпен әңгімелескен едік. Алғашқы сұрақты «Клуб ашуға не себеп болды?» деп бастадық. 

– 2012 жылы спорт бойынша нұсқаушы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні Әмір жаттығу кезінде: «Илья Ильин сияқты чемпион болып, зілтемір көтергім келеді», – деді. Өз қолыммен зілтемір жасап бердім. Екеуміз қиялдап, «Қарсы алыңыздар, Олимпиада чемпионы Әмір Құсайынов», – деп шақырып, жоғары көтердім. Оның көзіндегі отты көріп, ойландым. «Неге көмек бермеске? Неге арманына жол ашпаймын?» Осылайша, әр баланың диагнозын оқып, қандай спортпен айналысуға болатынын зерттей бастадым.

Мамандығым – «Спорт және дене шынықтыру». Оның ішінде «Емдеу және дене шынықтыру» деп бөлінеді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулимын. Баланың басын ұстауға, аунатуға, отыруына, еңбектеуіне көмектесемін.  

«Жас жауынгер» 2018 жылы 28 ақпанда Астанада ашылды. Жұмыс басталғанда сегіз бала келген еді. Қазір жетпіске жуық жеткіншек бар. Спорт залды ашқан кезде кәсіпкер әрі досым Ерлан Думанұлымен кездестім. Ойымды, мақсатымды айттым. Мені қолдап, қаражат жағынан көмек берді. Осы күнге дейін көмектесіп тұрады. Мереке қарсаңында балаларға сыйлық береді. «Жас жауынгердің» мақсаты – баланы спортқа баулып, болашақ Паралимпиада чемпиондарын дайындау.

–  Клубта қанша бапкер бар?

–  Өз ісін, балаларды жақсы көретін бес бапкер бар. Олар ерекше балалармен ең кемі 3-4 жыл жұмыс істеген, тәжірибесі жеткілікті. 

–  Спорттың қандай түрлері бар?

–  Бокс, күрес, аралас жекпе-жек, ММА, ауыр атлетика, қол күресі. Бұл спорт түрлерін балаларға өзіміз жасаған әдістемемен үйретеміз. Оларды  диагнозына қарай бөлмейміз. Көбіне ДЦП-мен күресіп жүрген балалар. 

–  Балаларды қалай қабылдайсыздар?

– Ешқандай құжат қажет емес. Бапкерлер баланың жүріс-тұрысына, қимыл-қозғалысына қарап анықтайды. Егер ауыр операция жасалса, анықтама қағазын сұраймыз. Соңғы рет қай кезде ауырғанын білуге міндеттіміз.  

– Қатысу тегін бе?

–  Әрине, тегін. Бұл еріктілер тобымен құрылған бейімдеу орталығы. Жарыстарға да тегін қатысады. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қолдауымен Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында жаттығамыз.  

– Клубқа Олимпиада чемпиондары қонаққа келеді екен...

–  Иә, рас. Батыр қыз-жігіттерді жиі шақырамыз. Балаларға тілегін айтып, күш-жігер сыйлайды. Шеберлік сабағын өткізіп, ойнап, қолтаңба береді. Бақтияр Артаев, Қанат Ислам, Илья Ильин, Данияр Елеусінов, Бейбіт Шүменов, Серік Сәпиев, Әйгерім Әбдіқадырова және «Астана арланс» командасы келді. Аралас жауынгерлік жекпе-жек шебері Шавкат Рахмановтың балалармен кездесуі керемет өтті. Шавкат  балалармен қолғап түйістіріп, ойнап, ерекше көңіл күй сыйлады. Илья да балалардың алдында зілтемір көтеріп, қолтаңба берді. Кездесуден кейінгі балалардың бақытты жүзін сөзбен жеткізе алмаймын. Енді дағыстандық батыр Хабиб Нұрмағамбетовты қонаққа шақырып жатырмыз.

–  Балалар жарыстарға жиі қатыса ма?

–  Әрине, қатысады. 2019 жылы алғаш рет парабокстан турнир өтті. Былтыр ерекше балаларды қолдау мақсатында «Біз біргеміз» атты қазақ батырларының құрылтайы өтті. Олимпиада чемпиондары және қоғам қайраткерлері қатысты. Біздің жарыста жеңілу деген жоқ. Барлық бала жеңімпаз. «Жеңілдің» деп төмендеткіміз келмейді. Әлия Назарбаева қоры балаларға спорттық костюм сыйға берді. 

– Жаттығуға балалар қалмай келетін болар...

–  Клубты, бапкерлерді балалар жақсы көреді. Әсіресе, Моңғолиядан келген бауырымыз Алданыш Мерей. Әкесі «Жас жауынгерді» естіп, баласын спортқа берді. Нұрбек Дүйсенбаев өте мықты, сабақты да жақсы оқиды. Болашақта Олимпиадада алтын алады деген үміт бар. Рамазан Павлодар қаласынан біз үшін көшіп келді. Кумирі – Геннадий Головкин. Әмір Құсайынов та мықты жігіт. Ауыр атлетика чемпионы. Клубқа келген балалар бір-бірімен танысып, дос болып кетеді. Спорттың арқасында аяққа тұрып, алғашқы қадамын жасаған балалар көп. 

–  Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? 

– Бейімдеу спорт орталықтары көбірек ашылса деймін. «Праймериз- 2020» додасына қатыстым. Депутаттарға халық-пен қалай жұмыс істеу керегін көрсеткім келді. Қолыңда билік болса, көп жақсылық жасауға болады. Елімізде ерекше қол-дауды қажет ететін балаларға көмек дұрыс көрсетіліп жатқан жоқ. Мақсатым – балақайларға жағдай жасау, тең көзқарас қалыптастыру. 

«Рухани жаңғыру» бағдарла-масы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жылдың үздік ұйымы» мен «Жыл тұлғасы» номинациясын жеңіп алдым. Марапат алғаныма Аллаға шүкір деймін. Бірге жұмыс істеген азаматтарға, баласын сеніп тапсырған ата-аналарға алғыс айтамын.

«БАЛАМНЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ»...

Халидтың анасы:

– Клубқа келгенімізге көп болған жоқ. Соған қарамастан баламда өзіне деген сенімділік пайда болды. Балам спортпен айналысады! Қандай қуанышты сезім! Өзгерісті байқаған массажист: «Енді балаңыз ұзақ уақыт тік тұра алады, саусақтары жақсы жұмыс істейді. Бұлшықеттері де қатайыпты», – деді. Қатты қуандым. «Жас жауынгер» клубына алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Әмір Құсайыновтың анасы: 

– Садық ағайды 2007 жылдан бері танимыз. Біздің ең алғашқы нұсқаушы-бапкеріміз. Ол уақытта Әмірдің аяқ-қолын қозғалтуы қиын болатын. Бірақ спортты ерекше жақсы көретін. Бокс пен ауыр атлетика чемпионатын үзбей көретін. Илья Ильиннің кезекті жеңісі балама күш берді. 

Садық ағайы Әмірге арнап зілтемір жасады. Әр жаттығуда зілтемірді көтеретін. Осы жаттығудың арқасында жазғыш бұлшықеті мен қол моторикасы жақсарды. Кумирі Илья Ильинмен кездесіп, арманы орындалды.  Бейімдеу орталығына 2018 жылдан бері қатысып жүрміз. Жаттығудың нәтижесінде шыдамды, төзімді болуды үйренді. Бұлшықеті нығайды. Жақын дос тапты. Белгілі чемпиондармен кездесіп, суретке түсті. Осындай бейімдеу орталықтары көп болса екен. Балалардың спортпен айналысуына мол мүмкіндік берілсе деймін...

Әмір Байғазиннің анасы:

– Клубқа былтыр қараша айынан бастап келдік. Қысқа уақытта баламның бұлшықеті тартылып, нығайды. Бұл біздің жағдайымызда үлкен жетістік.  Мінезі өзгеріп, әңгімесін еркін айтатын болды. Табандылықты әрі шешім қабылдауды үйренді. Сабаққа ынтасы артты. Жатты-ғуды өткізіп алудан қорқады. Ең маңыздысы, спорт балама ұнайды. Интернеттен кәсіби боксшылардың жұдырықтасу тәсілін көріп, оны қайталайды. ОМОН-да қызмет етсем деген арманы бар. Қызықты спорт түрлері көп болса, турнирлер жиі өтсе деймін. Әрбір жарыс балаға күш пен қуат береді. 

Гүлфарида 
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №11
16 наурыз 2021 жыл
 

10794 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор