• Жырақтан білім іздесең
  • 15 Наурыз, 2021

Сегіз жасар Саният сырғанауды қалай үйренді?

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайтыс болғанына үш жылға жуық уақыт өтті. Мұз, мәнерлеп сырғанау, коньки деген ұғымдар бұрын Денис Тенмен ғана байланысты боп көрінетін. Кейінгі уақытта оның жас ізбасарларын көріп, қуанып жүрмін. Олардың осы спортты таңдауына Денис Тен себеп болғанын естігенде, қатты қуанам.

Жақында мәнерлеп сырғанаушы кішкентай қызбен таныстым. Есімі – Саният, 8-ақ жаста. Есімі де, өнері де, өзі де өте ерекше. Саниятпен Алматыдағы мұз айдынында сұқбаттасамыз деп келістік. Өзі жаттығуда болғандықтан, мені анасы Айгүл күтіп алды. Санияттың жаттығуы аяқталғанша анасымен әңгімелестік. 

Анасының айтуынша, Саният қиын жағдайда өмірге келіпті. Дәрігерлер баланың денсаулығында кінәрат бар екенін бірден айтып, мүгедектік рәсімдеуге кеңес берген екен. Алайда ата-анасы Саниятты басқа балалармен тең өсіріпті.

«Бес қыз, бір ұлдың анасымын. Саният – төртінші қызымыз. Тұңғыш қызымыз Лаура 24 жаста, қазір Түркияда оқып жатыр.  Екінші қызымыз Дана да Түркияда оқиды. Бұйырса биыл оқуын бітіреді. Үшінші қызымыздың есімі Сафият, одан кейін осы Саният өмірге келді. Санияттан кейін Мариям деген қызымыз бар. Ол да бес айдан бері Саниятқа еріп сырғанауды үйреніп жүр. Әкесі қыздарын еркелетіп, еркін өсірді. 

Аяғым ауыр болғанда төртінші балам ұл болады деп күттім. Саният 2012 жылы 29 сәуір-де әкесіне тосынсый жасап өмірге келді. Олай дейтінім – 29 сәуір әкесі Нұрболдың да туған күні. Күйеуім Нұрбол Маратұлы – спортшы. Күреспен айналысады. Алматыдағы №9 балалар мен жасөспірімдердің жоғары спорттық шеберліктің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебін бітірген. Санияттың әкесінің туған күнінде өмірге келуі, әкесі сияқты спорт саласына келуі тегін емес деп ойлаймын. 

Қызымыздың есімін әкесі Саният деп қойды. Ол қазақ тілінде «жарқыраған» деген мағына береді екен. Әкесі нұр, қызы да жарқырап, айналасына шуағын шашып жүрсін деп қойдық», – дейді анасы.

Саният өмірге келген сәтінен бастап-ақ тағдыры үшін күресті бастап кетіпті. Ата-анасы түрлі маманға қаратып, ем жасаса да, бәрінің айтқаны бір – «балаңыз сөйлей алмайды» болыпты. Ал медицинада сөйлей алмайтын балалардың уақыт өте келе есту қабілеті де нашарлайды деген тұжырым бар.

«Тіл табысу үшін сөйлеу міндетті емес»

Анасының айтуынша, Саният расымен де басқа балалардан ерекше болыпты. Алайда анасы бұған кемшілік емес, артықшылық ретінде қарапты. Жалпыға ортақ балабақшаға апарып, жалпы білім беретін мектепке беріпті. 

«Қызымның бойынан аса бір кемшілік байқамадым. Жалпы өзі көп сөйлемейтін балалар да болады деп өзімді де, отбасымызды да осыған сендірдім», – дейді Санияттың анасы. 

Бірақ балабақшада да, мектепте де, мәнерлеп сырғанау үйірмесінде де Саният басқа балалармен араласып, тіл табысып кетеді екен. Демек, адамдармен араласуда басты нәрсе сөйлей алу емес. 

«Қазір балалардан қисық сөйлейтін, бір-біріне тиісе сөйлейтін әдетті жиі байқаймын. Санияттың бойында ондай жоқ. Бәрін тура қабылдайды. Үнемі күлімдеп жүреді. 

Бізге мамандар Саниятты арнайы білім беретін орталыққа апаруға кеңес берді. Дені сау балалардың арасында оқу қиынға соғатынын түсіндірді. Бірақ біз ойлана келе қызымызды жалпы білім беретін балабақ-шаға, кейін сондай мектепке апарамыз деп шештік. Барлық қиындыққа алдын ала дайын болдық. Түрлі курсқа барып жүрдік», – дейді анасы. 

Ата-анасының бұл еңбегі далаға кетпепті. Саният алғашқы сөзін бес жасында айтыпты. Бірте-бірте қысқа сөздер айтып үйрене бастағанда ата-анасы мен бауырлары қатты қуаныпты. 

2018 жылы жазда Денис Тен қайтыс болғанын естігенде бүкіл қазақ халқы қайғырды. Бұл оқиға Маратовтар отбасы үшін де маңызды оқиға болды. Денис Тен қайтыс болғанда Саният жылай беретін бопты. Ата-анасы уайымдап, не болғанын сұраса, Денис Теннің суретін, видеосын көрсетіп жылайды екен. Біраз уақыт өткен соң Саният ата-анасына «Денис Тен сияқты болғым келеді» депті. Санияттың әр айтқан сөзін екі етпейтін олар қызын мұз айдынға апарыпты. Мұзда мәнерлеп сырғанау спорты үшін Санияттың жасы үлкен депті бапкерлер. Ата-анасы Санияттың жағдайын түсіндіріп, жай ғана сырғанауды үйреніп, денсаулығы үшін жаттығуға келіп жүруге рұқсат алыпты.

Жеті ай өткен соң бапкерлер Санияттың спортқа икемін байқап, оны кәсіби жаттығу тобына өздері ауыстырып алыпты. Қазіргі бапкері – Абиш Байтканов. Кәсіби дайындықты бастаған кезде пандемия басталып, мұз айдыны карантинге жабылып қалады. Соған қарамастан Саният қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Рахат Бралиннен күніне екі сағат онлайн сабақ алып жүріпті. 

Осылайша Саният үздіксіз дайындығының арқасында қалалық іріктеуден өтіп, республикалық байқауда бірінші орын алды. Биыл Ice Tiger fugure skating cup чемпионатында 3-разряд бойынша ІІ орын алған жас спортшыны Спорт федерациясы Болгарияда өтетін байқауға жіберу туралы шешім қабылдапты. Саният жақында ғана ата-анасымен бірге Болгарияға барып, 8-орын алып келді. Байқауда Саният «Мулан» композициясын орындады. Венгрияға барып, 14 қатысушының ішінен 7-орын алған.

«Шетелге барғанда басқа елден келген балалармен сөйлесіп, тез тіл табысып кетеді. Бұрын дәрігерлер сөйлей алмайды, ести алмайды деген баламыз әлемнің әр елінен келген балалармен достасып кеткенде қуанып қаламыз. Тіл табысу үшін мінсіз сөйлеу міндетті емес, ортақ қызығушылық пен көзқарас болуы міндетті деген сөз осыдан айтылса керек», – дейді Санияттың анасы.

Болгарияға барғанда...

Болгарияда өтетін байқауға шақырту алған соң Саният, әкесі және анасы әуежайға аттанғанда бір қиындыққа тап болыпты. Қазір оны қызық оқиға деп еске алады екен.

Санияттың конькиі салынған жүкті лентаға салғанда бір қателік болып, Болгарияға конькисіз аттаныпты. Оны шет елге барғанда бірақ біліп, шабаданға іздеу салған. Сөйтсе, жүк Алматыда қалып қойыпты. Бұл оқиға Саният пен бапкерін алаңдатты. Себебі әр мәнерлеп сырғанаушының үйренген кәсіби конькиі өте маңызды екен. Байқауға қатысатын басқа үміткерлер екі-үш күн бойы мұзға шығып, композициясын қайталап, бой үйретіп жүргенде Саният пен бапкері Қазақстаннан келетін шабаданды күтумен болыпты. Бағына орай елшіліктің көмегімен мәселе шешіліп, коньки уақытында жетіп, Саният үлкен мұз айдында «Мулан» композициясын сәтті орындап шығыпты. 

«Шет елге барғанда қай елден келгенімізді сұрайды, қытай,  жапон деп ойлайды. Қазақстаннанмын десең ойланып қалады. Ал Денис Теннің еліненмін деп айтсаң, бірден түсінеді», – дейді Саният. Болашақта Саният Нұрболқызының еліненмін деп айтатындай жетістікке жет деген тілекпен қоштастық.

P.S. Биыл қыста мұзға айналған Қапшағай су қоймасы хитке айналды. Осы кезде кең байтақ мұзды алқапта конькимен сырғанаған кішкентай қыздың видеосы желіге тарап, көпшілікті тәнті еткені естеріңде шығар? Саният Нұрболқызы – сол композицияны орындаған спортшы. 

Анасының айтуынша, спортқа барғалы Санияттың денсаулығында оң өзгеріс көп байқалған. Иммунитеті нығайып, тұмаумен ауырмайтын болған. Сөйлеу дағдысы да дамыған. Ата-анасы алғашында Санияттың денсаулығы мен қалауы үшін ғана қорқа-қорқа мұз айдынына шығарса, қазір қызының болашағынан, спорт саласындағы карьерасынан үмітті. Біз де Саниятқа үлкен сенім артамыз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №11
16 наурыз 2021 жыл

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор