• Толағай
  • 15 Наурыз, 2021

Александр Меркель, Қазақстан құрамасының ойыншысы: Қазақстанда ойнау мен үшін үлкен мәртебе

Алматы іргесіндегі Есік қаласында дүниеге келіп, бала кезінде Германияға көшіп кеткен Александр Меркель 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алған болатын. Содан бері ұлттық құрама сапында 3 ойынға қатысты. Бірақ матчтардың көбіне шақырту ала қоймайды. Оның себебі – төлқұжаты заңсыз деген сыбыс. Футболшы Transfermarkt.ru порталына берген сұқбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап беріпті. Біз сұқбатты ықшамдап, қазақша нұсқасын ұсынып отырмыз.

Айта кетейік, Александр Меркель былтыр Сауд Арабиясының «Әл-Фейсали» клубына ауысқан. 

– «Милан» сапындағы алғашқы ойыныңды 18 жасыңда өткіздің. Бірден команданың плеймекері болу бақыты бұйырды. Осындай кезде саған көңіл аударғандар көп болған шығар?

– Шектен тыс көпшіліктің көңіл аударуы футболшы карьерасының алға жылжуына кедергі келтіреді. Әсіресе, жас әрі тәжірибесіз футболшыға қиын. Мұндай уақытта бар ойыңыз футболда болуы керек. Кейде осындай сәттер адамды мезі етеді. Кәсіби спортшы ретінде оның бәрінен өтуіңіз қажет. Шыны керек, ешқашан ондай қатты назар аударуды қалаған емеспін. Бірақ оны жайдан-жай тоқтата салу да оңай емес. Сол кезде көпшіліктің назарына неліктен түскенімді түсінгім келеді. Бәлкім, көпшіліктің күткені орындалмағаннан болар. Өзіме Роналдиньо, Златан Ибрагимович, Андреа Пирло, Алессандро Неста, Дженнаро Гаттуза секілді футбол аңыздарымен бірге жаттығып,  алаңда ойнағаным – орындалған арманымның бірі. 

– Германия Бундеслигасында ойнауға құлшыныс болды ма? 

– Иә, әрине, Бундеслигадан ұсыныс болды. 2014 жылы «Удинезеде» ойнап жүргенімде шақырту түсті. Екі клуб нақты ұсыныспен хабарласты. Бірақ клуб басшылығы мені «Уотфордқа» жалға жіберді. Клуб президентінің талабын орындауға тура келді. Өйткені келісімшартымның мерзімі бітпеген еді. Басшылықты соңғы сәтке дейін Бундеслигада ойнауым ең дұрыс шешім екеніне көндіруге тырыстым. Алайда футболда адамгершілік кейде екінші орында қалып жатады. Өкінішке қарай, Англиядағы Чемпионшип маған сәйкес келмеді. Бұл жағдай көңілімді қалдырды. Әйтпесе, Бундеслигада өзімді көрсетуге мүмкіндік болар еді. Кейде адамның қалауының бәрі орындала бермейді. Жағдайдың осылай өрбігені қынжылтқаны жасырын емес. 

– Бұрынғы ойнаған клубыңыз «Бохум» жартылай қорға-нысты ганалық Раман Чибсамен күшейтті. Ал сізді қайта шақырмады ма?

– «Бохум» – өте жақсы клуб. Ойын жағынан бәрі бірдей көңілімнен шықпаса да, жақсы уақыт өткіздім деп санаймын. Бірақ қайтадан шақыру туралы ешқандай ұсыныс болмады. Биыл «Бохум» Бундеслигаға оралады деп үміттенемін.

– Әлі де Бундеслигада ойнау туралы мақсат бар ма? 

– Мен реалист адаммын. Ондай мүмкіндік болады деп ойламаймын. Әйтпесе, өзім тәрбиеленген «Штутгартта» қайтадан ойнап жатсам, керемет болар еді. Енді менің мақсатым – алаңдағы әр минуттан ләззат алу және өмірде кейінірек керегіме жарайтын тәжірибе жинақтау. 

– Соңғы жылдары Алмелоның «Хераклес» клубында өнер көрсеттің. Бұл кезеңді қалай бағалайсың?

– Футболдағы карьерамның ең сәтті кезеңі. Клуб маған сенім артты. Бапкерлер штабының үмітін ақтап, көшбасшы ойыншылардың бірі болдым. Эредивизи менің стиліме сәйкес келді. Команда қысқа пастармен ойнауға тырысады. Кейбір командалар секілді физикаға емес, техника мен тактикаға мән береді. Сол жағы ұнады. Бұл басымдық техникалық арсеналы жоғары ойыншылардың көптеп шығуына ықпал етті. Осы күні Мәскеудің ЦСКА клубында жүрген Чидер Эджукені айтуға болады. Ол нағыз зымыран секілді жылдам ойыншы. Эджуке бір өзі үш футболшыны оп-оңай алдап өте алады әрі футболға қарым-қатынасы керемет. 

– Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, осы күні қорғанысқа жақын ойнайсың...

– Дұрыс байқаған екенсіз. Иә, шынымен «Хераклесте» менің позициям өзгерді. Осы күні тіреуіш қорғаушы немесе заманауи стильдегі бокс-ту-бокс стилінде ойнаймын. Бұл позицияда өзімді қолайлы сезінемін. Шабуылға жақын шеп немесе қапталда ойнағаннан осы ыңғайлы. Мұнда допқа көбірек иелік етіп, ойынды өрбітуге көбірек мүмкіндік бар. Орталық алаңды қауіпсіз ұстап, шабуылды өрістету жеңілірек. «Хераклесте» ойын элементі бірінші орында болды. Дәл осындай стиль маған көбірек келеді. Өте жылдам арада жаңа позицияға үйреніп, өзімді суда жүзген балықтай сезіндім. Оның үстіне, бапкердің сенімі де қосымша күш берді. 

–  Бәрі жақсы болса, неліктен Алмелодан кетуге шешім  қабылдадың?

– Қалуға болар еді. Бірақ жаңа команда іздедім. Сауд Арабиясына ауысуым дұрыс шешім деп санаймын. Мен әртүрлі елге барып, жаңа мәдениетпен танысудан қорықпаймын. 

– Еуропа клубтарынан ұсыныс болды ма?

– Иә, болды. Ресейдің бірнеше командасынан хабарласты. Сосын екінші Бундеслига мен Қазақстаннан ұсыныс түсті. Бірақ «Әл-Файсали» қатты қалады. Үш ай бойы көндіруге тырысты. Олардың ұсынған келісімшарты басқалармен салыстырғанда қолайлы еді. Мен Сауд Арабиясына ауысқанда «бәрі ақша үшін кетіп бара жатыр» дегенін білемін.

– Ондай ойдың туындауына себеп болып тұр ғой...

– Ақшаның да маңызды рөл ойнағанын жоққа шығармаймын. Тіпті «Мерседес» компаниясының инжерінің өзі бірнеше жылға Қытайға барады. Өйткені қаржы жағынан өте тиімді әрі карьераңа да пайдасы тиеді. Футболдың ғұмыры қысқа. Бір сәтсіз маусым ойнасаң немесе жарақат алсаң, бәрі спорттық карьераңа нүкте қойып тастайды. Сосын футболдан кейінгі өмірді ойлау керек. Егер футболда жүріп, белгілі бір соманы жинай алсаң, алдағы уақытта отбасына жаратасың. 90-жылдардың соңында Германияға мигрант ретінде келгенімізде бізде ештеңе болған жоқ. Ал қазір отбасым ешқандай мұқтаждық көріп отырған жоқ. Мұның бәрі футболдың арқасы.  

– Сауд Арабиясының кәсіби лигасын Еуропа чемпионаттары-мен салыстырсақ, қалай бағалар едің? 

– Шыны керек, жергілікті лиганың деңгейіне таңғалдым. Чемпионатта физикалық дайындыққа ерекше мән береді. Сонымен қатар алғашқы бестіктегі командалардың ойыны өте жақсы. Мұнда кез келген фаворитті ұтып кетуі мүмкін. Оның бәрі чемпионаттың қызықты әрі тартысты болуына түрткі болады. Сауд Арабиясының кәсіби лигасы Таяу Шығыстағы үздік лига саналуы жайдан-жай емес деп ойлаймын. Ал жалпы Азия көлемінде алғашқы төрттікке енеді. Еуропамен салыстырсақ, ТОП-15 чемпионаттың қатарына қосылары сөзсіз. Шынымен де біріншіліктің деңгейі жоғары. Бірнеше тәжірибелі ойыншы бар. Қытаймен салыстырғанда легионерлерге қатаң регламент жоқ. Мұның бәрі легионерлердің көптеп келуіне мүмкіндік береді. 

– Алматы қаласында дүниеге келгенсің. Қазақстанда қай клубқа бүйрегің бұрады?

– Қазақстанда «Қайратқа» жанкүйермін. Өйткені өзім дүниеге келген қаланың намысын қорғайды. Олар былтыр чемпион болғанда қатты қуандым. 

– 2020 жылдың күзінде Қазақстаннан алған төлқұжатыңа қатысты ыңғайсыз жағдайлар болды. Ақпарат құралдары Қазақстан азаматтығын заңсыз алғаныңды жазды. Ұлттық құраманың күздегі ойындарына келе алмауыңды осымен байланыстырғандар көп болды.

– Тақырыпты ойнатып беру үшін БАҚ айғайлатып айта береді. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Мен Қазақстанда дүниеге келдім. Балалық шағымның көп бөлігін осында өткіздім. Сондықтан өзімді Қазақстан азаматы санаймын. Кез келген уақытта туған елімнің төлқұжатын алуға құқығым бар еді. Алайда оның мерзімі бітті. Федерация уақытында қолұшын соза алмады. Бұл халықаралық ойындарға келе алмауыма себеп болды. Қазақстан футбол федерациясы төлқұжаттың мерзімін ұзартуға байланысты көмек қолын созуға дайын. Сол кезде наурыздағы ойындар кезінде ұлттық құрамаға көмектесе алар едім. Наурызда әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі маңызды матчтар бар. Әрине, мен бюрократиялық кедергілерге байланысты командаға көмектесе алмайтын шығармын деп қорықтым, бірақ пандемияға байланысты көп нәрсе кешігіп жатыр.

– Жалғыз бұл жағдай емес, жалпы Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің саған аса қатты іші жылымайтын секілді...

– Бірнеше жылдан бері мен туралы БАҚ не жазатынын оқымайтын болғанмын. Жақсыны да, жаманды да оқымаймын. Бірақ бұл БАҚ-тың маған деген қарым-қатынасы дұрыс емес дегенді білдірмейді деп ойлаймын. Бәлкім, Қазақстанда ешқашан доп теппеген соң, бұл елге қатысы жоқ деп санайтын болар. Жай ғана Қазақстанның төлқұжатын алған, федерацияның шақыртуымен ақша үшін ойнап жүрген кезекті легионердің бірі деп қарайтын шығар. Өйткені құрамада мұндай футболшылар бұрын көп болды. Осындай негатив жағдай маған да әсер етсе керек. Алайда мен үшін Қазақстан құрамасында ойнау үлкен мәртебе. Бұл жерде ата-анам, бауырларым дүниеге келген, өзім де осында тудым.

– Алғаш рет Қазақстан құрамасына 2015  жылы шақырды. Содан кейін үш жыл бойы бірде-бір матчқа қатысқан жоқсың... 

– Мен шақыруды еш ойланбастан қабылдадым. Футболдағы тәлімді Германияда үйренгеніме қарамастан, менің тамырым Қазақстанмен байланысты. Заманауи қоғамда екі мемлекетті бірдей өз отанындай көру қалыпты құбылыс деп санаймын. Ондай мысал өте көп. Ресей құрамасында жүрген Денис Черышев менің жасымда Испанияға кетті. Ол Ресей құрамасындағы маңызды футболшының бірі. Командасына жиі көмектесіп тұрады. Жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерінің сеніміне өзімнің жақсы ойыным арқылы қол жеткізе аламын деп ойлаймын.  

2015 жылы Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы ойынымды өткізген соң, бір аптадан кейін аяғымды сындырдым. Сөйтіп, біраз уақыт алаңға шыға алмадым. Сосын бір жыл «Бохум» сапында өнер көрсеттім. Бірақ ойыным аса сәтті бола қойған жоқ. Жиі жарақат алып, ойын тәжірибесі аздау болды. Тек Алмелоға барғанымда ғана деңгейімді көрсете алдым. Бірінші айналымнан кейін, яғни 2019 жыл-дан бастап қайтадан құрамаға шақырту келді. 

– Қазақстан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамаларымен кездеседі. Мүмкіндікті қалай бағалайсың? 

– Жеребеде жолымыз бола қойған жоқ. Өте қиын топқа түстік. Алғашқы екі ойынды үздіктермен бастаймыз. Франция әлем чемпионы, одан кейін топтағы екінші мықты Украина күтіп тұр. Жанкүйерлерге жалған үміт бергіміз келмейді. Шындыққа тіке қарауымыз керек. Бірақ бұл ойындар біздің команда үшін өзімізді көрсету мүмкіндігі. Сол кезде Қазақстан құрамасына назар аударатындар көп болады. Алаңдағы әрбір ойыншы жанын салып ойнауы керек. Жанкүйерлер Қазақстан құрамасының футболшыларымен мақтанатындай өнер көрсету қажет. 

– Бірнеше жыл бұрын Ресейге ойнағысы келеді деген сыбыс тарады. Рас па? 

– Оның бәрі жай ғана сыбыс. Мұның бәрі ресейлік газеттердің біріне берген сұқбатымнан кейін тарады. Ол кезде жасым 17-18-де болуы керек. Бозбала жігіттің фантазиясы ғой. Шындыққа еш сәйкес келмейді. 2008-2010 жылдары Аршавин, Жирковтар ойнағанда Ресей құрамасының деңгейі мықты болды. Еуропа чемпионатының жартылай финалына жайдан-жай жеткен жоқ. Сол кезде бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан Германияда тұратын әрбір мигрант Ресейге жанкүйер болды. Мен әлі де Ресей құрамасына жанкүйерлік етіп тұрамын. Тек бізбен ойнағанда емес (күлді). Бірақ Ресей құрамасында ойнау туралы ұсыныс болған емес. Спорттық карьерамда тек Қазақстан құрамасынан ғана шақырту алдым. 

Дайындаған
Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №11
16 наурыз 2021 жыл

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор