• Толағай
  • 08 Наурыз, 2021

10 жасар әлем чемпионы

Алматы облысы Шахмат және үстел ойындары спорт мектебінің оқушысы Елназ Қалиахметтің есімі ел аузында. Былтыр Грузияның шахмат федерациясы рапидтен өткізген онлайн әлем чемпиона-тында күміс медаль алды. Классикадан Қазақстанның үш дүркін чемпионы болып, рапидтен екі дүркін чемпион атанған. Елдің даңқын асырған Елназбен және әкесі Бақдәулетпен әңгімелескен едік. 

– Онлайн болған қиын екен. Интернет істемей қалуы мүмкін. Қарсыласпен қатар ойнаған жақсы. Классиканы жақсы көремін. Онда ұзақ ойланасың. Бір күн бұрын алтын не күміс алатыным белгілі болды. Бірақ күміс медаль алдым. Аздап қобалжыған шығармын. Бөлмеде жалғыз отырдым. Камера қосулы тұр, бөгде адамның кіруіне рұқсат жоқ,  – дейді Елназ.

Әкесі: Онлайн әлем чемпионаты екі кезеңнен тұрды. Алдымен бес құрлықта іріктеу ойындары өтті. Елназ Азия құрлығындағы үштікке ілініп, екінші кезеңге жолдама алды. Әр құрлықтан үш ойыншы және рейтинг бойынша бірінші тұрған ойыншы қосылды. Сөйтіп, ақтық сында он алты бала бақ сынады.

Ақтық кездесу жұптық ойындармен (бір ойын ақ таспен, екіншісі қара таспен ойнатылып) 1/8, 1/4, 1/2 финал түрінде өтті. Егер жұптық ойында жеңімпаз анықталмаса, армагеддон түрімен қарсыластың тағдыры шешіледі. Яғни, жеребе тасталып, ойнайтын тастардың түсі анықталады. Ақпен ойнайтын ойыншыға 5 минут, қара түске 4 минут беріледі. 

Бірінші жұптық кездесуде алжирлік, ширек финалда поляк, жартылай финалда орыс, ақтық сында АҚШ ойыншысымен кездесті. Ойындар кешкі 21:00-23:00 аралығында өтті. Бізге ең бастысы уақыт болды. Бапкерімен ақылдасып, шахмат үйірмесінде өткіздік. Үйде өтсе, бала жайбарақат болуы мүмкін дедік.

– Алтын алуға не кедергі болды? 

Әкесі: Оның бірнеше себебі бар. Шахматта ең бірінші психологиялық дайындық жақсы болуы керек. «Ұтылсам да, күміс медаль қалтамда» деген ойы болды ма екен, білмедім... Қарсыласқа қатысты ойын дайындығы мен жарыстың өту уақыты ыңғайсыз болды. Жіберген қателікті енді қайталамаймыз.  

Елназға рапидтан гөрі классика ұнайды. Жаттықтырушысы «шахматтың негізгі – классика, содан кейін рапид пен блиц» деп жиі айтады. Балаларға ұстаздың сөзі маңызды ғой. Содан болар, классикаға көбірек көңіл бөледі.  Жеңіліп қалса, көңілсіз жүреді. Олай жүргенін қаламаймын. Тез ұмыттырып жіберуге тырысамын.

–  Осы кезге дейін қандай жарыстарға қатыстыңыздар? 

Әкесі: 2019 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында алтын алдық. Бұл Алланың берген сыйы еді. Өйткені соңғы 9-турға дейін грузиялық Кесариямен ұпайы тең болды. Тең болғанымен, қарсылас бірінші орында тұрды. Бір қызығы, ол соңғы турда қазақ қызы Диана Тыныштықтан ұтылып қалды. Сөйтіп Елназ 1-орынға, Раян 3-орынға шықты. 

Елназ: Кесария іріктеуден өтпеді ғой деймін. Бұл жолы онлайн чемпионатқа қатыспады. 

Әкесі: 2018 жылы Таиландта блицтен 8 жасқа дейінгі балалар арасында өткен жарыста Азия чемпионы атанды. Елназдың халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістігі. Бұл жарыс та біз үшін қызық өтті. Рапидтен 4-орын алып, медальсіз қалдық. Классикадан да жағдай мәз емес еді. Соңғы үміт блиц болатын. Бір айдан кейін Беларусьте рапид пен блицтен әлем чемпионаты өтті. Рапидтен қола медаль бұйырды. 2018 жылы қарашада Өзбекстанда Батыс Азия чемпионаты өтті.  Бұл жарысқа Испанияда өткен әлем чемпиона-тынан кейін қатысты. Арада демалуға уақыт та болмады. Батыс Азия чемпионатында классика мен блицтан 9 жасқа дейін жеткіншектер арасында чемпион атанды. Негізі Азияда Қытай, Үндістан, Моңғолия, Иран, Өзбекстан сияқты елдердің балалары мықты. Олар күніне 6-7 сағаттан дайындалады. Кейбірінде жеке жаттықтырушы бар. Жалпы дайындықтары ұқсас. Есеп шығарады, жиі-жиі турнирге қатысады.

–  Қандай қарсыластарың бар?

Елназ: Өте көп. Әлемдік деңгейде Қытай мен Үндістанның шахматшылары мықты. 

Әкесі: Елде де мықты қарсылас жетерлік. Зарина Нұрғалиева, Малика Жаппарбекова, Диана Тыныштық, Раян Жұмағали, Айлин Зарқым.

–   Достарың каникулда қыдырып жүргенде сен жарысқа дайындалып жүрдің. Оларға қызығатын кезің бола ма?

Елназ: Алматыдағы 173 мектеп-лицейдің 4-сыныбында оқимын. Шахмат алғыр болуға, жоспар құруға көмектеседі. Уақытымды босқа өткізбегеніме қуанып, ата-анама алғыс айтамын. Румыния, Бразилия, Беларусь, Таиланд, Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдерді көрдім. Күніне 2-3 сағаттан дайындаламын. Үлкен жарыстың алдында 4-5 сағат дайындыққа кетеді. Чемпион болғысы келетін достарым көп. Оларға ерінбей есеп шығарып, асықпай ойланған дұрыс. «Жарысқа барамын» деп сабақтан сұранамын. Келген соң өткен тақырыптарды қайталаймын. 

– Кімдерді үлгі тұтасың?

Елназ: Магнус Карлсен, Хоу Ифань, Юдит Полгар. Елімізде Динара Сәдуақасова. Кумирім – гроссмейстер Михаил Таль. Тальдің ойынында күтпеген жерден ферзь сияқты мықты фигураны «құрбандыққа» беріп, қарсыласты тығырыққа тірейтіні ұнайды. 

– Шахматты кімнен үйрендің?

Елназ: Әпкем Елдана үйретті. Ол кезде 8 жаста болатын. Қазір жасы 14-те, Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Жарысқа сабақтан бос уақытында қатысады. Ол да шахматтан чемпион. Үйде інім Елсұлтан бар. Жарысқа кеткенде бауырларым мені уайымдайды. Нәтижелеріме қарап, жанкүйер болады. 

–  Әдетте балалар ойланғанды, есеп шығарғанды ұнатпайды. Үлкен қызыңыз Елдана да шебер ойыншы. Балаларыңызды шахматқа қалай қызықтырдыңыз? 

Әкесі: Алдымен шахматты жай бір ойын түрінде көрсеттім. Әр фигураның жүрісін көрсетіп, тура сол фигура сияқты үй ішінде жүретінбіз. Барлық жүрісті үйренгеннен кейін тақта үстінде жүруді үйрендік. Оны да ойын түрінде түсіндіруге тырыстым. Мысалы, «Сен, қолбасшысың! Мынау әскерің! Өзіңнің мықты екеніңді көрсет, қанеки!» – деймін. Басында 5 ойын ойнасақ, 4 ойын-ды жеңіліп, соңғы ойынды тең ойнап жүрдік. Бірте-бірте, жеңіс пен жеңілісті теңестіре бастадық.

Өздері қол жеткізген жетістік-тері үшін мақтап, еркелетіп қоямын. «Кез келген мәселені өздерің шешуге тырысыңдар» деп айтамын. Әрине, бұл өздері шеше алатын мәселе болса. Соңында қате болса, неге олай болды деп бірге ойланамыз.

Бала тәрбиесі өте қиын мәселе. Баланың ойын түсіну үшін оның көзімен қарай білу керек. Біз ата-ана ретінде әрдайым мұндай ұстанымда бола бермейміз. Біздің өзімізге көп нәрсе жетіспей жатады.

Әңгіме кезінде ең бірінші жарысқа қатысып, разряд алған сәті есіме түсіп кетті. Ол кезде бес жастан енді асқан. Турнир Жансая Әбдімәлік шахмат академиясында өтті. Мақсатымыз – 4-разряд алу. Разрядқа арналған турнирде бес жастағы баладан жетпіс жасқа дейінгі қариялар ойнай береді. Бала деген жарыста шыңдалады екен ғой. 

Гүлфарида 
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №10
9 наурыз 2021 жыл

459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор