• Бірінші байлық
  • 02 Наурыз, 2021

Дұрыс тамақтану мәдениеті – денсаулық кепілі

Достар, дұрыс тамақтанып жүрміз деп ойлайсыңдар ма?  Күнделікті рационда қандай азық-түлік өнімдері бар екеніне мән бересіңдер ме? Әлемдегі бүкіл аурудың 60%-ы дұрыс тамақтанбаудан болатынын білетін шығарсыңдар... «Ұланның» өткен санында коронавирус инфекциясы туралы «медициналық журналистика» курсынан білгенімді бөлісіп ем. Осы курс аясында білікті маманнан естіп-білген тағы бір ақпаратты өздеріңе айтуды парыз санаймын. Х.Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің Нутрициология кафедрасының меңгерушісі Майгүл Қайнарбаеваның «Нутрициологияның өзекті сұрақтары» деген лекциясынан алынған пайдалы кеңестерді назарларыңа ұсынамын.

Тамақтану мәдениеті

Тамақтың пірі бар, қасиеті бар деп жатамыз. Үйде үлкен кісілер, ата-әжеміз дастарқан басына келіп отырмайынша, табаққа қол созбаймыз. Алдымен үлкен кісі бата беруі керек, сол кісі бірінші қол салып, дәм алғаннан кейін ғана біз тамақтана бастаймыз. Қазір бұл мәдениетімізді жоғалтып бара жатқандаймыз. Осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керек. Біріншіден, бұл мәдениет дастарқанның басында отбасы мүшелерінің бәрі бір уақытта жиналуына мүмкіндік береді, яғни бірлігіміз нығаяды. Екіншіден, үлкендерге кішілердің күні бойы немен айналысқанын қадағалауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, үйдің тамағын тұтынуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, жастар үлкендермен бірге дастарқан басында отырғанда, ешкім де тамақтан басқа нәрсеге алаңдамайды.  Яғни гаджет ұстамайды, теледидар көрмейді, планшетке қарамайды. Адам тамақтанғанда тек тамақтану процесімен айна-лысуы керек. Бұл не үшін маңызды деп ойлайсыз? Өздеріңіз байқасаңыздар, тамақ ішіп отырғанда, қолдарыңыздан ұялы телефон түспеуі мүмкін. Солай ма? Неге артық салмақ жинап жатырмыз? Неге осындай түрлі ауруға шалдығып жатырмыз? Себебі біз не жеп отырғанымызды білмейміз, оның дәмін де сезіп үлгермейміз, оны шайнап та үлгермейміз. Әсіресе, қыздарға айтарым, қанша жеп қойғанымызды білмейміз. Артық жеп қоямыз да, «ертеңнен бастап арықтаймын» дейміз. 

Балаларды өзіміз жаман үйретеміз

Ересек адамдар таңдауын әрдайым жасай алады, қанша жарнама көрсе де, мынау маған ұнайды, мынау ұнамайды, мынаны жеймін, мынаны жемеймін деп шешім қабылдай алады. Ал балалар ше? Олардың психикасы тұрақтанған жоқ. Балаларда көзбен көру қабілеті өте жақсы дамыған, нені көрсе, соны жегісі келеді. Кез келген хабарды көріп отырсаңыздар да, балалар мультфильм көріп отырса да, ортасында  жарнама жылт етіп шыға келеді. Жарнамада тәтті тағамдар, газдалған сусындар, балаларға арналған әртүрлі шырындар көрсетілетіні анық. Оны көрген бала ата-анасымен дүкенге барғанда, көргенін мін-детті түрде сұрайды. Ата-ана баласы жыламасын деп, сұрағанын алып бере салады, солай ата-ана өзі баланы жаман үйретеді. Фастфуд өнімдері де дәл сол секілді... Демалыс уақытында ата-аналар балаларымен бірге болғысы келіп, түрлі демалыс орындарына, киноға апарған кезде міндетті түрде фастфуд тағамдарына соғады. Бала көзге қызық болған дүниені сұрауы мүмкін, ата-ана баланың сұрағанын толығымен алып береді.  Бірақ келесі жолы оны бала тағы да сұрайды. Бала оны зиянды тағам деп емес, отбасымен өткізген керемет уақыт деп есінде сақтап қалады. Бала ертең жасөспірім болған кезде «мен ата-анаммен осындай тағам алғанмын» деп, тағы да сол тағамды тұтынады. Бала есейген сайын мұндай орындардың әрдайым тұрақты  тұтынушысы болады. Сондықтан да баланы кішкентай кезінен бастап өзіміз үйретпеуіміз керек. Егер бірінші рет ата-анасы шоколад, фастфуд өнімдерін сатып алып бермесе, бала оның дәмін мүлдем білмейді. Сондықтан баланы басқара алатын уақыт болды. Басқара алатын уақыт – ата-ананы тыңдайтын уақыт. Сол кезде мүмкіндігінше баланың денсаулығына жақсы іргетас қалау үшін дұрыс, пайдалы тағамдармен, сүт өнімдерімен, көкөніс, жеміс-жидектермен әбден қоректендіріп, дайындау қажет. Ересек өмірге дайындау керек.

Мұның бәрі үйдегі тамақтану мәдениетінен басталады. Тамақтану мәдениеті – үлкен кісілерді күтпей жатып, дастарқаннан тұрып кетпеу. Ол не деген сөз? Ол әрқайсыңызды асықпай жеуге үйретеді. Асықпай, тамақты мұқият шайнап, одан ләззат алып, рақаттанып, порция-сымен жегенге асқазан толып қалмайды. Өйткені тамақтану кезінде 20 минуттан кейін ғана асқазаннан миға алғашқы сигнал беріледі. «Асқазан толды, тамақты тоқтат» деген сигнал барады. Ал біз не істейміз? Қарнымыз ашып келгенде, тоңазытқыштағы нәрсенің бәрін дастарқанға шыға-рып, тәтті ме, ащы ма, ештеңеге қарамастан тойып жеп аламыз. Бір кезде жүре алмай, тыныс алуымыз нашарлайды. Ештеңеге зауқымыз соқпай, төсекке қисайып жата қалғымыз келеді. Неге? Өйткені 20 минутқа жеткізбей, 10-15 минутта асқазанның сыйымдылығын толтырып тастадық.

Тамақтануға қатысты көзқарас өзгерді...

Қазір тамақтануымызға қатысты қалыптасқан көзқарас өзгерді. Азық-түліктің құрамында зиянды майлар өте көп. Үйдегі тамақтану мәдениетін құрастыру аналарымызға тікелей байланысты. Анамыз не дайындаса, отбасы мүшелерінің бәрі соны жеуге мәжбүр. Егер әйелдер күнде қуырылған тағам даярлайтын болса, бала да, қария да соны жейді. Бірақ балаларда ауыр тағамдарды қорытатын ферменттер әлі қалыптаспауы да мүмкін. Үйде қарт адам болса, ол да оны жей алмайды. Ол кісіде қорытатын фермент қалған жоқ. Сондықтан әр жас мөлшерін ескеру қажет. 

Сағат түнгі оннан кейін тоңазытқыш есігі ашыла бастайтыны рас па? Әсіресе, жастар түнімен ұйықтамай, әлеуметтік желіде отырады. Іші пысып, оларға қосымша ауызға бірдеңені салып отыру керек болады. Ең қызығы, консультацияға келетін артық салмақты әйелдің көбі үй шаруасындағы аналар. «Мен ештеңе жемеймін, бірақ салмағым 100 келі болып кетті. Неге семі-ріп кеттім?» – дейді. Көбіне көпбалалы аналар балаларынан қалған тамақты обал болмасын деп ішіп қояды немесе телефонға қарап отырып, артық жеп қояды, солайша қанша жегенін білмейді. 

Бұрын үлкен кісілер: «Алма же, алмада темір көп болады», – дейтін. Шын мәнінде, ол кезде алма темірдің мол көзі бола алды. Ал бүгінде, 50 жыл өткеннен кейін алманың құрамындағы темір 65%-ға төмендеп кеткен. Алмадан қазір темір ала алмаймыз. Темірдің көзі – тек қана етте. Анемиясы бар адамдар ет жеуі керек. Бұрын бір картоп пен бір алмамен-ақ тапшы болған темірді толтыра алатын едік. Ал қазір бұлай толтыра алмаймыз, өйткені бұрынғымен салыстырғанда бақша өнімдерінің құрамында дәрумендердің, темірдің жартысынан астамы жоқ. Бұл экологиялық ортаның өзгеруіне, ауаның, топырақтың шаршауына байланысты. Сондықтан да келешекте дұрыс тамақтану бұдан әлдеқайда өзекті болары анық.

Ұлттық тағамдар денсаулыққа зиян ба?

Ет тағамдары – нағыз денсаулыққа пайдалы өнім. Себебі ет суда қайнайды, жаймасы да, картобы да суда қайнайды. Ет тағамдарын қалай дайындау адамның өз еркінде. Еттің майлы бөліктерін алып тастап та асуға болады. Екіншіден, әрбір адам өзінің тамақты тұтыну нормасын білуі керек. Ер адамдар күніне 200 грамм ет жесе, пайдалы болмақ. Ал біз не істейміз? Килограмдап етті асамыз. Бұл адамға, әрине, артық болады. Әйелдер 100-150 грамм ет тұтынса жеткілікті. Сонымен қатар, адамның дене қозғалысына байланысты да етті тұтыну есептелінеді. Мысалы, шахтер мен информатика саласының маманы екі түрлі күйде жұмыс атқарады. Мұны да есептеуіміз керек. Қуырдақ та – өте дәмді, өте пайдалы тағам. Бірақ, тек майлы болмаса ғана. Еттің құрамында микроэлементтер мен дәрумендердің бәрі бар дейміз. Онда неге балалар мен әйелдерде темір жетіспеушілігі жоғары? Себебі олар қуырдақты, ет тағамдарын шәймен бірге тұтынады. Әсіресе, тамақтың артынан дереу сүт қатқан шәй ішіп алады. Еттің құрамындағы пайдалы элементтердің бәрін шәй ыдыратып жібереді, ағзаңызға бір тамшы пайдалы дәрумен бармайды. Мүлдем шәй ішпеңіз деп айтпаймын. Ет жеген соң, 30-40 минуттан кейін ғана шәй ішуге болады. Еттің құрамындағы пайдалы элементтердің ағзаға сіңуіне мүмкіндік беріңіз. Кезінде көшпелі тірлік кешіп, мал баққан ата-бабамыз кешкісін ғана тамақ ішкен, батырлар бір қойдың етін бір-ақ асап жейді дейміз. Олар еттен кейін қымыз ішкен. Ал қазір біз қымыз ішеміз бе? Ішкіміз келеді, бірақ қолжетімді емес. Қымыз ауыр тамақты тез қорытуға көмектеседі. Қымыз – мықты катализатор. Оның үстіне, неге жылқының етін жейміз?

Себебі қой мен сиырдың  еті ауыр сіңеді. «Қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиыр еті – таң сарғайып атқанша, жылқы еті – төсегіңе жатқанша» деген қазақта жақсы бір сөз бар. Сол үшін де жылқының етін жейді және қымыз еттің тез сіңірілуіне көмектеседі. Қымыздың пайдасы оның күштілігіне байланысты. Үш күндік, бес күндік қымызды іше алмаймыз, асқазанымыз көтере алмауы мүмкін. Бір күндік қымызды іше аламыз. Қымыздың құрамында аз мөлшерде этанол бар. Ол адамның шаршағанын басады, сергітеді, босаңсытады, демалуға мүмкіндік береді. Бірақ біз ата-бабамыз секілді ет жей алмаймыз, етті олай жеудің қажеті де жоқ. Мұнша етті қорытатын ферменттеріміз өзгеріп кеткен, өйткені біз ата-бабамыз секілді мал бақпаймыз, аттың құлағында ойнамаймыз, егін егумен айналыс-паймыз. Қажет десеңіздер, жаяу да жүрмейміз. Мол энергия жұмсамағандықтан, асқазандағы ферменттер қорыта алмайды.

Тәжірибелі де білікті маман Майгүл Қайнарбаеваның баяндамасынан кейін бір ойға келдім. Газдалған сусындар мен тәттілерден біртіндеп бас тартуға тырысып жүрмін. Ал ең қиыны не екенін айтайын ба? Жеті жастағы сіңлімнің мүлдем дұрыс тамақтанбайтынын байқадым. Тәтті жейді, қант қосылған шәй ішеді. Күнделікті жейтіні – тек тәтті. Өзіміз жаман үйретіп алғанымызды кеш түсініп отырмын. Қазір сіңлімнің дұрыс тамақтануына мейлінше мән беремін, алайда ерке бала қайдан түсінсін, қиғылық салып, ренжитіні анық. Біз баланы әу баста басқара алуымыз керек еді. Қанша дегенмен де, ештен кеш жақсы. Достар, сендер де іні-қарындастарыңды, сіңлі-бауырларыңды дұрыс тамақтануға шақырып, денсаулығымыз үшін күресе білейік. 

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

 

4675 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор