• ҰЛАН
  • 02 Наурыз, 2021

Майя Веронская, тележүргізуші, актриса: Қазақ тілін үйренуге саналы ғұмырымды арнадым

Газетімізге жазып жүрген оқырманның көпшілігі журналист болуды армандайды екен. Жақында газетімізді жиі оқып отыратын оқырманымызбен әңгімелескен болатынмын. Қандай журналистерді үлгі тұтатынын сұрап едім,  біраз тәжірибелі, танымал журналистің аты-жөнін тізіп шықты. Соның ішінде Майя Веронская да бар. Біз Мая ханымды әңгімеге тарттық.

– Абай атындағы педагогикалық  университеттің филология факультетін бітірдім. Журналист мамандығында оқыған өте жақсы деп ойлаймын. Алайда шарт емес. Журналистика мамандығын бітіріп, осы салада қызмет етіп келе жатқан жандар өте көп. Бірақ басқа салада оқып, жүрегі журналистика деп соққан адамдар да бар. Олар басқа салада оқығанымен, журналистикада қызмет етіп келе жатыр. Журналист, тележүргізуші, сценарист, редактор болу үшін тіл байлығы мол болуы керек. Сауатты сөйлеп, ойды қызықты етіп жеткізе алу, жаза білу маңызды. Адамдармен тез тіл табыса білу керек деп ойлаймын. Өйткені эфирге әртүрлі адам келеді. Кейіпкерді аша білуіңіз керек. Мысалы, гримеркада сұқбат беретін қонағыммен дайындалдым, ол өте жақсы жауап берді. Бірақ эфирге шыққан соң қонағымыз қобалжып қалды. Оны сөйлету де шеберлік.  Айтылған ақпаратты қағып алатын, жаңашыл адам болуыңыз маңыздырақ. Көрерменнің есінде қалатындай қабілетіңіз болуы қажет, оны көрерменге  көрсете білу де маңызды. 

– Сізді журналист, тележүргізуші ғана емес, актриса ретінде де танимыз. Кино саласына алғаш қалай келдіңіз?

– Шынымды айтсам, шақырған жерден қалмайтын адаммын. Бағдарламаларды жүргізіп жүргеннен кейін режиссерлермен жақсы таныспын. Әңгіме барысында олар менің болмысыма сай рөлдерді ұсынып жатады. Егер кәсіби актриса болсам, жағымды-жағымсыз рөлдерді де қатар алып шығар едім. Кәсіби маман болмаған соң, өзімнің табиғатыма сай келетін фильмдерде ғана бой көрсетемін. Егер режиссерлер рөл ұсынып,  шақырып жатса және ол менің қолымнан келсе, шақырған жерден қалмаймын. 

– Осы уақытқа дейін қанша фильмге түстіңіз?

– Он шақты боп қалар. Оның ішінде «Айналайын», «Туған жер», «Жаңа қоныс», Рүстем Әбдіраштың «Балалық шағымның аспаны» фильмі бар. Әлі жарыққа шықпа-ған, тұсауы кесілмеген Руслан Пактың сериалына түстім. Қазір барлығымыз көрсетілімнің жарыққа шығуын күтіп жүрміз. 

– Сізді көпшілік қазақша сөйлегеніңіз үшін жақсы көреді. Қазақ тілін үйрену қиынға соққан жоқ па? 

– Қазақша үйрену үшін бүкіл саналы ғұмырымды арнадым деп айтсам да болады. Барлығы мектептен басталды, ата-анам мені бесінші сыныпта қазақ мектебіне ауыстырды. Одан кейін он бес жылдай телевизия саласында қазақ редакциясында жұмыс істеп келе жатырмын.  

– Қанша тіл білесіз?

– Қазақ және орыс тілдерін білемін. Ағылшынша аздап білем. Немісше де оқыдым. Бұл маған «Балалық шағымның аспаны» кинокартинасында да қажет болды. Себебі мен ол жерде неміс тілі мұғалімінің рөлін сомдадым. Мектепте оқыған кезімде жапон тіліне қызықтым. Тілдік орта болмаған соң, оны жалғастыру қиынға соқты.

– Көрермен біле бермейтін тағы қандай құпия талантыңыз бар? 

– Бала кезде ауылға қонаққа барғанмын, сонда иінағашпен су таситынмын және сиыр сауғанымды білемін (күлді).  Жаңа айтып өткендей, шақырған жерден қалмауға тырысамын. Бұл бір жағынан адамға деген құрмет деп білемін. Тіпті уақытынан бұрын келіп алатыным бар. Кездесу уақытын күтіп отырған кезде күнделігіме сол күнгі оқиғаларды жазып қоямын. Өмірде белгілі бір жетістікке қол жеткізгіңіз келсе, жауапкершіліктің рөлі зор. 

– Түсірілім кезінде болған ең қызық, есте қаларлық сәтіңізді еске түсірсеңіз...

– Екі күн қатарынан концерт болуы керек еді. Бірінші күні тілдер мерекесіне орай күндіз өтетін концерт болатын, ал екіншісі келесі күні Балуан Шолақ спорт кешенінде өтетін кешкі концерт болатын. Екі жақта да дайындықта жүрдім, сценариймен таныстым. Бірінші күні өтетін концертті абыроймен өткізіп болған соң, гримеркаға шығып бара жатқан едім. Телефон шыр ете қалды. Режиссер хабарласты: «Сен қайда жүрсің?». Не айтарымды білмей ыңғайсызданып қалдым. Түсініспеушілік болған секілді. «Концертіміз басталайын деп жатыр,  тез кел», – дейді. Сол кезде қалай болғанын білмеймін, екі концерт бір күнде өтетін болды. Көйлегім қолымда, макияж дайын. Менің дәл қазіргі мақсатым –  театрдан Балуан Шолақ спорт кешеніне дейін жылдам жету. Бірақ кешкі уақытта Алматыда көлік кептелісі басталатынын білетін боларсыз. Үйтіп-бүйтіп спорт кешеніне жеттім.  Тіпті көйлегімді киіп, сценарийді оқып, дайындалып үлгердім. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды.

– Журналист ең бірінші кезекте жаза алуы керек пе, әлде сөйлей алуы керек пе?

– Бұл журналистің қызметіне байланысты деп ойлаймын.  Мысалы, радиода жұмыс істейтін журналист болса, ол мін-детті түрде анық сөйлеуі қажет. Ал газет-журналда қызмет атқаратын журналистер ең бірінші кезекте жаза білуі керек. Тележүргізуші болса, әдемі сөйлеп, өзінің ойын көрерменге қызықты, тартымды етіп жеткізе білуі маңызды.  

– «Ұландық» оқырманға айтар жылы лебізіңіз...

– Менің білуімше, «Ұлан» газетінің жарыққа шыққанына тоқсан жыл болды.  Ғасырға жуық тарихы бар керемет басылым. Газетті оқып жүрген балапандарымызға, тілшілерімізге айтарым – еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан қазірден бастап көкірегі ояу, алғыр бала болып өсіңіздер. Жас кезден көп нәрсеге қызықсаңыздар, үлкен жетістікке жетесіздер.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

456 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор