• Толағай
  • 02 Наурыз, 2021

Әлемге мықты екенімізді көрсеткім келеді

Жібек Кулумбетова – 14 жастағы алматылық спортшы қыз. Осы спорт бойынша Әбу-Даби қаласында өткен әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы. Алматы қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Sagadat Batyr залында джиу-джитсумен айналысады. Одан басқа да талай жетістікке жеткен, спорт шеберіне үміткер. Спортшы қызды сөзге тартқан едік. 

– Алғашында інім осы спортқа қатысты. Анам екеуі-міз інімді жаттығуға апарып жүрдік, солай бірнеше күн өткен соң мен де джиу-джитсуға жазылдым. Алғаш жаттығуды бастаған кезде жалғыз қыз болдым. Есімде қалған сәт – осы.
Спортта осындай жетістікке жетемін деген ой болған жоқ. Біріншіден, ол Алланың қалауы болды. Ал екінші – бапкерім Нұрсұлтан Орынбасаровтың арқасында жетістік кілтін таптым. Ағайдың еңбегінің, маған берген кеңестері мен сабақтарының арқасында бүгінде осындай дәрежеге жеттім. 

Ең алғашқы жарысым Нұрсұлтан ағайымның ұйымдастыруымен өткен болатын. Ол жарыста мен өзімнен бес келі ауыр салмақтағы қызбен сайысқа түсіп, жеңген едім. Солай 1-орын алдым. Алғашқы жарыстан-ақ жеңіске жету алдағы уақытқа шабыт сыйлап, керемет сезімге бөледі.

2018-2019 жылы Әбу-Дабиде екі дүркін чемпион атанып, Қазақстанның туын көкке желбіреткенде, сөзбен айтып жеткізе алмастай сезім болды. Әлі күнге дейін сол кездегі күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Толық түсіну үшін оны тек сезіну керек шығар. Ер балалармен жарысқа түсіп, 1-орын алған кездер болды. Ұлдармен жарысуымның себебі – қыздар аз. Ал «спортта қыздарға орын жоқ» деген қате пікір деп ойлаймын. Спорт жыныс талғамайды. Әр спортта әркімге де орын бар.

Үлгі тұтар спортшым – бапкерім Нұрсұлтан Орынбасаров. Өйткені сол кісінің арқасында мен екі рет әлем чемпионы атандым, талай жарыста жетістікке жеттім. Әлі де үйренерім бар. Бапкеріме көп рақмет. Кумирім өз бапкерім болғанына қуаныштымын.

Мектепте озат оқушымын. Бірақ мектеп бітірген соң алдағы өмірімді спортқа арнаймын. Джиу-джитсумен тек спортзалда ғана күресемін, жаттығамын. Өмірде залдағы айқасуды қолданып көрмеппін. Маған ешкім тиіспейді. Қанша қаражат ұсынса да, өз елімнен басқа елдің атынан шықпас едім. Себебі мен өз елімнің атынан ғана алаңға шыққым келеді. Джиу-джитсудан сайысқа түсіп, бүкіл әлемге қазақ қызының мықты екенін көрсеткім келеді. Мақсатым – Қазақстанның туын биікке көтеріп, елімнің атын бар әлемге таныту.

Адам қандай спортпен айналысса да, бойында шыдамдылық пен еңбекқорлық болуы керек деп ойлаймын. Қай істе болсын жетістікке жету тек шыдам мен талмай еңбек етудің арқасында болады. Джиу-джитсу спорты маған ұнайды. Ұнайтын іспен айналысқан дұрыс. Спорт – салауатты өмір салты. Қандай түрімен болса да, спортпен айналысыңыздар. Бастысы, өздеріңізге ұнаса болды. 

Джиу-джитсудан бөлек ән айтамын. Бірақ оны дамытқым келмейді. Ән айту менің хоббиім десе де болады. Үйде отырып өзім өлең айтамын. Кейде би билеймін. Өмірлік ұстанымым – мақсатың айқын болса, армандар орындалады. 

Ажар ТҰРАЛИЕВА,
№19 мектептің 
10-сынып оқушысы.

Орал қаласы

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор