• Сенің замандасың
  • 02 Наурыз, 2021

Қос грант иеленген Медина

Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Медина Нармановаға АҚШ-тың екі жоғары оқу орны шақырту жіберді. Бұл жаңалықты ұстаздары әлеуметтік желіге жарыса жариялап, қуанып жатыр. Медина Алабама универ-ситетінің президенті тағайындаған 100 пайыз оқу грантын иеленді. Сонымен қатар оған Иллинойс университеті 50 пайыз оқу гранты мен стипендия беруге дайын екенін жеткізді. Мединамен хабарласып, осындай беделді оқу орындарынан қалай грант иеленгенін сұраған едік. 

– Америкалық университеттерге CommonApp желісі арқылы түсуге болады. Ол жерде әр жоғары оқу орны туралы қысқаша ақпарат беріліп, қажетті құжаттар тізімі және оларды салатын жері белгіленген. Америкалық оқу орындарына түсу үшін ағылшын тілінен деңгейін көрсететін емтихан (IELTS, немесе TOEFL), орта мектепте меңгерген білім деңгейін көрсететін стандарт тест (SAT немесе ACT), CommonApp сайты ұсынатын эссе (650 cөз), әр университет ұсынатын қосымша 250 сөздік эссе, соңғы 3 жылдың бағасы және қосымша құжаттар қажет болады. Оларды белгіленген уақыт мерзіміне дейін салып қою керек. Грант жеңіп алу үшін алдын ала қосымша эсселер, формалар және тағы да басқа құжаттарды жіберу маңызды. Қабылдау комиссиясы бүкіл абитуриенттің құжатын қарап, шешімін белгілі бір күні әр оқушының электронды поштасына жібереді. 

Алабама және Иллинойс университеттерінен басқа, тағы бес (3 америкалық және 2 кореялық) жоғары оқу орнынан жауап күтіп жүрмін. Олардың нәтижесі наурыз айының соңына қарай шығады. Қай оқу орнына баратынымды отбасыммен бірігіп шешеміз. 

Оқу орнын таңдағанда... 

– Университет таңдауға бес ай уақыт кетті, себебі бұл өте маңызды, сараптап қарайтын процесс. Бастапқыда 30-ға жуық оқу орнының тізімін жасаған едім, одан кейін қаржылық көмек саны, орналасуы және әлемдік рейтингі секілді факторларды ескере отырып, тізімдегі санды 5-ке дейін азайттым. Ең бастысы, халықаралық сту-денттерге бөлінетін грант санының көп және білім сапасының жоғары болуын ескердім.

Ағылшын тілі және таңдаған мамандығы

– Халықаралық оқушылардың ағылшын тілі деңгейі IELTS, немесе TOEFL емтихан-дары арқылы анықталады. Қазақстандықтар көбіне IELTS тапсырады, ол 9 балдық шкаламен бағаланады. АҚШ-қа түсу үшін әр университеттің шектік көрсеткіші болады, ал ол оқу орнының рейтингіне және факуль-теттеріне байланысты. Грантқа түсу үшін мүмкіндігінше 7 және одан көп балл алу қажет.

Болашақ мамандығым медицина немесе экономика саласының қайсы болады деп, көп уақыт талқыланған болатын. Маған экономика жақынырақ болғандықтан, бизнес-менеджмент мамандығын таңдадым. Америкалық университеттер теорияға да, практикаға бірдей көңіл бөледі. Уақыт кестесі бойынша таңертең лекциялар өтсе, түстен кейін практикалық  жұмыстар жүргізіледі. 

Мерей АУҒАЛИ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

1393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор