• Өнертапқыш
  • 01 Наурыз, 2021

Айнамкөздің ұлттық мазмұндағы үстел ойыны

Ұлттық дәстүр, фольклор мен ойындар – халықтың өзіндік ерекшелігінің, оның мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі. Ана тілі мен әдебиетін, этномәдениетін тану қазіргі қарқынды дамып келе жатқан қоғамда өте маңызды. Екінші жағынан, XXI ғасырдың жастары клиптік ойлау және геймификацияға бейім. Олар кез келген ақпаратты ойын түрінде берілген жағдайда тез қабылдап, меңгеріп алады. 

Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Айнамкөз Рафихова ұлттық мазмұндағы «Зерек» атты үстел ойынын құрастырып шығарды. Бұнда қазақ халқының мақал-мәтелдер, ертегілер,  жаңылтпаштар, ырым-тыйымдар мен тұрақты тіркестер бойынша ойыншылардың  білімі тексеріледі.

Алдымен  арнайы заңдылықтарға сай ойынның қозғалыс тәртібі, уақыты, ережелері, ойыншылар саны және түрлі бонустар жүйесі ойластырылыпты. Ойын алаңында барлығы 57 ұяшық, олардың арасында тұзақ (от және су), бонус  және ақылы ұяшықтар бар. Ойын  басталысымен бірінші ойыншы сүйекті лақтырып қадам жасайды. Ол 100 сұрақ картасының бірін таңдап, оған жауап беруі қажет. Тұзақ ұяшықтарына түсіп қалса, от ұяшығынан Көлтауысар, ал су ұяшығынан Желаяқ құтқара алады. Егер оған қажет кейіпкер түспесе, ойыншы сол ұяшықта қала береді.

Керісінше, өзге ойыншының кезегі келгенде 2500 (бонус түріндегі қағаз банкноттар) айыппұл төлеп, жолын жалғастыра алады. Мәреге кім бірінші жетсе, сол жеңімпаз атанады. «Зерек» мазмұнына суреттегі мақал-мәтелді жалғастыр/тап, фразеологизм, ырым-тыйым мағынасын ашу, жаңылтпашты қайталау, ертегілер мен аңыздар бойынша эрудицияны тексеру, жұмбақтарды шешу сияқты сұрақтар кіреді. Автордың айтуынша, нарықта «Қолтырауын», «Монополия» сияқты орыс тіліндегі үстел ойындары көп болғанымен, өкінішке қарай, ана тілімізде ұлттық мазмұндағы ойындар жоқтың қасы.

– Соңғы уақытта «Қазақ хандығы» деген үстел ойыны пайда болды. Бұл ойын тарихымызды, қазақ еліндегі басқару жүйесін ойын арқылы таныстыруды көздейді. Кітап, фильм секілді ұлттық идеологияны насихаттау құралы ретінде үстел ойынына да орын бар деп ойлаймын, – дейді автор. 

Үстел ойындары адамның ақыл-ой, психологиялық дамуына үлес қосып, кішкентай ойыншылардың саусақ моторикасын нығайтады екен.  Ойынның тағы бір қызметі ақпаратты қабылдау, ойлау негіздерін, проблемаларды оңай шешу, бүтін мен бөлшекті ажырату сынды когнитивті дағдыларды дамытады. 

Айнамкөз ойынды сыныптастарымен сынап көрді. Ал жуырда жобаның қағаз нұсқасы Орал қаласындағы балалар ауылы тәрбиеленушілеріне таныстырылып, сыйлыққа ұсыныпты. Сонымен қатар «Зеректің» электронды нұсқасы дайындалды. Оны my.flipbookpdf.net сілтемесі арқылы көруге болады.

– Үстел ойынының адамға тигізетін әсері, ұлттық мазмұндағы ойынның жаһандану кезеңіндегі маңызы, ойын шарттары туралы қосымша құрал дайындау жоспарда бар. Сонымен бірге «Көкпар», «Қыз қуу» ұлттық ойындарының шарттарына негізделген ұлттық мазмұндағы үстел ойынын  құрастырмақпын, – дейді автор.

Айнамкөз жоба барысында бағыт-бағдар берген жетекшілері – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жансәуле Мақсотова мен өнер пәнінің мұғалімі Жанна Құлбековаға алғысын жеткізді.

Айдана Хамидуллина,
Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

1379 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор