• ҰЛАН
  • 01 Наурыз, 2021

«Сымбат» сән академиясындағы сегіз сағат

Күнделікті өмірде түрлі түске боялған шаш пен ерекше шал үлгісін жиі кездестіреміз. Алғашында бәрі таңырқай қарағанымен, қазір бұл қалыпты үрдіске айналған. Адамдар өзінің ішкі күйі мен сезімін, тіпті кейде жағымсыз эмоциясын сырт бейнесі арқылы шығаруға тырысады дейді осы саланың мамандары. Ал кейбіреу өзін басқалардан ерекше сезіну үшін шашы мен сырт бейнесін өзгертеді. 

Өмір ертегі емес. Бірақ кейде ертегі кейіпкерлеріне ұқсағымыз келеді. Жақсы кейіпкердің мінезі мен қабілетіне ғана емес, сыртқы бейнесіне де қызығамыз. Жақында «Сымбат» сән академиясына барғанда түрлі кейіпкерді кездестіріп, өзімді ертегілер елінде, кино түсірілімінде жүргендей сезіндім. Бірақ бұл ешқандай түсірілім немесе ертегі емес, «Сымбат» сән академиясының соңғы курсында оқитын студенттерінің диплом жұмысын қорғауға дайындығы екен.

«Сымбат» сән академия-сы – болашақ сән мамандарын оқытатын шығармашылық және өнеркәсіптік ұйым. Оның құрамында дизайнерлік, тігін, аяқкиім, тоқыма өндірісі, сән галереясы мен академиясы, журнал редакциясы, сән театры мен көрмесі бар. Біз биыл сән академиясын бітіретін студенттермен бір күн бойы бірге жүріп, кәсіби білімі мен тәжірибесіне куә болдық. Тіпті, сән академиясының студенті Аяжан Бақытбектің диплом жұмысымен толық танысып шықтым. Жұмыс барысында Аяжан Бақытбектен оқу мен тәжірибесі, арманы туралы сұрап, біраз әңгімелесіп үлгердік.

15 жасымда сән академиясына келдім

Шаш сәндеу өнері және сәндік косметика мамандығында оқимын. Бала кезімде ерекше шаш үлгісін жасап алған адамдарды көргенде таңғалатынмын. Үнемі шашының түсі мен ұзындығын өзгертіп жүретіндерге қызығатынмын. Мектепке барған соң сурет салуға құмар болдым. Түрлі түсті бояумен, ермексазбен жұмыс істеген ұнайтын. Жалпы қыз бала сұлулыққа, әсемдікке құштар болады дейді ғой. Мен де қуыршақтарға көйлек тігіп, шашын сәндеп, анамның бояуларын тығылып жағып алатынмын. Өскенде емін-еркін боянып, бояндырып, сәнді болып жүремін деп жиі қиялдайтынмын. 

9-сынып бітірген соң Алматыдағы «Сымбат» сән академиясына оқуға түсем деп шештім. Ата-анам, әпкелерім бұл шешімімді қолдады. Оқу үлгерімім жақсы болғандықтан, грант конкурсына қатысуға өтінім бердім. Қазақ тілі және химия пәндерінен тест тапсырдым. Нәтижесінде грантқа түсіп, 15 жасымда «Сымбат» сән академия-сының студенті атандым. Биыл шаш сәндеу өнері және сәндік косметика мамандығын аяқтаймын. Бұл мамандықты 3 жыл 6 ай оқыдым. Арасында қосымша курстарға қатыстым. Диплом алған  соң осы салада жұмыс істегім келеді. Әлі жаспын, өзімді сәннің барлық саласында сынап көргім келеді. Тек бет әрлеу немесе шаш сәндеумен емес, аквагрим, театр саласында да бағымды сынап көрсем деймін.

Әр адам қайталанбас туынды

Қазір диплом жұмысын дайындап жатырмын. Теориялық бөлімін жазып, аяқтап қойдым. Диплом тақырыбы ретінде жұлдызнама бойынша қиялдағы бейнені жасауды таңдадым. Сарышаян және балықтар белгісін адамның бойына лайықтап дайындап жатырмын. Диплом жұмысында шаш үлгісі, макияж, грим, киім және образ – бәрі ортақ бағаланады. Дипломның жазбаша нұсқасынан бөлек, сызбалар (эскиз) және қолданылған материалдарды да дайындап көрсету керек. Бір қарағанда әдемі боп көрінуі мүмкін. Бірақ жоба дайындау кезінде кішкентай детальға да мән беремін. 

Негізі бірге оқитын құрбыларым сән салонында, театрда, ойын-сауық орталығында мамандық бойынша жұмыс істейді. Біз оқу бітірген соң тек сән салонында шаштараз немесе визажист болмаймыз, түрлі шығармашылық ортада жұмыс істей аламыз. Алайда қазір Қазақстанда ең көп сұранысқа ие нәрсе – макияж, яғни бет әрлеу. Күнделікті бет әрлеу немесе кешкі макияж жасай білетіндер жақсы табыс табады. Осы күнге дейін ешкім мені Малефисента немесе Қаршақыз, тағы басқа ертегі, кино кейіпкері етіп бояндырып берші деген емес. Бірақ балаларға арналған шараларда аквагримге сұраныс бар. Маған шығармашылықпен айналысқан көбірек ұнайды.
Ешкімге қажет, маңызды болмаса да арасында қиялымнан туған кейіпкерлердің бейнесін жасауға қызығамын.

Сәнді қабылдау үшін уақыт керек

Қазақстандағы сән индустриясына еркіндік жетіспейтін сияқты. Кәсіби маман болмасам да, 3-4 жылда осыны түсіндім. Жаңа жобамен айналысқысы келетін маман ерекше образ жасаудан қорқады. Қоршаған ортадағы адамдар қандай пікір айтады, қалай қабылдайды деп аяқ тартады. Біздің қоғамда адамның бәрі бірдей, тең болуы керек деген көзқарас бар. Менің ойымша, әр адам жеке тұлға, қайталанбас туынды. Біздің қызметіміз оның болмысын немесе сырт-келбетін өзгерту емес, ерекшелігін айшықтау. 

Қазір Қазақстанда түрлі-түсті шашты немесе ерекше стильде киінген адамдарды қоғам дұрыс қабылдай бастады. Сән әлеміндегі жаңалықтар ешқашан оңай еніп кетпеген. Тарихқа көз салсақ, бұған нақты дәлелдер табуға болады. Жастардың қазіргі сән үлгісі мен шашына сын айтатын тол-қын өз заманында да қоғам тарапынан стилі үшін сынға ұшыраған. Мысалы, ХХ ғасырдың 80-88 жылдары ер адамдардың шаш өсіруі, қалың, бұйра шаштар сәнге айналды. Дәстүрлі қоғам әдеттегідей мұны азғындық-қа балады. Бірақ уақыт өте келе қоғам бұл бейнені де, сәнді де қабылдады. Қазір де біз осындай өтпелі кезеңде тұрмыз деп ойлаймын. Біраз уақыт өткен соң шаш бояу, бірнеше сырға тағу, жарқын бояулар мен сондай түстегі киім де күнделікті қажеттілікке айналады.

Сән әлемінің сайыпқырандары

Маған армениялық визажист Гоар Аветисянның жұмыстары қатты ұнайды. Сән саласына қызығатын адамның бәріне Гоар есімі таныс шығар. Оның жұмыстары өте әдемі әрі таза көрінеді. Ал отандық мамандардан Санди Бексырға мен Aeka Posh, яғни Айым Алтынбекова ұнайды. Былтыр Aeka Posh сән салонындағы Жанна ханымнан дәріс алып, ақылы курстан өттім. 

Әр маманның өзіндік қолтаңбасы болуы керек деп ойлаймын. Ал қарапайым халық сән әлеміндегі мамандарды сиқыршы ретінде көрмесе екен. Көп адам сән саласының мамандарына кемшілігін жасыру үшін келеді. Менің ойымша, біз оларға кемшілігін жасыруды емес, артықшылығын айшықтап көрсетуді үйретуіміз керек. Егер адам өз артықшылығын тани алса және сол үшін өзін жақсы көрсе, кемшіліктері байқалмай да қалады.

P.S.19 жастағы Аяжанның айтқан сөзі де, істеген жұмысы да, еңбегінің нәтижесі де мені тәнті етті. Екеуміз бірге өткізген 8 сағаттық жұмыс уақыты маған бояну мен сәнденудің үлкен өнер екенін танытқандай болды.

Дана МАРАТОВА 

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

 

435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор