• ҰЛАН
  • 01 Наурыз, 2021

Әнелдің Gazhaiyptar әлемі

Әнел Маратова – 23 жаста. Мамандығы – журналист. Ал бос уақытында ерекше сөмкелер тоқиды. Көздің жауын алатын аксессуар  Әнелдің сүйікті ісі ғана емес, сонымен бірге қосымша табыс көзі де. Өзінің айтуынша, карантин кезіндегі бос уақыты хоббиін кәсіпке айналдыруға жол ашыпты. Әдемі бұйымдарды тоқуға трикотаж жібін қолданады. Қазірше төрт түрлі дизайнда тоқиды. 

– Бесінші сыныптан бастап ілмекпен гүл, білезік, кеудеше тоқуды білемін. Карантинде негізгі жұмысым онлайн форматқа көшіп, бос уақытым көбейді. Содан үйде тоқыма тоқи бастадым. Дайын бұйымдарды Инстаграмдағы парақшама салдым. Оқырмандарым пікір білдіріп, жылы лебіз білдіріп жатты. «Маған да тоқып берші», «Тапсырыс қабылдайсыз ба?» – деген сұрақтар жиіледі. Неге істеп көрмеске деп ойладым да, тапсырыс ала бастадым, – дейді қолөнерші.

Әнел әр тапсырыс берушінің қалауы мен талғамына мән береді. Сөмкенің түсін, дизайнын, жібін тапсырыс беруші өзі таңдайды.

– Ең әуелі сөмкені қайда ұстайтынын сұраймын. Мысалы, қыздар көбіне мерекелік кешке клатч ұстаса, күнделікті тұрмыста қарапайым, үлкен әрі ыңғайлы сөмкелерді дұрыс көреді. Сөмке жұмсақ болып көрінгенмен, керек дүниеңізді көтеретін салмағы бар. Қуаттағыш, косметика, тарақ, телефон, әмиян – бәрін салуға болады. «Ішіне қалам салып қойсам, түсіп қалмай ма немесе тесіп кетпей ме?» – деп сұрайтындар бар. Түспейтінін, теспейтінін түсіндіремін. Себебі өрнек-тері тығыз тоқылған, – дейді Әнел.

Қазір зефирка сөмкесіне тапсырыс берушілер көп. Оны көбіне қыз жасауына қосады екен. Ал ер азаматтар жарына, анасына, қарындасына сыйлық ретінде тапсырыс беретін көрінеді. 

– Қыздар әуелден әдемі заттарға жақынбыз ғой. Ал жігіттердің жақындарын қуанту үшін сатып алуы маған ерекше шабыт сыйлайды, – дейді қолөнерші.

Сөмкелердің бағасы әртүрлі. Он мың теңгеден он бес мыңға дейін. Тауардың бағасы өрнегінің күрделі не жеңілдігіне, жіптің сапасы мен тоқуға кеткен уақытына байланысты.

– Ең оңай сөмке – кросс-боди. Оны үш-төрт сағатта тоқып тастаймын. Ал зефирканы 2-5 күнде тоқимын. Қазір негізгі жұмысымды кеңсеге барып істеп жүргендіктен, қолөнермен тек демалыс күндері айналысамын, – дейді Әнел.

Бұл сөмкелердің бір жақсысы, былғанып қалған жағдайда, кір жуатын мәшинеге салып жуа бересіз. Мұндайда дәкеге немесе арнайы торға орап салған дұрыс. Қолмен жууға да, дымқыл шүберекпен тазалап алуға да болады. Сөмкелер ұзақ уақытқа дейін қалпын бұзбайды. Бауы мен қосымша тастарын ауыстыруға ыңғайлы етіп жасайды. 
Әдемі заттарды жаны сүйетін Әнел бұйым дайын болғанда, тапсырыс берушіге бергісі келмей, қызғанып қалатынын айтады. Махаббатпен жасалған дүниесін өзі алып қалғысы келеді екен:

– Әр сөмкемнің орны бөлек. Тоқып болған соң ерекше  күй кешемін. «Сен үнемі бұйымдарыңды ғажайыпқа теңейсің. Бәлкім солай атау керек шығар», – деген апамның сөзінен кейін сөмкелеріме Gazhaiyptar деп ат қойдым. Басқалар да мен сияқты ғажайыпты көре білсе екен деймін.

Қазір Әнел сөмкеден бөлек плед, шілтер қолғап, баскиім тоқиды. Ол қолдан жасалған дүние әрқашан трендте болатынын айтады. Кез келген адам тоқыма тоқуды үйреніп алуына болады деп есептейді. Тіпті, қолына өмірі ілмек ұстап көрмеген қыздар да тоқып кетеді екен. 

Қазір Әнел оқырманның сұрауы бойынша видеокурс өтіп жүр. Көбіне үйде отырған аналар, студент қыздар қосымша ақша табу мақсатында қатысады екен.

– Біреуге білгеніңді үйрету – күшті сезім. Өзімнің де әлі үйренерім көп. Осы бағыттағы шетел блогерлерінің жұмысымен танысамын. Мәселен, түрік халқы тоқыма өнеріне жақын. Олардың кілемше тоқып, ашық түстерді пайдалануы, үйлестіре алуы ұнайды. Бір сөзбен айтқанда, үнемі ізденістемін, – дейді Әнел.

Нарқыз ЕРЕС

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жыл

968 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор