• ҰЛАН
  • 01 Наурыз, 2021

Карантинде киім тігіп, балалар брендін жасады

Алматылық Эльмира Ищан карантинде балалар киімін тігетін «Qala Bala» брендін ұсынды. Кейіпкеріміз аз уақыт ішінде кәсібін айналдырып, клиент те тапқан. Эльмира балаларға арналған спорттық киім тігеді. Отандық өнім заманға сай сәнді, ең бастысы, табиғи таза өнімнен жасалады. 

«Семей қаласы – кіндік қаным тамған жер. Ал одан кейінгі өмірім Алматыда жалғасып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, таңның атысы, кештің батысы қарбаласпен біте қайнасқан тіршілік. Адам баласы мамандық  және жар таңдағанда жаңылмаса, бақытты. Негізгі мамандығым қаржымен байланысты болғандықтан, бизнесті дөңгелету аса қиынға соқпады. Кәсібімнен нәсіп тауып, отандық өнімді дамытып, көз қуаныш, көңіл нұрымыз – балапанда-рымызды табиғи таза өнімдермен қамтамасыз етуді бастап кеттім. Бар асылымыз – балаларымыз. Әр ата-ана балаларының болашағы үшін талпынады. Әрі сырттан келетін өнімнің табиғи тазалығы мені алаңдатады. Теріні тітіркендір-мейтін, баланың өсіп-өркендеуіне зиянын тигізбейтін табиғи таза өнімнің өндірісін осы үзіліс кезінде бастадым. Аналық жүрегіммен кішкентай құлыншақтарға тартуым болсын дедім.

Неліктен «QALA BALA»? 

Дүкен сөрелеріндегі киімдер көңілімнен шықпай кетті. Оған қоса карантин басталғанда ата-аналар бала-ларына киім таппай тыпырлап қалды. Себебі бала тез өседі. Ал брендті бұлай атау себебіміз – әр қазақтың түп-тамыры ауылда. Бірақ барлығымыз арман қуып қалаға асығамыз. Болашағымызды алып қалалармен байланыстырғымыз келіп тұрады. Несін жасыра-мыз? Қаланың баласы – заманауи, жаңашылдыққа талпынған, үнемі дамып жатыр. Руханиятымыз ауылдан, тірлігіміз қаладан жалғасын таба берсін. Өзіміздің түп-тамырымыз ауылдан бастау алса да, балапандарымыз қалада өсіп жатыр. Сол балапандардың жарқын болашағына осылай үлес қосуды қаладық. 

Отандық киімдер қымбат десек...

Біздің бағалар қолжетімді, алты мың теңгеден басталады. Әрине, ұжымның, шикізаттың шығыны бар. Нарықтың заңдылығынан жеңілмей әрі тұтынушылардың қалтасын жұқартпай, жалпақ тілмен айтсақ, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» тәй-тәйлап келе жатырмыз. 

Ең әуелі табиғи таза өнім болуына мән бердім. Өзім анамын. Бар асылым балаларыма деп қарайтыным сияқты, барлық ана балаларына жақсы нәрсені әпереді. Өзімізге қимасақ та, балаларымызға ең жақсыны алып береміз. Себебі балалық шақ адам өмірінде бір-ақ рет болады, қайта айналып келмейді. Ал естеліктер өмір бойы баланың жадында қалады. Өскенде қоршаған ортаға пайдасы тиіп, елдің қамын ойлап, жақсылық жасап жарысу ұясында көрген тәрбие мен мейірімге байланысты деп ойлаймын. Сондықтан ең жақсы киім, ең жақсы білім, ең жақсы көңіл осы шақта берілуі керек.

Мерей АУҒАЛИ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Мұса Шорман ауылы
Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жы

476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор