• Сенің замандасың
  • 01 Наурыз, 2021

Төрт грант ұтып алсам да, елде қалуды жөн көрдім

Кейіпкеріміз АҚШ, Нидерланд, Түркия және Латвияның грантын ұтып алғанымен, Қазақстанда қалған. Ол – Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі Аружан Ануарова. Аружан оқушы кезінен бірнеше жобаға басшылық етіп, біршама жұмыстың белортасында жүрген. Аружан қазақстандықтардың біразы білім іздеп шетел асып, сол жақта тұрақтап қалып қоятынын айтады. Ол мұндай зияткерлік миграцияның елімізге өте зиян екенін, білімді, білікті тұлғалардың бізге де керек екенін айтады.

– Мектепте оқып жүргенде зерттеумен айналысу маңызды болды. Өйткені зерттеу білім додасында бақ сынаумен қатар, зияткер тұлға ретінде дамуыма көп септігін тигізген еді. Жалпы, осы кезге дейін үш жобамен жұмыс істедім және үшеуі үш түрлі саланы қамтыды. Біріншісі – Орал қаласындағы экология мәселелеріне қатысты. Оны 8-сыныпта жазғанмын. Қалған екеуін 11 және 12-сыныпта қорғадым. Біреуін жазу кезінде БАҚ-тың жасөспірімдер санасына әсерін зерттесем, екіншісі Каспий теңізінің болашақ дамуына шекаралас мемлекеттердің рөлін қамтыды.
Шет елдерге оқуға тапсыруға екіойлы болдым. Алайда 11-сыныпта болашақ мамандығым туралы ойлану қажеттігін түсініп, шетелдік жоғары оқу орындарының талаптарын, бағдарламаларын, оқыту деңгейін жіті зерделей бастадым. Оған қоса шетелдік университеттердің көбі арнайы SAT, IELTS секілді халықаралық емтихан серти-фикаттарын талап етеді. Оларға дайындалып, тапсырып жүрген кезімде, 11-сынып та өте шықты. 12-сыныптың қараша-желтоқсан айларында оқу үлгерімін көрсететін транскрипт, халықаралық емтихандар қорытындысы, мотивациялық хат пен ұсыныс хат секілді құжаттарды жинап, тапсыратын уақыт басталды. Ол кезде ең бастысы мемлекетті таңдау емес, өзіме ұнайтын білім бағдарламасын табуым керек екенін түсіндім. АҚШ, Нидерланд, Түркия және Латвия елдеріндегі бірнеше жеке және мемлекеттік оқу орнына тапсырамын деп шештім. АҚШ-тың Флорида және Нью-Йорк штатында орналасқан университеттердің жалпы құны 60 мың АҚШ доллар тұратын гранттарын иеленсем, Нидерландтағы Неймеген мемлекеттік университеті толық грант, ал Түркия мен Латвия мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындары толық грант пен 75%-дық жеңілдік ұсынған еді. 

Грант иегері атанғаным туралы электронды поштама хаттар келе бастаған сәттер өмірімдегі ұмытылмас күндерге айналды. Бұл шамамен наурыз-сәуір айлары болатын. Шынымды айтсам, сол кездері пандемия әсерінен басталған карантин, онлайн форматтағы оқыту, мектеп өміріндегі санаулы айымызды үйде өткізу салдарынан көңілім жабырқаулы еді. Алайда әдеттегідей онлайн оқыту кезінде, сабақ аяқталғаннан кейін ноутбукты өшіріп жатқан сәтте поштаға хат келгенін көріп қалдым. Бұл Флоридадағы университеттің қабылдауға дайын екені жазылған хат еді. Кейін бір ай ішінде құжат тапсырған барлық жоғары оқу орнынан жауап алдым. Ата-анама хабарды айтып, сол кезде қуанышымда шек болмады. Соңғы екі жылдық еңбегім ақталғанына қуандым. Ол гранттардан бас тартқаныммен, сол кезде осындай деңгейге қол жеткізгенім мен үшін үлкен мәртебе әрі тәжірибе болды. Сол уақытта осы жетістігім мені болашақ жеңістерге ынталандырып, бәрі шынымен де өз қолымда екенін дәлелдеген еді, – дейді Аружан. 

Аружанның қазір қайда білім алып жатқаны бәріңізге қызық шығар? 

– Шетелдік гранттарға қол жеткізгеніммен, Қазақстанда қалып, бакалавр бағдарламасын елімізде тәмамдайын деп шештім. Байқағаным, білім аламын деп шетел асқан жастарымыздың көбі туған жеріне қайтып келмейді екен, Қазақстанға керек екенін сезінбейді екен. Сол себепті де туған жерімді таңдадым. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana IT University жоғары оқу орнында big data analysis мамандығының студентімін.

Қиындықтар адам өмірінің әр кезеңінде кездеседі және бұл шешім, бұл жол оңай болды деп айта алмаймын. Халықаралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезінде жиі қобалжып жүретінмін және кей кездері таңдаған жоғары оқу орындарым мен мамандығым дұрыс па деген сұрақтар мазалайтын. Осындай уақытта отбасымның қолдауы мен сенімі маған үлкен көмек берді. Мен үшін осы кезеңнің қаншалықты маңызды екенін түсініп, отбасым әрдайым керек кезде қолұшын созып, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізуге ынталандыратын. Оның үстіне, мектептегі кураторым, кәсіби бағдар берген мұғалімім мен пән ұстаздары арқасында бұл сынақтардан сүрінбей өтіп шықтым. 

Қазіргі басты мақсатым – оқу. Келешекте елімнің дамуына үлесімді қосу үшін лайықты маман иесі атануым қажет. Ол үшін қазірден бастап жан-жақты, білімге құштар болуым керек. Сондықтан да алдағы уақытта аянбай еңбек етуді және білімімді әрі қарай шыңдауды мақсат етіп отырмын, – дейді замандасымыз.

Аяулым АБАЕВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жы

5393 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор