• ҰЛАН
  • 23 Ақпан, 2021

«Тамақ өнеркәсібі саласындағы түйткілдер мамандық таңдауыма әсер етті»

Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «Е» сынып оқушысы Бақыт Утеулиева АҚШ-тың Корнелл университетінің грантын ұтып алды. Нью-Йорк штатында орналасқан бұл университет 8 жекеменшік оқу орнынан құралған беделді «Шырмауықтар лигасына» кіреді. Кейіпкеріміз Бақыт грант ұтып алу кезіндегі құпиясын бөлісіп, «ұландық» достарымызға біраз кеңесін айтқан еді. 

– Әлемдегі ең үздік оқу орындарының біріне грантқа түсу үшін талапкер қандай емтихандар тапсырады?

– АҚШ университеттері жан-жақты оқушыларды іздейді. Яғни, мектептегі жақсы баға мен емтиханнан жоғары балл алу жеткіліксіз. Оқушы сонымен қатар қоғамға пайдалы болып, сыныптан тыс жұмыстармен де айналысуы керек. Мотивациялық хаттар мен университет сұрататын эсселердің де маңызы зор. Мен SAT Reasoning және IELTS емтихандарын тапсырдым. IELTS-тың орнына көптеген америкалық университет TOEFL, Duolingo нәтижелерін қабылдайды, ал SAT-дың орнына ACT тапсыруға болады. Барлық деректер арнайы сайттар арқылы университеттерге жіберіледі.  Таңдаған университеттен қаржылай көмек сұрау немесе грантқа үміткер болу үшін  жеке CSS profile және ISFAA формаларын толтыру керек. Кейбір университеттер қосымша құжаттар сұрайды. Айта кету керек, егер университет need-blind болмаса, қаржылық көмекке жүгінетін студенттерге қойылатын талаптар әлдеқайда жоғары болады. 

– Өз саласының үздік маманы болу үшін адам жоғары оқу орнын таңдаудан қателеспеуі керек. Сіз болашақ оқу орныңызды қандай критерийлер бойынша таңдадыңыз?

– Университет таңдауда ең алдымен өз мамандығыма сүйендім және оқу орны ұсынатын бағдарламалар мен мүмкіндіктерге баса назар аудардым. Мен үшін сапалы білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасу, мүмкіндіктерімді жетілдіру, кейін жұмысқа орналасуға оңай болуы үшін портфолиомды мейлінше жақсарту маңызды. Корнелл университеті тағам өнеркәсібі саласына маман дайындауда әлемнің үздік оқу орындарының бірі саналады. Университет студенттерге потенциалын толықтай жетілдіруге жағдай жасайды. Әркімнің талғамы, қажеттілігі әртүрлі. Сондықтан «мына нәрсеге назар аударған жөн» деп айту қиын. Десек те, таңдаған университетің әлеуетіңді толық ашып, дамуыңа мүмкіндік жасағаны маңызды деп ойлаймын. Кейбір адамдар өзінен гөрі ақылдырақ, табыстырақ адамдармен жұмыс істегенді ұнатады. Енді біреулері жанында ақылшы ұстаздардың, тәлімгерлердің болғанын қалайды. Әр болашақ студент өзін қандай ортада жайлы сезінетінін анықтап алып, содан кейін жоғары оқу орнын таңдағаны жөн. Біздің түсінігіміздегі университет ұғымы да кейбір адамдарға ыңғайсыз болады. Мәселен, олар өз бетімен оқып-үйренгенді жақсы көруі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе – қаражат. Оқу ақысын төлей алатын университет таңдау өте маңызды. Сонымен қатар ағылшын тілін де меңгеру қажет. Әр университеттің талабы әртүрлі. Бірақ IELTS емтиханынан кем дегенде 7,5 балл алу керек деп айтар едім. Өйткені бұл жағдайда көп университетке құжат тапсыруға, яғни таңдау жасауға мүмкіндігің болады.  

– Неліктен тамақ өнеркәсібі саласын таңдадыңыз? Бұл салада жұмыс атқару бала арманыңыз ба?

– Бұл саланы таңдауға бірнеше фактор әсер етті. Менің тамақ әзірлеуге қызығушылығым, мектептегі биология, химия пәндерін сүйіп оқуым, қазіргі кездегі тамақ өнеркәсібі саласындағы түйткілді мәселелер – бәрі-бәрі әсер етті. Мұндай мамандықтың бар екенін 11-сынып оқып жүргенде ғана білдім Ал кішкентай кезімде басқа да балалар секілді арманымдағы мамандықты әркез өзгертіп отыратынмын. 

– Сіз оқуға түскен университетте теорияға көп көңіл бөлінген бе, әлде практикаға ма?

– Корнелл университеті теорияға да, практикаға да бірдей мән береді деп айта аламын. Бірнеше ғылыми жұмыс жазып, өз саласында ұзақ жыл еңбек етіп жүрген жоғары деңгейдегі профессорлар студенттерге теориялық білім береді, саладағы соңғы жаңалықтармен таныстырады. Ал көптеген орталық пен бағдарлама бұл теориялық білімді практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді. Студенттер осы саладағы компаниялармен тікелей жұмыс істейді, олардың сұрақтарына жауап іздеп, мәселелерін шешеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Мерей АУҒАЛИ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Мұса Шорман ауылы
Павлодар облысы

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

280 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор