• Толағай
  • 19 Ақпан, 2021

Байшолақовқа мектептің атын беру де мәселеге айналды...

Самбо күресінен қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қанат Байшолақовтың дүниеден өткеніне ақпан айында 10 жыл толды. Зымырап жатқан уақыт... 

Қазақ спортының тарихында ағайынды Байшолақовтардың есімі алтын әріппен жазылатыны анық. Бір үйден бес балуан шығып,  оның бесеуі де әлемдік бәсекелерден жүлде алуы сирек кездесетін жағдай. Сайран әке мен Райхан ананың бауырынан өрбіген осы ұлдардың алғашқы үшеуі – Қанат, Талғат, Жанат Байшолақовтар кешегі КСРО самбосының бір шоғыр жұлдызы болды. Күреске кейінірек түскен Жасұлан мен Жандос та ағаларының артынан самбо күресінен спорт шебері атанды. 

Ағайындылардың тұңғышы марқұм Қанат Сайранұлы 1984 жылы самбо күресінен қазақ жастарының арасынан бірінші болып әлем чемпионатында топ жарды. Ол 1984 жылы Испанияның Мадрид қаласында өткен біріншілікте 48 келіде қарсылас шыдатпады. Пиреней түбегіндегі тарихи жеңіске дейін де Байшолақовтардың үлкені 1981 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған, арада бір жыл өткенде ересектер арасындағы Еуропа чемпионатында күміс тұғырға табан тіреген. 
 

– Қанат кішкентайынан еңбекқор әрі табанды, балуандық сүйегіне біткен жан еді. Небір жылдам, қарулы жігіттер жұдырықтай сары бозбаланы шиырып тастағысы келеді. Қанат қас-қағымда бұлт етіп, кілемге аяғымен не қолымен дік ете қалады. Ұстасқан бетте қарсыласына қолайсыз жағдай туғызуға шебер. Аса сақ. Сезімтал. Кейде қарсыластың ойын оқып тұрғандай әсер қалдырады. Сөздің тоқетері: Қанат қалыпқа сыймайтын балуан болды, – дейді спорт журналисі Қыдырбек Рысбек. 

Кейіннен 1987 жылы Болгарияда Еуропа чемпионатын-да топ жарды. КСРО Кубогының екі дүркін  жеңімпазы болды. Одан да басқа толып жатқан жетістігі жетерлік.

Карьерасын аяқтаған соң, бапкерлікпен айналысты. Самбо мен дзюдо шеберлерін қатар жаттықтырды. Бірнеше жыл дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасының тізгінін ұстады. Екі рет қыздарды Олимпиада ойындарына апарды. Әсіресе, 2008 жылғы Бейжіңдегі олим-пиада ойындарын ерекше еске алуға болады. Өйткені сол кезде құрама қыздары 7 салмақтың алтауында Олимпиада жолдамасын еншілеген. Қытай астанасындағы татамиде Келбет Нұрғазина (48 келі), Шолпан Қалиева (52 келі), Гүлзат Оралбаева (57 келі), Жанар Жанзунова (70 келі), Сағат Әбікеева (78 келі), Гүлжан Исанова (78 келіден жоғары) белдесті.

Дзюдодан Қазақстан қыздар құрамасы тарихында оған дейін де, кейін де мұндай көлемде спортшы Олимпиадаға бармады. Әрине, бұл жерде бас бапкер Қанат Байшолақовтың еңбегі зор. Бейжіңде 24 секундта Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, француз Фредерик Жоссинені жеңген Келбет Нұрғазинаның айтуынша, Қанат Сайранұлы шәкірттеріне сене білетін маман болған.

– Ағайымыз маған ерекше сенім артатын. Тіпті жеребеден қандай мықты түссе де, оны өтесің деп тұратын. Бейжіңде де солай болды. Жеребе анықталып, француздың атақты спортшысымен кездесетінім белгілі болғанда, арқамнан қағып, «ештеңе етпейді, ұтасың» деп айтты. Ол кісінің сол сенімділігі маған күш беретін, – дейді Келбет Нұрғазина.

Елдегі самбо мен дзюдоның дамуына орасан үлес қосқан азамат 2011 жылы 5 ақпанда қапияда қаза тапты. Осы жерде марқұмның азаматтығын да байқауға болады. Есіл ер ақпандағы алай-түлей боранда өзінің өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына бара жатып, күре жолдың бойында тоқтап тұрған көлікті көреді. Аңқылдаған азамат өте шықпай, арнайы барып жағдай сұраған. Сөйтсе, көліктегілер боранның саябырлағанын күтіп аялдаған жолаушылар болып шығады. Кері бұрылып, өзінің темір тұлпарына бет алған кезде, қарсы алдынан шыға келген жүк көлігі қайран ерді қағады да кетеді... Басқа біреу болса, тоқтамай өте шығуы да мүмкін ғой. Әрине, ажал айтып келмейді. 50 жасын тойлай алмай, Қанат Байшолақов дүниеден өтті.

– Ағайымыз құрамада ұзақ жыл еңбек етті. Олимпиададан соң орнынан алып тастағаны да қатты әсер еткен секілді. Ол туралы інісі Талғат Сайранұлы  бір сөзінде айтып еді. Содан да көңіл-күйі болмай жүріпті. Әбден командада жүріп үйренісіп қалғаны әсер етті-ау. Қазасын естігенде төбемнен жәй түскен-дей болды. Қаншама жыл бірге жүрген, көз алдымдағы ағайымыздан айырылып қалуымыз оңайға соқпады. Бірден Жаңаарқаға ұшып бардым. Ол кезде Қызылордада тұратынмын, – дейді шәкірті Келбет Нұрғазина.

Алақандай Жаңаарқа ауданын танымал етуге ағайынды Байшолақовтардың қосқан үлесі зор. Өкініштісі, 10 жыл өтсе де марқұм Қанат Сайранұлына лайықты құрмет көрсетілмей келеді.

– Марқұмның Жаңаарқа дегенде шығарға жаны жоқ еді. Қолы қалт еткенінде құстай ұшатын. Жаңаарқаны, ондағы өзі түлеп ұшқан «Жас сұңқар» спорт мектебін аузынан тастамаушы еді... «Өткен күнде белгі жоқ». Бүгінде сол Жаңаарқасы атағын дүниежүзіне жайған ұлын ұмытып кеткендей. Қайтқанына он жыл өтсе де, өскен өлкесінде чемпионды еске түсіретіндей бірде-бір белгінің болмауы қабырғаға батады, жанды қынжылтады. Есіл ердің атымен аудан орта-лығы Атасудағы бір көшені немесе спорт мектебін атаса, қой дейтін қазақ табылмас еді-ау.
 

Әйткенмен, «игіліктің ерте-кеші жоқ». Жаңаарқа ауданының қадірлі ақсақалдары, игі жақсылары, атқа мінген азаматтары бұл мәселені жерде қалдырмай, ретін келтіріп, бір жөнін табады деп сенгіміз келеді. Бұл игі істен, келер ұрпақ тәрбиесіне шарапатын тигізер шаруадан облыс басшылығы, облыстық мәслихаттың депутаттары да шет қалмас деген үміт бар, – дейді спорт журналисі Қайрат Абдолла.

«Ағайынды Байшолақовтар» деген кітап жазған Қайрат ағамыз әлеуметтік желіде осы мәселені көтерген болатын. Соған Жаңаарқа ауданының әкімдігі былай жауап қатыпты:

– Биыл 60 жылдығына орай, Жаңаарқа ауданында маусым-шілде айларында еске алу кешімен, әртүрлі спорттық іс-шаралар өткізу бекітілген жоспарға сәйкес өткізілетін болады. Аудан әкімі Юржан Бекқожиннің тапсырмасына сәйкес, Жаңаарқа кентінде орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Қанат Байшолақовтың есімін беру жөнінде құжаттар рәсімделіп облыстық ономастикалық комиссияға ұсыныс жолданған болатын. Алайда Мәдениет және спорт министрлігі ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізімінде Қанат Байшолақовтың есімі болмаған-дықтан құжатты кері қайта-рып жіберді. Бүгінгі күні Қанат Сайранұлын «тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін облыс әкімдігі арқылы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Жаңаарқа кентінің солтүстік-шығысында бой көтерген жаңа ықшам ауданындағы жаңа көшелердің біріне Қанат Байшолақовтың есімін беру жөнінде құжаттар әзірленіп жатыр. Енді облыстың ономас-тикалық комиссиясы оң шешім шығарады деген сенімдеміз.

Елдің спортына орасан зор үлес қосқан Қанат Байшолақовтың 60 жылдығы туған жері Жаңаарқада ғана емес, республика көлемінде аталып өтілсе де артық болмас. ҚР дзюдо федерациясы, Ұлттық Олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі де қарап қалмайды деп үміттенеміз. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл


 

568 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор