• Бірінші байлық
  • 20 Ақпан, 2021

Коронавирус инфекциясы туралы әлі де хабарымыз аз

Коронавирус пандемиясы алғаш басталғанда түрлі жалған ақпарат қоса тарады. Мұндайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мол жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Осыны ескере келе, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ БАҚ өкілдеріне арналған «Медициналық журналистика» курсын өткізді. Курс барысында қырыққа жуық журналист дәріс тыңдаумен қатар, медицина мекемелері мен ауруханаларда практикалық сабаққа қатысып, дәрігерлермен сұқбат құрды. Бұл материалымызда білікті де тәжірибелі мамандардан естіп-білген ақпараттарды оқырманға жеткізуді жөн көрдік.  

«Медициналық журналис-тика» курсының екінші күнінде эпидемиолог, Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі Эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев «Коронавирустың адамның иммундық жүйесіне әсері және COVID-19-ға қарсы вакциналау қағидасы» атты дәрісінде коронавирус инфекциясының тарихынан бастап, адамға тигізер әсері, вакциналау туралы пайдалы ақпараттар айтып, тілшілерді мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді.

Коронавирус инфекциясының тарихы

Көбіміз коронавирус инфекциясы таяуда ғана пайда болып, қалайша жер әлемге тез тарап кетті деп аң-таң боламыз. Ал бұл инфекция ең алғаш 1931 жылы анықталған екен. Ол вирус инфекциялық бронхиттің қоздырғышы деп саналды. Алдымен инфекция үй жануарлары мен құстардан, сүтқоректілерден анықталса, адамның алғашқы коронавирусы 1965 жылы тіркелді. Бұл ветеринарлық проблема деп саналғанымен, кейін адамдар арасын-да тез таралатын қасиетке ие болып, антропоноз, яғни тек адамның коронавирусы түрінде тіркелді. Вирус өткен ғасырдың басында анықталғанымен, бұл жағдайға медицина мамандарының бей-жай қарауы мен зерттеу жұмыстарының тыңғылықты болмауы кесірінен вирус мутацияға ұшырап, қалаған ортасында дами бастады. 2019 жылы Қытайда өкпе қабынуды туындататын этиологиясы белгісіз науқас деп саналған жаңа індет пайда болды. Яғни, вирус бірден пайда болып, таралып кетпеген, халық тығыз қоныстанған аймақтарда болғаны анық және жылдар бойы дамып келген. ДДСҰ мамандарының дерегі бойынша, әлемде инфекцияның салдарынан 3,5-7 миллиард долларға жуық қаржы жоғалтуға әкелді.

Адамның иммундық жүйесіне әсері

Коронавирус инфекциясы – аспирациялық механизммен өте тез таралатын, тез өзгергіш қасиеті бар, әсіресе төменгі тыныс алу жолдарын зақымдап, оның барлық қызметін бұзып, тыныс алуды қиындатып, өлім-ге дейін әкелетін аса қауіпті жұқпалы ауру.

Вирус адам ағзасының маңызды мүшелері – асқазан-ішек, шеткі және орталық жүйке жүйелерін, бүйрегі мен бауырын, иммундық жүйесін зақымдап, жарақаттануға дейін әкеп соғады. Өзге вирустар адамның бір ғана жүйесін зақымдаса, коронавирус жүйке жүйесі, қан тамырлар,  иммундық жүйе, эндокриндік жүйеге де зақым тигізеді. Сонымен қатар, коронавируспен ауырған науқастарда ұмытшақтық белгілері болуы мүмкін. Оның себебінің бірі – бұл аурумен ауырғандардың дәм мен иісті сезбеуі. Дәм мен иісті сезбеу – жоғарғы мидың зақымдануының айқын көрінісі. 

COVID-19 ауруы қабыну процесінің дамуы барысында әртүрлі цитокиндер (иммундық жасушалар) мен хемокиндердің (діңгек жасушалар) өте жоғары деңгейде көтерілуімен байқа-лады. Осыған орай цитокиндік реакция (жауап)  SARS-COV-2 жұқтырған науқастарда дамуын «цитокиндік дауыл» деп атайды. Әртүрлі цитокиндердің дамуы мен азайғаны арқылы мамандар аурудың қалай дамығанына болжам жасай алады. Инфекцияның екінші сатысы дамыған кезде пациенттің жағдайы нашарлай түссе, науқасты қадағалай отырып, «жасанды өкпе желдеткішіне» қосу қажет.

Вакцина салу

Қазір әлем бойынша 237 түрлі коронавирусқа қарсы вакцина өнімі жасалған. Олардың кей-біреуі сынақтан өтіп, қолданысқа берілді. Ал Қазақстанда 4 түрлі вакцина сынақтан өтіп жатыр. Алғашқы вакцинаны Ресей ғалымдары жасап, қолданысқа ұсынып қойғанын да атап кеткен жөн. Бұл вакцинаға өзге елдерден түскен сұраныс 60%-ға жақындады.  Ресей ғалымдары дайындап шығарған «Спутник-V» вакцинасы қандай әдіспен жасалды деп ойлайсыздар? Бұл вакцина коронавирустың белогынан антидене түзу арқылы жасалған.Қалайша деп таңдансаңыз, түсіндірейін. Бірінші типті аденовирусты тасымалдаушы ретінде пайдаланып, осы вирусқа коронавирустық ген жалғастырылды. Яғни, коронавирустың құрамындағы S-белогын бөліп алып, аденовирусты қосу арқылы жасалған, сонымен қатар осы әрекеттің алдында вирустың РНҚ-сын ДНҚ-ға ауыстырылды. Себебі бұрын вирустарда РНҚ мутацияға ұшырамайды деген қағидаға коронавирус инфекциясы қайшы келгендіктен, ДНҚ-ға ауыстырылып отыр. S-белокты аденовирус тасымалдаушы ретінде адамның иммундық жасушасына әкеліп тапсырады. Осы вакцинаның иммуногендік қасиеті шамамен екі жылға дейін сақталады деген болжам бар. Ал бұған нақты көз жеткізу үшін халықты жаппай вакциналау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырған жөн. 

Эпидемиолог Сәкен Әміреев журналистерге вакцина жасаудың төрт түрлі негізгі әдісін айтып берді. Соның бірі – «Эпи-Вак-Корона» деп аталатын вакцинаны даярлау әдісі. Дайындаушы – Новосібір қаласында орналасқан «Виктор» ғылыми тәжірибе орталығы. Жоғарыда аталған «Спутник-V» вакцинасынан дайындалуы жағынан ерекшелі-гі – гендік инженерия әдісімен жасалған, яғни мұндағы иммуногендік субстракт белогын (S-белокты) қолдан жасаған, вирустың ешқандай бөлшегі пайдаланылмаған. Не себептен деп ойласаңыз, вирус құрамындағы белокты пайдалану кейбір адамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда мұндай әдіспен жасау қомақты қаражатты талап етеді. Аталған вакцина қазір сынақтың үш сатысынан да сәтті өтті. Соңғы сынаққа қатысқан 500-ден астам еріктіде қорғаныс қалыптасқаны жарияланды. 

«Қомақты қаражатты қажет етеді деп, тым қарапайым әдістермен де вакцинаны даярлай салуға болмайды. Жаман вак-цинаны салдырғанша, мүлдем салмаған артық», – дейді Сәкен Әміреев. Себебі вакцина да мутацияға ұшырай алады және адамға кері әсерін тигізуі жоғары болмақ.

Қазіргі таңда вакцина даярлау да бәсекеге соқтырған секілді. Ал денсаулық мәселесіне келгенде, бәсеке емес, бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Сәкен Әміреев шетелдік және отандық вакциналар жайлы ақпараттарды жеткізу барысында кейбір вакцинаның дайындалуы әзірге құпия екенін де айтып өтті. Мысалы, Санкт-Петербург қаласындағы Л.Пастер атындағы микробиология және иммунобиология ҒЗИ мамандары дайындап жатқан вакцинаны дайындау принципі әзірше белгісіз. Бірақ осы ғылыми мекеме көптеген иммунобиологиялық диагноз қою, алдын алу препаратын көп жылдан бері өндіріп келе жатыр.

Елімізде бірнеше вакцинаның сынақтан өтіп жатқанын айттық. Қазір халық арасында вакцина салдыруға қатысты екі түрлі пікір қалыптасқан. Әрине, вакцинаны салдыру әр адамның өз еркінде. Бірақ кері пікір қалыптастырудың қажеті жоқ. Бұл туралы эпидемиолог бірнеше дәлел келтірді. Бұдан бұрын Қазақстанда салынып келе жатқан вакциналардың ешқандай кері әсері болмағанын, керісінше, бірнеше аурудың алдын алып келе жатқанын алға тартты. Мысалы, В гепатиті, С гепатитіне қарсы вакцина салу 1992 жылы басталса, осы уақытқа дейін екпе салдырған бірде-бір баладан бұл ауру анықталмаған. 

Онкопатологияның бір себебі – микроорганизмдер. Біз бұл аурудың алдын алуда тек вакцина арқылы шешімін таба аламыз. Микроорганизмдер қозып, В гепатиті асқынса, одан әрі онкопатологиялық ауруға соқтыруы әбден мүмкін. Осыдан-ақ аурудың алдын алуда вакцинаның рөлі зор екенін түсінуге болады. Тағы бір статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2012 жылы қызылша ауруына қарсы вакцинаға кейбір ата-аналар қарсылық білдірді. Ал 2017 жылы қызылша ауруымен тіркелгендердің саны 5000-нан асқан еді.

Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина салу. Жер бетінде адамзаттың толық жеңе білген бір ғана ауруы – қарашешек. Алайда 1960 жылға дейін, яғни қарашешекке қарсы вакцина салынғанға дейін бұл жұқпалы ауру жер бетіндегі 300 миллион адамның өмірін жалмап үлгерді. Шешек вирусын жұқтырған ең соңғы адам 1977 жылы өліпті. Вакцина ауруды толық жеңбесе де, өлім-жітім көрсеткіші едәуір азаятыны анық. Ал халық толықтай екпені қабылдап, ұжымдық иммунитетті қалыптастырса, ауруды да біржола жеңеміз деген ойдамыз.

Дәрістен кейін журналистердің сауалына эпидемиолог Сәкен Әміреев толықтай жауап берді. Көпшілік аурудың алдын алу мақсатында түрлі антибиотик пен басқа да дәрі-дәрмекті қолданып, керісінше, ағзадағы пайдалы жасушаларды өлтіріп алатынын мүлдем білмейді. Кейбір дәрі бауырдың жұмысына зақым келтіріп, иммунитетті түсіретінін ұмытпау керек. 

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор