• ҰЛАН
  • 20 Ақпан, 2021

Бір аптада төрт премьера

Адам болғасын түрлі сезімді сезінесің. Кейде классикалық әдебиетті оқып, тамсанып отырасың. Кейде іскерлік әдебиетті оқисың. Мотивация, психология, тайм-менеджмент деп басыңдағы бар проблеманы кітаптағы нұсқаулықпен сылып тастағың келеді. Кейде білім жетілдірейін деп ғылыми әдебиетке бас қоясың. Айналып келгенде, адам өзін іздеп жүреді. 

Театрға да адам өзін іздеп барады. Театрдағы әрбір жаңа қойылым көрерменді елең еткізсе, қайталап келе беретін театрал көрермен де табылады. Өткен аптада М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры бірден төрт жаңа қойылымның тұсауын кесті. Бір аптада қатарынан бірнеше премьера ұсыну қазақ театр сахнасында тұңғыш рет болған оқиға. Әуелі қандай премьералар шыққанын оқырманға қысқаша таныстыра кетейік. 

Мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың «Кафедегі екеу» пьесасы негізінде сахналанған «Екеуміз...» драмасы. Қоюшы-режиссері – Мемлекеттік республикалық академиялық неміс драма театрының актрисасы әрі режиссері Наташа Дубс. Қойылымға кейінірек тоқталамыз. 

Қазақ әдебиетіндегі ең оқылымды шығармалардың бірі – Төлен Әбдіктің «Оң қолы» десек, қателеспейміз. «Менің шығармаларымның ішінде дәл осы «Оң қол» киноға келгенімен, театр сахнасына келмейді-ау деп ойлап жүр едім», – депті жазушы «Оң қолды» сахналауды ұсынғанда. Бірақ жас драматург, Дулат Исабековтің төл шәкірті Қолқанат Мұрат жазушының шығармасын сахнаға лайықтап жазып шықты. Қоюшы-режиссері – Алмат Шәріпов.

Басты кейіпкер Алма белгісіз дертке шалдыққан. Он жеті жастағы бойжеткеннің бойындағы үрейлі дерт кімді болса да алаңдатады. Ауруханада оның дертін емдеуге жас дәрігер көмектеседі. Бірақ Алманың «мазасыз» оң қолы оны жайына қалдырмайды. Психологиялық тартысқа толы хоррор драма көрерменге ой салады. Сахнаның безендірілуі, бұрын-соңды басты рөлді сомдамаған жас әртістердің басты рөлдерде ойнауы жаңалық болады деп ойлаймыз.    

Қазақ әдебиетінің классигі, көптеген оқырманның сүйікті жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Барымен базар» комедиясын режиссер Н.Жұманиязов сахналады. Комедия жанрында жазатын автор некен-саяқ. Тынымбай ағамыз осы жанрда көш бастап тұрған автордың бірі. Бұған дейін театрдан жазушының комедияларын көрген көрермен жаңа туындысына да ағылып баратынына сөз жоқ. «Барымен базар» – кішігірім базарда сауда істейтін үш кемпір туралы. Олардың ащы да қуақы тілі қазіргі қоғамдағы біраз проблеманың бетін ашып көрсетеді. 

Ғабит Мүсірепов театрында қойылып жүрген «Құпия» қойылымы көптеген көрерменнен оң бағасын алған. Жас режиссер Ерлан Кәрібаевтың дебюті өте сәтті шыққан. «Құпияны» көрген әрбір көрермен Ерланнан сол деңгейдегі дүние күтері сөзсіз. Бұл жолы режиссер басқаша бағытты қолға алыпты. «Туған күн» деп аталатын монодрамада бір ғана актриса – Назгүл Қарабалина ойнайды. Идея авторы да – актрисаның өзі. Ал оны сахнаға лайықтап жазған – актриса Баян Қажынәбиева. 

«Туған күн» – тағдыр тәлкегіне түскен әйелдің өмірі, тастанды ұрпақтың тағдыры туралы драма. Ата-ананың ыстық құшағы мен аялы алақанын сезінбей, балалар үйінде тәрбиеленген, бойжеткенде сүйген адамынан сатқындық көріп, үміті, сенімі ыза-кекке айналған тағдыр иесінің соңғы туған күні осы шығар, бәлкім... 

Кіші залдың қойылымы адасып жүрген жоқ па?

Әуезов театрының репертуа-рындағы «Жүрегімнің иесі», «Қоштасқым келмейді» қойылымдары (кіші залда) ылғи аншлагпен өтеді. Тап сол күні театрға бара қойсаң, билет таппай қаласың. Сондықтан бұл қойылымдарға көрермен алдын ала билет алып жататынын жиі байқаймыз. Екі қойылым да несімен өтімді? Жоғарыда айтқанымыздай, көрермен онда өзін іздеп барады. «Жүрегімнің иесі» – отыздан асқан, тұрмысқа шықпаған қыздың жан-айқайы туралы драма. Уақытында тұрмысқа шықпаған қыз қоғамнан, туған-туыс, ата-ана, дос-жаран, әріптестер тарапынан түрлі қысым көреді. Бірақ ол қыз неге тұрмысқа шықпай жүр? Неге жүрегінің иесін жолықтыра алмай жүр? Оған ешкім бас қатырмайды. Оңашада қыз тағдырымен бетпе-бет қалады. «Қоштасқым келмейді» – ерлі-зайыптының ажырасуы, бір-бірін түсінбеу секілді өзекті мәселені көтереді. Қоғамда тұрмысқа шықпай, қысым көріп жүрген қыздардың да, ажырасып жатқан ерлі-зайыптының көптігі де осы қойылымдарды іздеп жүріп көретін көрерменнің көбеюіне әсер етті деп ойлаймыз. Әр адам өзін біреу түсінсе дейді. Миындағы мың-сан сұраққа жауап іздейді. Оны театрдан, тап осы қойылымдардан тапқандай болады. 

«Екеуміз» драмасы да осы екі қойылымдағыдай адам жанының жалғыздығы, екі жастың қарым-қатынасы секілді тақырыптарды қаузайды. Отбасын құрған, отбасын құрғысы келетін жастарға тән құмарлығынан бөлек, не керек? Міне, осыған жауап іздеуге көмектеседі. 

Әуелі сахна ашыла салғандағы қатар-қатар тізбектелген қап-қара көп орындық тосын көрінді. Декорация дегеннен орындықтан өзге түк жоқ. Актерлардың киімі де бірдей. Ер адамдар қою сұр түсті спорттық үлгідегі жеңіл киім кисе, қыздар ашық сұр түстегі юбка-кофта киген. Екі жұптың басындағы оқиға сипатталады. Бірі қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген жұп болса, екіншісі – жас отбасы. Драманы көрген адам: «Мынау мен ғой, мынау пәленше ғой, ал мынау түгенше ғой», –  деп отырады. Қойылым «сленг» сөздерге де бай. Яғни, жастардың тілімен «сөйлеп» тұр. Қойылымда пластикалық қимыл шектен тыс көп болып кеткен секілді. Кейбір қимылдарына қарап, «қашан бітеді екен» деп іш пысады. Ерсілі-қарсылы қол  қимылдарына ұзақ қарап отыруға көрерменнің төзімі жетпейтіндей көрінді. Егер ол қимыл хореографиялық жағынан баурап алса, жалықтырмас еді. Қазір жастардың Инстаграм, Фейсбук, Тикток, Телеграм секілді әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатынын да мәселе ретінде көрсетеді. Оған балама – театр мен кітап екенін де ескерте кетеді. Кейіпкерлердің «Екеуміз» қойылымына билет алып қойдым, барайықшы», – деуі бір жағынан келіп отырған көрерменге бұл қойылымға босқа келмегенін ескертсе, бір жағынан арзанқол жарнамаға ұқсап кетеді. Көрермен қойы-лымға келген соң, соңына дейін көреді емес пе... Жастар ұнататын «Ninеty one» тобының әніне импровизация жасауы да көрерменді «ұстап» қалуға арналған жарнама дер едік. 

Қазақ жастарының кім боларын білмей жүргенін ерке қыздың біресе үнді, біресе кәріс қызының мақамымен сөйлеуі арқылы беруі тақырыпқа жақсы тұздық болған. Массовкадағы актерлардың түсініксіз тілде сөйлеуі (мүмкін қытай тілі) сыртқы күштен әлдебір қауіп барын көрсететіндей. 

Қазір қоғамда «мені түсінші» дейтіндер көп, бірақ түсі-нікті болғысы келмейтіндер одан да көп. «Екеумізге» барған әр адам кереғарлықпен бетпе-бет келеді. Драма шашылып жатқан ойды бір арнаға тоғыс-тыруға ұмтылған. Шешім көрерменнің еншісінде. Алайда «Екеуміз» ұлттық театрдың үлкен залында адасып жүрген сияқты, кіші зал да жеткілікті еді. Наташа Дубс: «Театрға келушілердің басым көпшілігі жастар екенін ескеретін болсақ, бұл тақырыптың қызығушылық тудыру мүмкіндігі зор», – депті. Бірақ үлкен залға аншлаг бола қоймайды-ау... 

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

696 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор