• Сенің замандасың
  • 19 Ақпан, 2021

365 күн жүгірген Жансұлтан

Ақтау қаласында талантты, дарынды балалармен қатар ерік-жігері мықты балалар да тұрады. Бүгін біз сіздерге жігерін шыңдап, еңбекқорлықтың жемісін көрген Жансұлтан Бүркітбай туралы айтып береміз. Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Жансұлтан Бүркітбай 11-сыныпта оқиды. Ол көшбасшы болу жасқа емес, еңбекқорлық пен ниетке тікелей байланысты екенін дәлелдеген өрен. Жансұлтан 2019 жылы қазан айында 365 күн бойы жүгіруді алдына мақсат етіп қойған. Ал былтырғы 12 қазан күні мақсатына жетті.

– Бір жыл бойы жүгіруіме әсер еткен дүние не десеңіз, Youtube арнасынан Хеллах Сидиб деген жүгірушінің видеосын көрген болатынмын. Ол да мен секілді күнде жүгіруді әдетке айналдырған. Жалпы жүгіру, спорттың пайдасы туралы тұрақты бейнематериалдар әзірлеп ұсынып отырады. Мұны көрген соң мен де шабыттанып, жүгіріп көруге бел байладым, – дейді спортшы. 

Жансұлтан күнде жүгіру оңай болмағанын айтады. Өйткені жүгіру кестесіне, орнына өзгерістер енгізіп отыруға тура келген. Күнделікті сабақ, ауа райының қолайсыздығы, ораза кезінде жүгіру – бірқатар күш пен сабырды талап еткен.

– Бастапқыда қиын болды. Осы уақытқа дейін жаз айында таңғы бесте жүгіріп жүрсем, күз айынан бастап күн тәртібінің тығыз болуынан кешкі уақытта жүгіруге тура келді. Аязды, желді күндерде жүгіру қиындық туғызады, кейде тым кеш уақытта жүгіруге тура келеді. Алайда алда айқын мақсатым болғандықтан, жүгіруді жалғастыра бердім. Кейін карантин басталды. Көшеге шығуға болмайды деген соң үй ішінде, мектеп ауласында жүгіруге тура келді. Кейін ауыз бекітіп, ораза ұстадым. Ол кезде де жүгірдім, – дейді талапшыл жас. 

Жансұлтанның жүгіруге әуестігі мен уәдеге беріктігіне қызыққан жастар оған еріп жүгіре бастапты. Нәтижесінде Жансұлтан Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының басын қосып, «NISRUNCLUB» жүгірушілер клубын құрған. Карантин талаптарына байланысты клуб жұмысы әзірге тоқтап тұр. Ал Жансұлтан жүгіруін тоқтатқан жоқ. Ол бүгінде үш жартылай марафон мен бір толық 42 шақырымдық марафонға қатысып, бір қайырымдылық марафонын ұйымдастырып үлгерді.

– Жүгіруге әуестігім мені көптеген жетістікке жетеледі. Жүгіру марафондарына қатысып, зияткерлік мектептің белсенді мұғалімдерімен бірге қайырымдылық бағытындағы онлайн марафон ұйымдастырып, Маңғыстаудағы бес отбасына көмек көрсеттік. 

Енді карантин мерзімі аяқталған соң мектебімізде офлайн марафон өткізу жоспарда бар. Көшбасшылық қабілетім де дамыды, қазір оқу орнындағы өзін-өзі басқару ұйымының президентімін, – дейді ол.

Ал біз рухын шыңдаған Жансұлтанға сәттілік тілейміз.

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

1269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор