• Әуез
  • 19 Ақпан, 2021

Айгүл Қосанова, ҚР мәдениет қайраткері, әнші: Әнші болсам деген арманмен өмір сүру аздық етеді

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының үздігі Айгүл Қосанова – дәстүрлі ән өнерінің майталманы. Дәстүрлі ән өнерінен қол үзбей-ақ, эстрада әндерін жоғары деңгейде орындауымен де тыңдарманды баурап алады. Өнер мен мәдениет саласында ойып орын алған Айгүл Қосановамен сұқбаттасып отырғанда, әншінің қарапайымдығына тәнті болдым.

– Балалық шағыңызды еске алсақ... Ең алғаш ән салған сахнаңыз есіңізде ме?

– Әрине, балалық шақтан жадымда сақталғанның бәрі де тәтті естеліктер. Балалық дәуренім қымыз бен шұбат ішіп, құрт жасаудан жарысқан қазақ ауылында өтті. Өмірдегі және өнердегі алғашқы қадамдарым да сол бір ыстық ұядан басталды. Алғаш мектеп табалдырығынан аттап, құрбы-құрдастарыммен ойнап-күліп мектептен қайтқан шақтардың орны бөлек. Ең алғаш халық алдында өнер көрсетуім – туған жерімде Наурыз мейрамын тойлау еді. Балалық шағым үшін дән ризамын.

– Әр бала қандай да бір өнер адамын үлгі санайды. Сіз кімге еліктеп өстіңіз? 

– Ол уақыттарда әншілер бүгінгідей көп емес еді. Десе де, сүйіп тыңдайтын әнші аға-әпкелеріміз болды. Өзім Мақпал Жүнісованы ерекше жақсы көретінмін. Оның әрбір әніне, орындау шеберлігіне, сахнада өзін ұстауына қызыға-тынмын. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, Мақпал әпкемнің әндерін барымды салып орындайтынмын. Роза Рымбаева болып ән салу да менің сүйікті ісім еді. Құрбы қыздармен өзімізді әнші сезініп, бір-бірімізді сахнаға шақырып ойнайтынбыз. Сонда сахнаға барлығы Роза Рымбаева болып шыққысы келетін. «Сахна төрінде Роза Рымбаева» деп өзімізді хабарлап, ән салатынбыз. Сол балалық арман үлкен белеске жетелеп, бүгінде еліктеп өскен әпкелеріммен бір сахнада өнер көрсетіп жүрмін.

– Өз орындауыңыздағы қандай ән ұнайды?

– Әрбір әннің орны бар. Ән жүрекпен орындалғаннан кейін ерекше. Менің орындауымдағы әндердің бағасын халық береді. Ал ән халықтың көңілінен шығып, тыңдарманның жүрегіне жетіп жатса, әнші үшін одан артық мәртебе жоқ.

– Дәстүрлі ән өнерін жастар арасында қалай насихаттай аламыз?

– Әрине, мен ешкімге міндеттей алмаймын. Дегенмен, бұл мәселе жөнінде жеке пікірімді айта кетейін. Отан – отбасынан басталады. Туған елге, әдет-ғұрыптарымызға, ұлттық өнерімізге деген құрметті әрбір ана баласының бойына сіңіріп өсірсе деймін. Дәстүрлі ән өнері ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен орындалады. Бұл – біздің төл өнеріміз. Ал ұлттық құндылықтарға деген құрмет артса, дәстүрлі әндерімізде халық арасында кең тарайды, жастар арасында бұл өнерге деген қызығушылық болады. Яғни, тәрбие тал бесіктен басталады.

– «Егіз лебіз» жобасында өнеріңізді паш еттіңіз. Жобадағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! «Егіз лебіз» жобасы туралы айтарыңыз болса…

– «Егіз лебіз» 2020 жылы алтыншы мәрте көрерменге жол тартты. Бұрын «Екі жұлдыз» деген атаумен болған. Өзім теледидарды жиі қарамағандықтан, бұл туралы бейхабар едім. Сондықтан жоба қатысушысы болғанымда, барлығы мен үшін жаңаша болды. Жоба барысында ең маңыздысы – апта сайын берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындау. Әр жолы бізге қолдау көрсеткен, тыңдарманымызға айнал-ған әрбір көрерменге айтар алғысым шексіз. Мен үшін бұл жобаның ерекшелігі өзімді басқа қырымнан да шыңдай түстім.

– Үлкен сахнада алғаш өнер көрсеткеніңізде қобалжу болғаны анық. Қазір сол қобалжу сезімі бар ма?

– Қобалжу сезімі сахнаға шыққан сайын қайталанады. Қобалжымайтын өнер иесі жоқ шығар. Кейде республика сарайында концерт беретін кездер болады. Онда үш мың адам жиналады. Сонда алты мың көз сахнадағы өнерпазға қарап отырады. Ал мұңдайда, әрине, бойыңды аздап қор-қыныш билейді. «Егіз лебіз» жобасында көрерменсіз өнер көрсетсек те, әр шығарылымда толқитын едік.  Себебі сахна қашан да киелі. Сахнаға асығыс шығып кетуге болмайды.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Өмірлік ұстанымым – адал болу. Кез келген істе адалдық жоғалмаса екен. Қандай сала маманы болса да, өз ісіне адал болса, шешілмейтін мәселе жоқ. Адал-дық – барша ізгіліктің бастауы.

– Әнші болғысы келетін замандастарым бар. Оларға сіздің тарапыңыздан кеңес болса…

– Меніңше, бүгінде халық арасында «екінің бірі әнші» деген түсінік қалыптасқан. Олай емес, әрине. Нағыз әнші болу аздап музыкалық дарынның болуымен шектелмейді. Өнер жолын таңдаған адамға әнші боламын деген арманмен ғана өмір сүру аздық етеді. Бұл жол қажырлы еңбекті талап етеді. Кәсіби әнші болғың келсе, білімді болуың керек. Біз бірнеше жыл осы салада білім алдық. Ал қазіргілер төрт жылдық музыкалық колледжбен қоса төрт жыл консерваторияны тәмамдап жатыр. Енді оған екі жылдық магистратураны қосыңыз. Әнші боламын деген замандастарың мақсаттарына жету үшін аянып қалмасын.

– Көп рақмет. Шығармашылығыңызға табыс тілеймін. 

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
Қ.Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы.

Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

200 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ, опера әншісі: Операға келетіндер көбейді

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор