• ҰЛАН
  • 20 Ақпан, 2021

Өзбекстандағы балалар және коронавирус

Коронавирус сөзі бәрімізге таныс. Ол туралы түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Ұлт, жас, жыныс талғамайтын вирус әлем халқының ортақ проблемасына айналды. Біз де бұл оқиғадан шет қалмадық. Газетіміздің өткен санында Ауғанстандағы қатарластарың коронавируспен қалай күресіп, қандай сақтық шараларын жасайтыны туралы жаздық. Бүгін Қазақстанмен шекаралас жатқан Өзбекстанның балаларымен сөйлестік. Олар жақында мектепке оралып, дәстүрлі оқу жүйесіне көшіпті. Өзбек балалардың денсаулығы мен білім алуы, жалпы күнделікті өмірі қалай өтіп жатыр екен? Сол туралы жаздық. 

Өзбекстанда коронавирус жұқтырған алғашқы адам 2020 жылдың 15 наурызында анықталды. Ол Франциядан ұшып келген жолаушы болатын. Мемлекеттің Денсаулық сақтау министрлігі бірден вирус жұқтырған жолаушы қарым-қатынаста болған адамдарды анықтап, бақылауға алды. Бірақ бүкіл әлемді жаулаған вирусты жұқтырғандар саны арта берді. Өзбекстанда COVID-19-пен ауырғандар саны 80 мыңға жуықтады, оның 662-сі қайтыс болған (17 ақпандағы статистика бойынша). Қазір Өзбекстан билігі Ресейден вакцина сатып алу мәселесін қарастырып жатыр. 

Онлайн тіл үйренудің қиындығы

Podborno.uz мәліметі бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке сай Өзбекстанда 14 жасқа дейінгі 9,8 миллион бала өмір сүреді екен. Оның 5,1 миллионы қыз, ал 4,7 миллионы ұл бала. Жалпы халық саны 34 миллионнан асады. 

Білім беру жүйесі, мәдениеті мен салт-дәстүрі, табиғаты жағынан Өзбекстан мен Қазақстан арасында ұқсастық көп. Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығында (ТӨМЕР-де) әлемнің әр түрлі мемлекетінде тұратын студенттер онлайн сабақ оқиды. Мен де қазір осы орталықта түрік тілін оқып жатырмын. Біздің топта Өзбекстан азаматтары да бар. Соның бірі – Фарангиз Толибжонова. Түрік тілін үйренбей тұрып бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттердің студенттері орыс тілінде сөйлесіп, тез тіл табысып кеттік. «Ұлан» газетінің оқырманына қызық болар деген оймен Фарангизден және оның сіңлісі мен анасынан Өзбекстандағы коронавирус, өмір салты туралы сұрадым. 

Фарангиз Толибжонова – болашақ дәрігер. Мектеп бітірген соң Türkiye Bursları шәкіртақысын жеңіп алып, Түркияның Анталия қаласындағы Akdeniz университетіне грантқа түскен. Ол пандемия-ға байланысты түрік тілін онлайн үйреніп жатқанын және тілді қашықтан үйрену оңайға соқпағанын айтады.

«Тіл үйрету орталығында аптасына бес күн қашықтан сабақ оқып, сенбі және жексенбі күндері демаламыз. Қашықтан оқу үшін күніне 4-5 сағат компьютердің алдында отырамын. Мұның тиімді-тиімсіз тұстары бар. 

Тиімдісі – онлайн сабаққа кез келген жерде қосылып, қажет болса түсінбей қалған тақырыпты сабақтың видеосын қайталап көру арқылы түсіне аламын. Шетелге оқуға түскенде жақындарымнан, туған үйімнен алысқа кететінімді ойлап, уайымдап едім. Қазір үйде, отбасымның қасындамын. 

Бірақ, тиімсіз тұсы – тілді қашықтан үйрену. Егер Түркияға барып оқығанда, түрік тілін тез меңгеріп кетер ме едім деп ойлаймын. Күнделікті тілдік орта болмаған соң, оқыған нәрсені практикада қолдана алмаймын. Достарыммен онлайн диалог жасаймыз. Бірақ бұл тілді жетік меңгеру үшін жеткіліксіз деп ойлаймын. Тезірек пандемия аяқталып, білім алу үшін Анталияға баратын күнді күтіп жүрмін», – дейді Фарангиз.

Расымен, кез келген тілді меңгеру үшін «жанды» қарым-қатынас жасау, native speaker арқылы сөйлесу маңызды. Алайда, онлайн өмір бізді түрлі жағдайға басқа қырынан қарауға үйретті. Қазір кез келген тілді сол ұлттың адамымен онлайн танысу арқылы меңгеруге болады. Мұндай тәсілді қауіпті әрі сенімсіз санайтындар үшін арнайы тегін сайттар да бар.

Мектепке барғым келеді...

Фарангиздің сіңлісі Муслима Толибжонова – 7 жаста. Биыл бірінші сыныпта оқиды. Бұрын сабаққа бармағандықтан Муслима үшін оқу жылы ерекше басталды. Бірақ Муслима би үйірмесін сағынып жүргенін айтады. 

«Біздің елімізге вирус келмей тұрып бәрі жақсы болатын. Мен би үйірмесіне баратынмын. Вирус келген соң бәріміз қорқып, үйде отыратын болдық. Би үйірмесі де жабылып қалды. Мен биді ғана емес, би үйрететін ұстазымды да сағындым. Вирус кетіп, бәрі жақсы болған соң қайтадан би үйірмесіне барам деген үміттемін»,  – дейді ол. 

Карантинде Муслима анасының тілін алып, үйден шықпапты. Муслиманың айтуынша, корона-вирус деген көзге көрінбейтін ұсақ жәндіктер адамның ішіне кіріп кетсе, ол ауырып, өліп қалуы мүмкін екен. Сондықтан Муслима қазақстандық балаларға да үйде отырып, ауырмай, сабақты «беске» оқысын деп сәлем айтты. 

«Менің де мектепке барып, сабақ оқығым келеді. Бұрын мектепке барғанда көптеген жаңа дос табамын, олармен бірге ойнаймыз, сабаққа дайындаламыз деп ойлаушы едім. Үйде ішім пысатын кездер болады. Ондай сәтте мультфильм көріп, кітап оқимын», – дейді Муслима.

Мектептер дәстүрлі оқу жүйесіне көшті

2020 жылдың наурызында Өзбекстандағы барлық мектеп, университет қашықтан оқуға көшіп, балабақшалар жабылды. Қашықтан оқыту мен онлайн жұмыс істеу жүйесі бұрын елде көп қолданылмағандықтан, алғашында түрлі қиындық болыпты. Бұл туралы Фарангиз бен Муслиманың анасы Нилуфар Хайдарова айтып берді.

«Қашықтан оқу алғаш енгізілгенде оқушылар мен мұғалімдерге ғана емес, ата-аналарға да ауыртпалық түсті. Басында интернет пен гаджеттерді пайдалануда қиындық кездесті. Білім және ғылым министрлігі бұл проблеманың шешімін тапты. Балаларға телеарналар арқылы сапалы және жүйелі білім берді. Кейінірек білім берудің басқа тәсілдерін де үйреніп алдық», – дейді Нилуфар ханым.

Қыздардың анасының айтуынша, қашықтан оқу баланың оқу үлгеріміне де әсер етіпті. Қашықтан оқу процесіне үйрене алмай жатқан кезде оқушылар мектеп бағдарламасынан едәуір артта қалып қойыпты. Кейін оқу жүйесі бірізділікке түскенде уақытында меңгерілмеген тақырыптарды қайта оқу үшін балаға ата-ананың көп көмегі қажет бопты. 

«Бұрын балаларымыз ұстаздардың қарауында болса, қашықтан оқу кезінде ата-ананың бақылауына мұқтаж болды. Кейде өз жұмысыңды тастап, баланың сабағына көмектесу керек. Ал кей ата-анада мұндай мүмкіндік болмады. Ондайда баласының оқу үлгерімі төмендеп кетті. Қашықтан оқудың тиімді тұсы да осы болған сияқты. Ата-аналар ұстаздардың еңбегін елеп, қадірін түсінетін болды. Ал балалардың бойында жауапкершілік пен өз уақытын  ұйымдастыра білу қабілеті қалыптасты», – дейді өзбекстандық ата-ана.

Айтпақшы, достар, қазір Өзбекстанда мектептер толығымен дәстүрлі оқу жүйесіне көшті. Алдағы уақытта барлық елде пандемия аяқталып, бәріміз дәстүрлі оқу жүйесі мен өмір салтына ораламыз деген үміттеміз.

P.S. Маған кішкентай кезімде Қазақстанның өзі сондай үлкен мемлекет, ал әлем одан да байтақ және әртүрлі боп көрінетін. Пандемия кезінде өзімнің есейгенімді немесе әлемнің сондай алақандағыдай екенін байқадым. Әлемнің қай бұрышында қандай адам өмір сүрсе де, бізге бәрі ортақ. Туған әлемнің табиғаты, жағдайы, бәрімізге ортақ вирус, ауа, білім... Әлемнің кеңдігі оның көлемімен емес, біздің таным-білімімізбен өлшенеді. Сондықтан таным көкжиегіміз кең болсын!

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

 

349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор