• ҰЛАН
  • 19 Ақпан, 2021

Гитарамен ағылшынша үйрететін волонтер

Еріктілердің жұмысы тегін болса да, олардың өзгелерге шын ниетпен көмектесуі өзіне бақыт сыйлайтынын көбі түсінбейді. Бүгінгі кейіпкеріміз 17 жасар Жәңгір Мұрат Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол 2016 жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне қазақ, орыс, ағылшын тілі мен математикадан тест тапсырып, «Өркен» конкурсы арқылы оқуға түскен. Ал ерікті болу мансабы қалай құрылды және гитарамен ағылшын тілін үйрету жобасын қалай іске асырғаны туралы кейіпкерімізден сұрадық.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне келгелі мектепішілік, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып келемін. Еріктілерге арналған жобамнан бұрын осы бағытпен айналыстым. Кейін сыныптастарымның басын қосып, мектепте қайырымдылық турнирі мен жәрмеңке ұйымдастырдым. Қайырымдылықтан жинал-ған ақша, киім және ойыншықтарды «Аналар үйіне» табыстадық. Мен «Аналар үйіне» жыл сайын барамын. Алайда ең үлкен бастама-ның бірі – NІSjastary мен Adyrna ұжымы ұйымдастырған қала әкімдігі өткізген «волонтерлік бастамаларды қолдау» байқауы болды. Оларға біз ерекше ризамыз. 200-ге жуық қатысушыдан тек 20 жеңімпаз марапаттал-ды. Соның ішінде ең жас жеңімпаз – өзім. Ал менің идеям – қаламыздағы  зияткерлік мектептермен бірлесіп гитара үйірмесін құру. Содан кейін жоғарыда аталған кішігірім гранттар конкурсына қатысып, одан да өттім. Жобам – Нұр-Сұл-тан қаласындағы жастарды, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар және балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге ағылшын тілін гитарада ойнау арқылы онлайн және ақысыз үйрететін волонтерлік ұйым құру. Идея әкімдікке ұнап, мерекелік іс-шарада 300 000 теңге грант бөлін-ген сертификат берді. Грант ақшасына біздің ұйым балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге 12 гита-ра сатып алды. Коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта гитарамен ағылшын тілін үйреттік.

– Волонтерлік жобаның мақсаты қандай?

– Мақсатымыз – ауызекі ағылшын тілінде сөйлейтін және гитарада ойнауды жақсы көретін балалар үйінің тәрбиеленушілеріне клуб форматында білгенімізді үйрету. Біз 100 оқушыны үйрету үшін  20-дан астам ерікті жинадық. Бірақ бұл тек ағылшын тілінің грамма-тикасын үйрету сабақтары ғана емес, ұйым еріктілері балалармен бірге ағылшын тілінде фильмдер көреді. Оған қоса, комикстер оқиды, ән тыңдайды және бастысы – аспапта ойнауды үйретеді. Айтпақшы, ерікті-лер ұйымын «Юнион клубы» деп атадық. Бұл тек ұйым ғана емес, болашаққа орасан жоспарлары бар үздіксіз дамудағы жастардың ұйымы.

– Волонтерлік жоба саған не үйретті?

– Волонтерлік жобаның арқасында баға жетпес тәжірибе жинақтадым. Себебі мен нағыз ерікті болудың не екенін түсіндім. Біздің қоғамда, тіпті мектепте болсын «ерікті» деген түсінік дұрыс қалып-таспаған. Ал мен ерікті болудан қоғамға ақысыз көмектесудің қандай бақыт сыйлайтынын ұқтым. Бұл – еріктінің теңдік пен алға жылжитын прогресті көруге деген ұмтылысы. Қазір жастар арасында волонтер болудың тұжырымдамасы әртүрлі. Көбі волонтер болуды концерттер немесе спорттық іс-шараларда бөтелкедегі суды жеткізу арқылы «ерікті» ұйымдарға көмектесуге жұмсайтын сағаттар мен сертификат алу деп ойлайды. Ал волонтерлік жобадағы тәжірибе маған қазіргі кезде адамдар-ды біріктіретін және қоғамға көмектескісі келетін нағыз еріктілер бар екенін көрсетті. Ерекше сабақ болды.

– Ерікті болудан басқа хоббиің бар ма?

– Иә, әрине, ерікті болу-дан басқа хобби ретінде ән жазамын. Жақын арада екінші әнімді шығарамын. Сонымен қатар, қазақы нақыштағы киімдердің дизайнын жасаймын және келесі айда өндірісті бастауды жоспарлап отырмын. Бос уақытымда достарыммен бірге шығып, кітап оқимын. Маған утопия жанрындағы кітаптар ұнайды. Сондықтан мен газет оқырмандарына Олдос Хакслидің «О дивный новый мир» кітабын оқуға ұсынамын.

– Болашақта кім болғың келеді?

– Болашақта өзімді «жасыл энергия» саласында және мұнай, газ және көмірдің орнын басатын балама көздерді дамыту саласында көргім келеді. Меніңше, бұл әлемдік қоғамдастыққа көмектесуге және мен үшін қызықты биология мен экономика пәндерін оқып-үйренуге тамаша мүмкіндік.

– Талабыңа нұр жаусын! Сұқбатыңа рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

 

444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор