• Балаларға базарлық
  • 15 Ақпан, 2021

Балалар мен жасөспірімдерге арналған 2021 жылдың 10 үздік кітабы

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен биылғы жыл балалар әдебиетін қолдау жылы болып жарияланды.  

Осы орайда, «Фолиант» баспасы 2020-2021 жылдары жарық көрген балалар әдебиеті үздік шығармаларының топта-масын дайындады. Олардың арасында А.Гриннің «Алқызыл желкендер, Толқын перісі», М.Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері, Гекльберри Финнің басынан кешкендері», «Қазақ халық ертегілері», В.А.Обручевтің «Жұмбақ жер», А.Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи», Дж.Свифттің «Гулливердің саяхаттары», Т.Көзікоғлудың «Арман керек адамға», Эрих Распенің «Мюнхаузеннің хикаялары», Баянғали Әлімжановтың «Әліппе», Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері» туындылары бар.  

А.Гриннің «Алқызыл желкендер. Толқын перісі» кітабы. «Алқызыл желкендер» романы – махаббат жайлы сырлы да нәзік поэма.  Туынды махаббат пен үміттің, үлкен арман мен батыл қадамдардың символы. «Толқын перісі» – Александр Гриннің танымал шығармаларының бірі. Толқын бетімен жүре алатын ғажайып қабілетке ие әдемі қыз Фрези Грант туралы романды оқи отырып, арманшыл Томас Гарвеймен бірге «Толқын перісімен» және «Сүңгуірмен» саяхат жаса.

Дж.Свифттің «Гулливердің саяхаттары» кітабы. 1726 жылы, «Робинзон Крузодан» кейін арада бар-жоғы жеті жыл өткен кезде, абырой-даңқы Дефо шығармасынан кем түспейтін осы «Гулливердің саяхаттары» өмірге келген еді. Мұнда әуелде оташы, кейіннен бірталай кемеге капитан болған Гулливердің дүниенің түкпіріндегі бірнеше елге жасаған қызықты саяхаттары баяндалады. Шығарманы бір жағынан әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды роман-памфлет деуге де болады.

М.Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» кітабы. Бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі тартысқа толы. Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVIII ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашық тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі суреттеледі. 

В.А.Обручевтің «Жұмбақ жер» кітабы. Арктиканың ақшулан мұздары арасында беймәлім аралдар болуы мүмкін деген жорамалға көптеген зерттеушілер таяу күндерге дейін сеніп келді. Белгілі орыс геологы, академик В.А.Обручев өз романына осы жорамалды негіз етіп, «Санников жері» деп аталатын аралды іздеп табуға аттанған экспедицияның басынан кешкендерін қызықтыра суреттейді. Кітапта осынау жұмбақ жердің табиғаты, оны мекендейтін адамдардың тіршілік тынысы айшықты бейнеленген. Көркем қиял танымдық қасиеті мол мәліметтермен шебер үйлесім тапқан.

Эрих Распенің «Мюнхау-зеннің хикаялары» кітабы. «Фолиант» баспасының тапсырысымен жарық көретін туынды әлем әдебиетінің алтын қорына енген шығармалардың бірі.  Туындыны барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай ерекше дизайнда шығару үшін бірнеше маман жұмылдырылды. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген неміс жазушысы Эрих Распе ғажайып әңгімелерін Мюнхаузен деген әзілкеш адамның басынан кешкен оқиғалары негізінде жазып шыққан. 

А.Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» хикаялары. Әлемге әйгілі балалар жазушысы Астрид Линдгреннің еңбегі Швецияда «Балақай және шатырда тұратын Карлсон» кітабынан әлдеқайда танымал екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Қаламгердің Карин атты қызы ауырып қалғанда, әр кеш сайын көңілін аулау мақсатында шығарған әңгімесі кейіннен қызықты хикаятқа айналды. Айтқанға көнбейтін баланың психологиясын негізге ала отырып жазылған шығарма әлемнің 80-ге жуық тіліне аударылған. Қазақ тіліне алғаш рет ағылшын тілінен аударылып отырған «Ұзыншұлық Пиппи» қазақша кітап оқитын оқырман қауымның да әдебиет пен кітапқа деген құрметін еселендіреді деп үміттенеміз.

«Қазақ халық ертегілері» жинағы. Керқұла атты Кендебай, Таусоғар мен Көлтауысарды жолдас еткен Ер Төстік, алтын сақасын іздеген бала, Ай астын-дағы Айбарша сұлу мен Күн астындағы Күнікей қыз – халық ертегілерінің қаһармандары барша мұратына жетіп, баланың қиялына қанат бітіреді. Ертегінің кез келген кейіпкері – ақылды тасбақа мен қоян, қарға мен кірпі, тіпті кішкентай құмырсқаның өзі мейірімділікке, ізгілікке баулиды. 

Балалар жазушысы Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері» кітабы. Дәуіт атайдың ертегілеріндегі кейіпкерлердің соғыстан кейінгі қиын-қыстау замандағы ауыртпалыққа қарамастан, рух-жігерін, адамгершілік пен мейірімділігін жоғалтпай, нағыз дос, қайырымды адам болып қалуы жүрекке жылу ұялатады. Талай уақыт бойы нан көрмей, қақаған қыстың аязына төтеп берген балалар бізге қарапайым заттардың қадірін бағалай білуді үйретеді. «Дәуіт атайдың ертегілері» – кішіні де, үлкенді де баурап алатын сиқырлы ғажайып ертегілермен үйлесім тапқан терең, мағыналы да мәнді туынды. 

Т.Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі. Арман – адамды қанаттандырады, алға жетелейді, ынталандырады, күш сыйлайды. Сәуле шашып, биік мақсаттарға жетелейді, өмірден өзіңді табуға көмектеседі. Кітап кейіпкері Синанның да арманы бар бола-тын. Ол бала кезінен суретші болуды қалады. Алайда қолына қылқаламын алып, енді отыра бергенде бір іс дайын тұратын. Сөйтіп, сүйікті ісіне қанша көңіл бөлгісі келсе де, уақыт өте берді, өте берді. Күндердің күнінде газеттегі хабарландыруды көзі шалып, жүрек түбіндегі арманы қайта оянды.

Ақын Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы.  «Өлең-Әліппе» жинағын ата-ана-лар мен мұғалімдер ризашылықпен қабылдады. Бүлдіршіндерге де түсінікті, жеңіл әрі қызықты болады деп ойлаймыз.

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор