• ҰЛАН
  • 15 Ақпан, 2021

Мұқағали өлеңдерін босқа жаттадым ба?

Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезім. Ақпан айы. Сынып жетекшіміз Нұргүл Өмірзаққызының сабағы болып жатыр. Дәлірек айтсам, қазақ әдебиеті. Мектеп пәндерінің ішінде ең сүйіп оқитыным да осы. Басқа пәндерден әлсіздеу болсам да, қазақ әдебиетінен біршама тәуір едім.  «Тақтаға кім шығады?» десе, қолымды бірінші боп көтеретінмін. Әдетте, сабақ айту кезегі менен басталатын. Сабақ басталғанға дейін сыныптастарыммен өзара келісіп алатынмын. Сондағы келісім мынадай: апай сұрай қалса, бірінші мен сабақ айтамын. Ал қалғандары менің айтқан сөзімді түсініп алады. «Мықты» оқитын сыныптастарым жайлы ештеңе айтпай-ақ қояйын. Олар сабаққа дайындықсыз келуші ме еді?! Біреулер үй тапсырмасына артығымен дайындалып, қосымша материалдар әкеліп, апайдың көңілінен шығатын. Ал басқа біреулер біресе оң жаққа, біресе сол жаққа қарай қисайып алып азды-көпті мәтінді әрең мазмұндап беретін. Ақыр аяғында әлгі сыныптастарым «үштің өзі – күш» деген «мақалды» желеу етіп, қандай баға қойса да мәз боп жүре беретін. «Біздікілер» созбақтап айтып болғанша сабақтың тең жартысы өтіп кетеді. Содан кейін апайымыз жұмысына кіріседі.  Алғашында тақырыпты әдемілеп баяндаған Нұргүл Өмірзаққызы артынша бізді топ-топқа бөле бастайды. Ортада постерлер мен түрлі-түсті маркерлер. Бұлардың көмегімен топтық жоба жасалады. Әр топқа бүгінгі сабаққа байланысты жеке тапсырма беріледі. Қай топ тапсырманы жақсы орындаса, сол топтың барлық мүшесі жақсы баға алатын. Осындайда сабаққа селқос сыныптастарымның өзі кенеттен ақылды бола қалатын. Таласып-тармасып жоба қорғап, әркім ойын айтамын дегенше қоңырауы құрғыр шыр етпей ме?! Абыр-сабыр болып келесі сабаққа қарай асығып барамыз. Нұргүл апайым менен сәл қала тұруымды өтінді. Апайдың мені алып қалғаны – «саған айтар бұйымтайым бар» дегені. 

– Аяжан, саған үлкен өтінішім бар, – деп сөз бастады ұстазым. – Жақында ауданымызда Мұқағали оқулары өтеді. Соған қатыссаң деймін. Сенің қолыңнан келетініне 100 пайыз сенемін. Бірақ байқаудың шарты тым күрделі. Қолымда тізім бар. Сол тізімде көрсетілген өлеңдер мен поэмалардың барлы-ғын жаттауың керек. Одан қалса, арнау өлең шығарасың.

Нұргүл апай менің қолыма бір-екі бет қағазды ұстатты. Әлгі қағаз толы тізім екен. Шамамен он шақты поэма мен отызға жуық өлең. «Бұларды жаттағаннан гөрі он бақылау мен отыз реферат жазғаным артық шығар» деп ойладым ішімнен.

– Апай, мен мұны қалай жаттаймын? – деп жетекшіме аянышты көзқараспен қарадым.  Апайымның жанарынан «сенен басқа кімнен өтінемін» деген ойды аңғармау мүмкін емес еді. Ақыры Нұргүл Өмірзаққызына жауабын кейін айтатын боп келістім. 

Мұқағалидың поэзиясын қатты ұнататынмын. Бір-екі өлеңін оқысам болды, жаным жадырап сала беретін. Мұқағали оқуларына қатысу көптен бергі арманым екенін де жасырмаймын. Бір жағынан осынша өлең мен поэманы көргенімде қатты сасқалақтап, зәремнің ұшқаны да рас. Түске дейін алты-жеті сабақ, түстен кейін екі-үш сабақтан зорға келетін мен үшін қосымша тапсырма алудың өзі бір бейнет. Ал апайыма тезірек жауап беруім керек. Содан әрі ойланып, бері ойланып, байқауға қатысамын деп шештім. Мұқағали шығармашылығына «Поэзия, менімен егіз бе едің?» деп білек сыбана кірісіп кеттім.

Ауылдың және мектептің кітапханасынан арса-арса боп кітап арқалап қайттым. «Өмір-өзен», «Аманат», «Аққулар ұйықтағанда» кітаптарынан бастап, ақынның өмірі жайлы естелік туындыларды жанымнан тастамайтынмын. Сөмкемдегі едәуір орынды осындай кітаптар алатын. Мектеп оқулықтарының бәрі сыныпқа қалдырғанмын.

Ең алдымен өзім бұрыннан білетін өлеңдердің бірсыпырасын қайталап жаттап шықтым. Артынша, поэмаларды жаттауға кірістім. Поэмалардың ішінен «Аққулар ұйықтағанда» туындысына назарым ерекше ауды. Бірінші содан бастайын дедім. 

Поэманы жаттай жүріп іштей мың құбылдым. Баласы үшін шырқыраған ана, жазықсыз атылған құс, сыңарынан айырылған бейшара аққу... Ең соңында, екі жаққа да бақытсыздық әкелген қайғылы оқиға... Мұның бәрі расымен де аянышты еді. Қолымнан келсе, оқиғаны өзгерткім келетін. Бірақ мен Мұқағали емеспін ғой. Ақынның адам жанын табиғат көрінісімен ұштастырғаны қызықтырды. Аласұрған көңіл мен толқындары биікке шапшып, алай-дүлей болған көлдің көрінісі жан-дүниеңді бір сәтте құлазытады. Әдемі байланысқан сөздер мен шебер баяндалған сюжеттің әсері болар деймін, он шақты беттік поэманы бір аптаға жетпес уақытта жаттап алдым. 

Қызығы сол, тура «Аққудың жырын» санама тоқып, енді ғана  жаттап болған күннің ертесіне тұмау тиіп, ауырмасым бар ма? Шынымды айтсам сырқаттанып қалғаным үшін қуандым.  Ақиық ақынның өлеңдерімен сусындауға уақыт жетеді. Сабақ пен тапсырманың қайсына жүгіремін деп бас қатырмайтын болдым. Ескертіп қояйын, әдейі ауырайын деген ой менде болған емес. Таң ата сала кешкісін «ырымын» жасап жастығымның астына салып қойған кітаптарды ақтаруға кірісемін. Кітаптарға басымды қойып жатсам, бүкіл өлең санамда сайрап тұратын шығар деген балалық сенім ғой мендегі. Барлық өлеңді жаттап алу қайда?! Он шақтысы есімде қалса – сол жетістік. 

Өлеңді «алаңсыз отырып жаттаймын» деген ойым бекер екен. Тұмау жан алқымнан алғанда, есіңде бірдеңені сақтамақ түгілі, айналаңда не боп жатқанын түсінудің өзі қиын. Соған қарамастан ақынның жауһар жырларына терең үңілуге тырысып бақтым.

«Моцарт. Жан азасы» поэмасын жаттауға енді кірісе бастаған шағым. Моцарттың музыкаға деген махаббаты, өнерге деген ыстық сезімі шығармада керемет бейнеленіпті. Бәлкім, Мұқағалидың ақындық шеберлігі шығар, мүмкін композитор туындысының құдіреті шығар, білмеймін. Бірақ сол кездегі жай-күйім поэманың желісімен өзара үйлесіп жатқандай. Мақатаев Моцарт симфониясының биікке өрлеп, дауылпаз әуен тудыртқан тұстарын құбылта суреттейді.  Қызуым көтеріліп, денем өрт боп жанып жатқанда Моцарт композициясының ең күрделі тұстары орындалып, Мұқағали поэзиясының  жалынды мақамдарын оқығандай әсерде қаламын. 

Сезімге қатты беріліп кеттім бе? Ендеше, кешірім сұраймын. Әңгімемді келген жерінен сабақтағаным дұрыс болар. Жоғарыда айтқан поэмалардан бөлек, «Аруана», «Райымбек! Райымбек!» туындыларын жаттадым. Жаттадым деймін-ау, біреу көмектесіп жібермесе өздігімнен айтып шыға алмайтын дәрежеде едім. Бірақ өлеңдерге келгенде әжептәуір жақсымын. Мына түріммен байқаудан жүлде дәметудің өзі артық деп ойладым. 

Сөйтіп жүргенде үйіме жетекшім Нұргүл Өмірзаққызы келді. Ұстазым  ауырып жатқасын жағдайымды білмекке әдейі келіпті. Жанашыр апайым жағдайымды сұрап бәйек болып жатыр. Арасында «осылай етсең тез сауығып кетесің» деп ақылын да айтып қояды. Бір кезде Нұргүл апай өзгеше әңгіменің шетін шығара бастады. 

– Негізі, сенің Мұқағали оқуларына қатысқаныңды қалап едік. Бірақ сайысқа түсетін мектептердің арасында біздің білім ордасы болмай шықты. Бір жағы ауырып жатқаныңда сені қинамайық дедік, – деп сөзін аяқтады апайым.

Бұны естігенде қаққан қазықтай қақайып тұрып қалдым. Не қуанарымды, не мұңаярымды білмеймін. Мұңайған себебім айтпаса да түсінікті шығар. Көлемді поэмалар мен күрделі өлеңдерді жаттаған еңбегім қайда?! Шекем солқылдап, қызуым көтерілсе де бар ойым осы байқауда болды емес пе?! Ал енді, міне, сол еңбектің бәрі зая кеткелі тұр. 

Бір жағынан, жақсы болды. Берілген туындыларды дұрыстап жаттай алмағанымды жоғарыда айтып кеттім. Сызылған диск секілді қайта-қайта тоқтап, бір ұмытып, бір айтып міңгірлеп тұрғанымды кім тыңдасын. Әрі өлең, поэма деп бас ауыртпайтын болдым.

Міне, менің басымнан осындай қызық жәйт өтті. Сол жағдай есіме түссе, әлі күнге күлкім келеді. Бұл азды-көпті әңгімем біреулер үшін қызықсыз шығар. Бірақ мен санамның түкпіріндегі естелігіммен бөліскім келді...

P.S: Мұзбалақ ақын Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойы деп жатқанда есіме осы оқиғам еріксіз түсе берді. «Мына қыз не жазып кетті» деп ойлап отырған шығарсыз. Оныңыз дұрыс-ақ. Поэзия ақтаңгерінің шығармашылығын сөз етіп, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін саралап жазуы-ма да болар еді. Бірақ өйткім келмеді, басқаша түрлендіріп жазғым келді. 

Ал өлеңдер мен поэманың «жырына» келсем, олардың жартысына жуығы  миымда әлі сақтаулы. Оқиғалардың желісін мүлде ұмытқан жоқпын. Ең бастысы, ешқашан сарқылмайтын рухани қуат алдым. Біреулер «поэзия – жанның емі» деп айтып жатады ғой. Сол рас екен. Қанша жерден төсек тартып ауырып жатсам да, бар ойым өлеңде болды. Өлең оқысам ауырғанымды ұмытып кететінмін... Бұл да бір поэзияның құдіреті, ақынның шеберлігі шығар...
 

Аяжан ҒАППАР,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор