• ҰЛАН
  • 15 Ақпан, 2021

Мұхтар Әуезов не үшін «Абай жолын» жазды?

Әр жазушының әр шығармасының жазылу себебі болады. Жазушылар көрген, оқыған немесе естіген оқиғалары қатты әсер еткен кезде, не болмаса өзі ұнататын іспен шұғылданғаннан шабыты шарықтаған кезде қалам тербейді. Ал Мұхтар Әуезов атамыздың Абай өмірін роман ретінде жазуының себебі өзгеше. Жазушының өзге емес, Абай Құнанбайұлының өмірін қағаз бетіне түсіруінің басты себебі – Абаймен арасындағы туыстық қарым-қатынас, Абайды көзі тірісінде көріп, одан бата алуы. Иә, Мұхтар Әуезов Абай Құнанбайұлынан бата алған. Сонымен, Абай мен Мұхтар арасында қандай туыстық байланыс бар?

Абай мен Мұхтар аталарымыздың өмірі үш түрлі жолмен байланысқан. Бұл – өзімнің зерттеу жұмысым бойынша жасаған пайымым. Бәлкім, бұдан да көп жолмен таныс шығар.

Бірінші – аймақтық байланыс. Абай ауылы мен Мұхтар ауылы іргелес, көрші тұрған. Ауылдары бір-біріне жақын болғандықтан, екі ауыл аралас-құралас өмір сүрген. Түрлі ойын-сауық, жиын-тойларда екі ауыл бір-біріне қонақтап барып тұрған. Сондай кездерде екі белгілі тұлға бір-бірін көрген болуы керек. Көрмесе де міндетті түрде сырттай тануы – заңдылық. Оның үстіне Мұхтар Әуезов төрт жасынан бастап Абайдың өлеңдерін жаттай бастаған. Ал алты жасында өлеңдерін түгелдей дерлік жаттап алып, Абайдан бата алу үшін Абай ауылына барған. Солай «қазақтың бас ақынынан» бата алған. Мұхтардың атасы Әуез – Абайдың әкесі Құнанбайдың, ал Мұхтардың әкесі Омархан – Абайдың замандасы болған. 

Екінші – достық байланыс. Ауылдары іргелес болғандықтан Абай мен Мұхтардың арғы аталары ертеден бері тығыз байланыста болған. Мұхтардың әкесі Әуез Абайдың діни ұстазы болған. Абайдың бойына ислам негіздерін, ислам мәдениетін қалыптастырған. Абайдың дінге жақын адам болғанын мен айтпасам да білерсіздер...

Үшінші – құдандалық байланыс. Бұл байланыс кішкене күрделілеу. Сондықтан дұрыстап ұғыну үшін жеке-жеке бөліп қарастырайын. Ал сіз міндетті түрде бірнеше мәрте қайталап оқып шығыңыз. Мұхтардың әкесі –  Омархан, Омарханның әкесі – Әуез, Әуездің әкесі – Бердіқожа, яғни Бердіқожа – Мұхтардың үшінші атасы. Сол Бердіқожаның Нұрғаным деген жалғыз қызы болған. Ал Нұрғаным (Бердіқожаның қызы) Құнанбайдың (Абайдың әкесі) төртінші әйелі болған. Бұл – бірінші құдандалық жол. Енді екінші құдандалық қарым-қатынасқа тоқталайық. Абай Құнанбайұлының баласы Мағауиядан (бәйбішесі Ділдәдан туған кенже ұлы) туған Кәмила дейтін немере қызы бар еді. Сол Кәмила (Абайдың немересі) Мұхтар Әуезовтің әйелі болған. 

Осындай шым-шытырық оқиғаларды соңына дейін зерттесек, ғажайыптың куәсі боламыз. Бүгінгі мақалада бір оқпен екі қоянды аттық. Бірі – «Абай мен Мұхтар арасында қандай таныстық бар?» деген сұраққа жауап болса, екіншісі – «Мұхтар Әуезов неліктен Абайдың өмірін жазды?» деген сұраққа нақты жауап ала алдық. 

Осындай тарихтағы ірі тұлғаларымыздың арасын-дағы қарым-қатынасты білмейтіндер қаншама... Бұл мақаланы оқырманға ұлы тұлғалардың арасында тығыз байланыстың ежелден орнағанын көрсету, бастысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жайдан-жай жаза салмағанын көрсету үшін жаздым. 

Аяулым АБАЕВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
Абай атындағы республикалық 
дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 
11-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

2537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор