• ҰЛАН
  • 15 Ақпан, 2021

Қыш құмыра жасайтын шеберханасы бар Данияр

Алматының Алатау ауданында Qazaq Oner деп аталатын шеберлерді қолдау орталығы бар. Орталықта жас шеберлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасал-ған. Ғимаратты аралап жүріп, қыш құмыралар жасайтын шеберханаға көзім түсті. Әртүрлі жастағы балалар, тіпті үлкендер құмыра жасап жатыр. Өзім де қызығып кеттім. Шеберхана иесі Данияр Бабашовпен танысып, керамика саласына келуіне не себеп болғанын және қалай шеберхана ашқанын сұрадым. Кейіпкеріміз құмыраны қалай жасайтынын, оған сазды қайдан алатынын әңгімелеп берді.

– Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тумасымын. Бала кезімнен сурет салғанды жақсы көремін. Бірақ керамика саласымен айналысамын деген ой мүлде болмаған. Тек теледидардан керамика туралы көргенім болмаса, болашақта шеберхана ашатындай дәрежеге жетемін деп ойламадым. 9-сыныпты бітірген соң, Алматыға суретші боламын деп арман арқалап кеттім. Содан Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне құжаттарымды тапсырдым. Колледжде мамандықтар өте көп болды. Соның ішінде керамика саласына гранттар басқа мамандықтарға қарағанда көптеу еді. Содан ойымда ештеңе жоқ керамика саласына құжаттарымды тапсырып, оқуға түсіп кеттім. Бастапқы 1-2 жылда мамандығыма деген қызығушылық болмады. Тіпті гранттан айырылып қалуға шақ қалған кездер болған. Бірақ қай салаға оқуға түссем де, оны жетік меңгеремін деген мақсатым болды. Кейін Қазақстанда бұл саланың кенжелеп қалғанын байқап, мамандығыма назар аудара бастадым. 3-4- курсымда мамандығыма деген махаббатым оянды. Колледжді қызыл дипломға бітірген соң білімімді тағы да жетілдіру керек екенін түсіндім. Содан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға тапсырып едім, түсе алмадым. Бір жыл дайындалып, керамика саласына оқуға түстім. Оқуға түскен соң 1-курстың 2-семестрінде мені Мәскеудің Гжель университетіне оқуға жіберді. Мәскеуде керамика саласының қаншалықты жетік дамығанын көріп таңғалдым.

– Мәскеудегі керамика өнерінің ерекшелігі қандай? 

амика өнері қалыптасқан. Сондықтан славян халқына керамика өнері өте жақсы таныс. Тіпті өздерінің гжель деп аталатын ұлттық керамика кескіндемесі бар. Олардың қыш ыдыстары қарапайым қыш ыдыстармен салыстырғанда екі есе жоғары бағада сатылады. Өйткені олар ұлттық деген деңгейді қалыптастырған. Мысалы, гжель кескіндемесін көру үшін әр елден билет алып, кезекке тұратын адамдардың қатары көп. Өнерге деген осындай құрметті көре отырып, керамика саласының деңгейін бағалауға болады. 

– Бізде де тарихтан білетіндей, «қыш құмыралар заманы» болған ғой...

– Иә, елімізде Түркістан мен Отырарда қыш өнері жақсы дамыған. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртындағы қыш тақтайшалар Отырар қаласындағы көзешілер ауылында жасалған. Оған үлкен керамика пештерінің сақталуы дәлел. Өкінішке қарай, керамика саласы атадан балаға мұра болып қалмады. Егер атадан балаға насихатталған болса, біздегі керамика саласы ең болмағанда Өзбекстандағыдай қарқынды дамитын еді. Ал қазір керамика саласының деңгейі орташа деп есептеймін.

– Ал керамиканың пайдасы қандай? 

– Шеберханаға әртүрлі адамдар келеді.  Біреу хобби ретінде айналысады, ал әлдекімдер дәрігер-невро-патологтың нұсқаулығымен баласын әкеледі. Егер баланың жүйке жүйесінде ақау болып, ол екі ай курсқа қатысса, оған міндетті түрде оң әсерін береді. Жас ерекшелікке шектеу жоқ. 4 жастан бастап үлкендер келе береді. Кішкентайлар қызығушылықпен келсе, үлкендер осы саланы кәсіп етсем деген мақсатпен курсқа қатысады. Құмыра жасау, оған заттарды алу және шеберхана ашу туралы арнайы курсым бар. Құмыра жасауға арналған қызыл сазды Қапшағайдағы үлкен қыш ыдыстарды шығаратын зауыттан аламыз. Ал негізгі түстерді шет елден тапсырыспен алдыртамыз. Құмыра жасауға кеткен қаражат өз құнын ақтайды.

– Өнерді қалай кәсіп көзіне айналдырдыңыз?

– Мен керамика саласын 8 жыл оқыдым. Егер осыншама уақыт оқып, алған білімімді іске асырмасам, онда оның зая кеткені деп ойлаймын. Егер сіз өз салаңыздың маманы болсаңыз, кәсіп көзіне айналдыру оңай болмақ. Биыл оқуымды бітіріп, шеберха-намды ашқаныма 3 айға жуық уақыт болып қалды. Қазіргі мақсатым – табыс  емес, осы саланы бір жүйеге салу және деңгейін көтеру. Егер бірінші табыс көзін ойлайтын болсақ, саланың дамуына кедергі болады. Шеберхананы «Қазақ өнері» шеберлерді қолдау орталығының көмегімен аштым. Орталық жас шебер-лерге қолдау көрсетеді. Қорға ақша төлейміз, бірақ ол жалға алу болып есептелінбейді. 

– Шеберханадағы құмыраларды байқауға жасадыңыз ба? 

– Колледжде оқып жүргенімде «Шабыт» фестиваліне қатыстым. Фестивальде арнайы «Керамика» деген номинация болмаса да, «Мүсін» номинациясында бақ сынадым. Мен мүсінді керамикаға және әдебиетке байланыстырғым келді. Сол кезде Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдызын» оқып жүрген едім. Идея пайда болып, эскиз салдым. Түркістан жақтың тумасы болғандықтан, біздің жақта түйе көп. Оны керамикамен байланыстырып, түйені құмыра қылып жасадым. Біз жақта көбіне түйемен саяхаттайды ғой. Түйенің үстіне бала Шоқанды 3-орын алды. Ал 1-2-орынды нағыз мүсіншілер алды. Қазылар алқасы да жұмыстың «Аққан жұлдыз» екеніне қызығушылық білдіріп, Сәбит Мұқановтың шығармасымен байланысы туралы сұрап еді. Мәскеуде болғанда, мүмкіндіктерге қарай түрлі шығармашылық жұмыстар жасадым. Негізі эскиз сызып жүретін дәптерім бар. Мәскеуде болғанда дайын эскизіме қарап, «Тірі қалу» деген туынды жасадым. Ол Гжель университетінің музейінде тұр. Өйткені шығармашылық жұмысым халықаралық байқауда бас жүлдені иеленіп, шарт бойынша музейде қалды. Бастапқы кезде алып кетемін деп қарсылық білдіргеніммен, кейін шебер үшін жұмысы музейде тұруы мәртебе екенін түсіндім. Ол жұмысты аз уақытта жасасам да, музейде бірнеше жыл бойы еңбек еткен шеберлердің жұмыстарымен бірге тұр. Шеберханама көшірмесін жасадым. Бірақ керамикада ең қиыны бір жұмыс екінші рет қайталанбайды. 

– Ісіңізге береке берсін! Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор