• Жырақтан білім іздесең
  • 15 Ақпан, 2021

ERASMUS арқылы Еуропаға

Шет елде білім алуға әркімнің таласы бар. Бірақ кейбіріміз үшін бакалаврды төрт жыл, магистратураны екі-үш жыл шет елде оқу қиын әрі тым ұзақ болуы мүмкін. Мұндайда отандық оқу орнында оқып жүріп-ақ, 3-12 ай аралығында Еуропаға барып, білім және тәжірибе алмасып қайтуға немесе толығымен грант жеңіп алып, шетелдегі бірнеше мемлекетте білім алуға болады. Қалай дейсің бе? ERASMUS бағдарламасы арқылы. Бұл бағдарлама туралы естуің бар ма? Мен алғаш естігенде бакалавр және магистратура кезінде осы мүмкіндікті пайдаланып қалмағаныма өкіндім. Сондықтан сен білмей қалмасын, өкініп қалмасын деген оймен осы мақаланы жазып отырмын.

ERASMUS – Еуропалық Одақтың білім беру, оқыту, спорт және жастар саясаты саласындағы академиялық ұтқырлық, әріптестік жобаларға қолдау көрсетуге арналған бағдарламасы. Оның ERASMUS+ және ERASMUS Mundus деген бағыттары бар. Екеуінің мақсаты, мерзімі, оқу түрі жағынан айырмашылығы бар. 

ERASMUS+ қандай бағдарлама?

ERASMUS+ деген – Еуроодақтың 2014 жылы басталған коммерциялық емес бағдарламасы. Бұл бағдарла-маға әлемнің 33 елінен 4 мыңнан астам білім беру мекемесі қатысады.

ERASMUS+ бағытының ерекшелігі – оған Еуропалық Одаққа кірмейтін мемлекеттің студенттері де қатыса алады. Мысалы, Қазақстан Еуропалық Одақтың мүшесі болмағанымен, біздің елдің студенттері ERASMUS+ арқылы Еуропа елдеріндегі оқу орнында тегін оқи алады. Естеріңде болса, «Ұлан» газетінің өткен сандарында осыған дейін ERASMUS+ грантын жеңіп алып, Еуропаның бірнеше мемлекетінде тегін оқып келген жастар тәжірибесін бөліскен болатын.  

ERASMUS+ бағдарламасы білім беру мен оқыту жүйесінің тұрақты дамуы мен жаңартылуына, спорт және жастар саясатын дамытуға қолдау көрсетуге, сондай-ақ азаматтардың қабілеттерін арттыру арқылы олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Бұл бағдарлама адами потенциалға салынатын инвестициялар көлемін айтарлықтай арттыруды көздейді. ERASMUS+ 2007-2013 жылдары жұмыс істеген Өмір бойы білім алу бағдарламасы, Жастар іс-қимылы, бес халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары (Эразмус Мундус, Темпус, Альфа, Едюлинк және өнеркәсіп дамыған елдермен ынтымақтастық бағдарламасы) сияқты бағдарламалардың бірігуінен пайда болған.

Бағдарламаның атауы ретінде голландиялық ғалым, философ Эразм Роттердамскийдің есімі алынған. Ол өмір бойы білімін жетілдіру жолында Еуропаның көптеген елі мен қаласында еңбек етіп, сонда өмір сүрген. Сондай-ақ ERASMUS сөзі «Университет студенттерінің мобильдігін арттыруға арналған Еуропалық қауымдастық қызметінің үлгісі» деген мағынаны білдіретін акроним ретінде танымал (Ағылшынша: European Region Action Scheme for the Mobility of  University Students).

Бағдарламаның негізгі мақсаты – Еуропада білім беру сапасын арттыру, Еуропалық Одақ пен оған көршілес елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту. Бағдарлама студенттер мен оқытушыларға шетелдік университетте жоғары білім алып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

ERASMUS+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы 3-12 ай аралығында Еуропа елдеріндегі универси-тетте оқып келуге болады. Ол үшін ең әуелі өзің оқып жатқан университеттегі халықаралық қатынастар бөлімінен немесе факультеттің деканатынан ЖОО ERASMUS+ бағдарламасына қатыса алатынын анықтап алу керек. Негізі Ұлттық оқу орындарының барлығы дерлік ERASMUS+ бағдарламасына қатыса алады. Егер университетіңізде ERASMUS+ бағдарла-масымен келісім бар болса, сізге таңдауға болатын шетелдік оқу орындарының тізімін береді. Әрі қарай қажетті құжаттарды жинап, грант конкурсына тапсырып көру керек. Қажетті құжаттар тізімінде көптеген грант байқауында сұрататын мотива-\циялық хат, диплом, аттестат, жетістіктер, тіл білу сертифи-каты, резюме және т.б бар. 

ERASMUS+ арқылы бакалавриат, магистратура, докторантура студенттері академиялық ұтқырлықпен ауысып оқи алады. Шартты оқу мерзімі 3-12 ай болғанымен, көбіне студенттер алты ай, яғни бір семестр ауысып оқиды. Себебі келісім бойынша екі университеттің оқу бағдар-ламасы мен студент меңгеруге тиіс кредиттер санын есептеу-дің тиімді жолы семестр бойынша есептеу саналады. Ал медициналық мамандықта оқитын студенттер үшін ерек-ше жеңілдік бар. Олар екі жыл басқа университетте оқи алады. 

Шығынның бәрін Еуро-палық Одақ өтейді. Грант екі бөліктен тұрады. Алғашқысы транспорт шығындары. Екіншісі тұратын жер, тамақтану, басқа да жеке шығындарды жабуға арналған. Шығындар сіз таңдаған мем-лекет пен оқу орны, қалаға байланысты белгіленеді. Шамамен ай сайынғы шығын 900 еуродан аспауы керек. 

ERASMUS+ бағдарламасы бойынша оқығысы келетін үміткерлер оқуға қатал таңдау негізінде қабылданады. Үміткерлер төмендегі талаптарға сай болуы керек: 

  • Өз еліндегі жоғары оқу орнында кем дегенде екі жыл оқуы керек;
  • Орташа білім балы университет анықтаған деңгейден жоғары болуы керек;
  • Білім беретін университеттің оқу тілін толық меңгеруі тиіс.

Әрбір студент бағдарламаның мүмкіндігін тек бір рет оқу үшін және бір рет өндірістік тәжірибеден өту үшін ғана пайдалана алады.

Еске сала кетейік, ERASMUS+ бағдарламасымен шет елде оқып келгенмен, отандық ЖОО-ның дипломын аласыз. Әрине, оның ішінде ERASMUS+ бағдарламасы арқылы Еуропаның осындай университетінде мынадай бағаға оқыды деген қосымша болуы мүмкін. Алайда жоғары білім туралы құжат отандық оқу орнынан беріледі. Ал Еуропа елдеріндегі жоғары оқу орнының дипломын алу үшін ERASMUS Mundus бағдарламасы арқылы оқуға болады. 

ERASMUS Mundus

ERASMUS Mundus бағдарламасы арқылы шетелдік магистратура грантын жеңіп алуға болады. Бұл бағдарламаға тапсыру үшін сіздің қандай оқу орнында оқитыныңыз немесе оқығаныңыз, ол университеттің ERASMUS+ бағдарламасымен келісімшарты бар ма, жоқ па, оның ешбірі маңызды емес. Сіз тәуелсіз кандидат ретінде Еуропаның кез келген университетіне оқуға тапсырып, магистрлік білім ала аласыз. 

ERASMUS Mundus арқылы тәуелсіз нағыз еуропалық студент атану үшін ең алғашқы екі талап: бакалавр деңгейінің дипломы және ағылшын тілін білу сертификаты. 

Ең қызығына келдік, сіз ERASMUS Mundus арқылы Еуропаның бір ғана емес, бірнеше университетінде оқи аласыз. Әр семестр сайын университет ауыстырып, магистратураны қос немесе одан да көп жоғары оқу орнында оқығаныңызды дәлелдейтін диплом ала аласыз. Ғажап мүмкіндік емес пе, иә?! 

Қызық мұнымен біткен жоқ. ERASMUS Mundus арқылы оқыған кезде тек Еуропалық Одақтың құрамындағы елдер-дегі жоғары оқу орнында ғана емес, басқа елдегі оқу орнында да академиялық ұтқырлық арқылы білім алуға болады. Еуропалық Одақтың құрамына кірмейтін Америка Құрама Штаттары, Канада, Бразилия, тіпті Қытайда да тегін оқуға мүмкіндік бар. Ал шәкіртақы мен басқа да шығындарды әдеттегідей Еуро Одақ төлейді. 

Әлемнің түпкір-түпкіріндегі студенттермен пікір, мәдениет, ақпарат алмасудың өзі білім мен тәжірибе алмасудан әлдеқайда маңызды. Ал ERASMUS – осындай мүмкіндік сыйлай алатын жомарт бағдарлама. Бірақ ұмытпайық, білімді қайда, қашан, кімнен алғаның емес, қандай мақсатта алғаның маңызды. 

Дана МАРАТОВА 

«Ұлан» газеті, №7
16 ақпан 2021 жыл

641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор