• Балаларға базарлық
  • 10 Ақпан, 2021

Шындығы көп шымыр әңгімелер

Әділ Балта – Балтабай Әділовтың бүркеншек есімі. Балтабай Әділов кім десе тосырқап қалуы мүмкін, ал Әділ Балта десе, «е-е-е, балалардың жазушысы ғой» дер. Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап жаңа ғасырдың басына дейін «Ұлан» газетінде Әділ Балта есімі «хит» болды. Әр апта сайын келетін нөмірде әртүрлі әңгімелер. Қай-қайсы да оқушыны елітіп әкетеді. Шағын әңгіме, дегенмен мұнда оқиғаның бас-аяғы да, шиеленісі де бар. Шындығы да жоқ емес. Сол кездегі оқырман жазушысын сағынышпен еске алады. Себебі балалығының ең жарқын сәттері осы жазушымен, осы әңгімелермен байланысты. Сосын да болар, осы әңгімелер бір кітапта бас қосты.

«Қасым» баспа үйінен «Үйтілген байпақ» кітабы былтыр жылдың соңында жарық көрді. Кітапқа «Ұлан» газеті мен «Ақ желкен» журналында жарық көрген әңгімелер топтастырылды. Бұл әңгімелер кешегі күннің ғана оқиғасы емес. Сенбесеңіз, назар аударып көріңіз...

Қай әңгімесін алсаңыз да, кейіпкер – таныс кейіпкер. Бірі – мектептегі достарың, бірі – алыстан келген туысқаның, енді бірі – көршің... Үлкені де, кішісі де айдан келмеген, жерден шықпаған, елден алабөтен жырақ жүрмейтін, тіпті қиялға да ерік бер-мейтін кейіпкерлер... Қиялға ерік бермейді дейтініміз бар, бұл әңгімелер – өмірдің көшірмесі. Байпағын абайсыз-да күйдіріп ап, анасының айғайынан қорқып жүрген Көпжүрсін; үйдегі он жандық-қа көмек болсын деп қаладан әкеп нан сатып жүрген Сатыпалды; республикалық жарысқа дайындалып жүрген спортшы Ораз; үйрек асырап жүрген Үргенішбай; бір сөмкені кезек ұстап жүрген бір үйдің балалары; аш-жалаңаш жүрмесе де той «сығалап», кола таситын Сәдірбектер – бәрі де біздің өміріміз. Ешқайсы да бөтен қылық істемейді. Сосын да болар, кейбірінің қылығы өзіңнің де басыңнан өткен әлдебір оқиғаларға ұқсап кетіп жатады. Мәселен, үйдегі таршылықты көріп, өзің де бір жерден нан тауып әкелгің келеді. Ешкімнің аштан қатып қалмасын білсең де, тірліктен қажыған ата-анаңды бір сәт қуантқың келеді. Мұндай кейіпкерлер Әділ Балтаның әңгімелерінде көп-ақ. 

Бұл әңгімелердегі кейіпкер екіге бөлінеді. Тіпті сол екеуі де негізгі кейіпкер. Бірі – қаһарман, екіншісі – соған килігіп жүретін сыныптасы немесе көршісі дегендей. Мысалы, «Қолды болған көк шыбық» әңгімесінде Еркін үйінің алдына шыбық отырғызады. Оны күтіп-баптап, аялап бағады. Ал оны бір түнде алып кететін Сейілғазы; «Жұртта қалған» әңгімесінде үйдегі малға қарайлап қалған Қожабайға жөн-жосықсыз тіл тигізген Гүлсара; «Көп күттірген көктем» әңгімесіндегі сыныптағы қыздарға «күн көрсетпейтін» Адырбек пен оған наразы Сержан... Шап-шағын, шымыр әңгімелердің соңында кім де болса өз қателігін мойындап бағады. Олай болмаған күннің өзінде, оқушыға ой салады, ендігі оқиғаны таразылауға береді. Кейде тіпті бір үйдегі балалардың арасынан да осындай екі кейіпкерді тауып ала қояды. Мысалы, «Побыр» әңгімесінде үйдегі алты ұлдың бірі Еркебұланның үй шаруасына қыры бар. Ал оған «қыздың жұмысын істейсің» деп тиісіп, қожыраңдап жүретін Еркебай; «Спортшы Ораз» әңгімесінде жаттығу жасауға берілген Ораз бен оған аяқкиімін тазалатқызып қойып жүрген Құралбай – бір үйдің «басы піспейтін» балалары әр отбасында бар. 

Кейбір әңгімеде бір типті кейіпкер ғана бар. Бірақ оқиғасы үлкен. Онда көбіне өз ісінен өзі опық жеп қалады. Мысалы, «Соңғы аялдама» әңгімесінде автобуста үлкендерге орын бермей, өтірік ұйықтаған боп шын ұйықтап қалатын, сөйтіп келесі ауыл-ға өтіп кететін Амантай мен Ескермес; «Боевик бау-лыған бала» әңгімесіндегі сыныптастарына әкіреңдеп, әркімді қағып-соғып жүріп, ақырында қолын сындырып алатын Жомартбек; аяқкиімін күтіп кимей, ақырында бірнеше күн сабақтан қалатын Кеңшілік; «Көктемтайдың көктемі» әңгімесінде ерте көктемде сабаққа жейдешең ғана барып, ақырында бір апта ауырып қалатын Көктемтай; «Торуыл» әңгімесінде той қызықтаймын деп ағайына ұсталып қалған балалар – осының бәрі әрқайсымыздың басымыздан өткен бір кемшіліктер. Бір ерсі қылығынан таяқ жеп қалатын балалық бәрінің де басынан өткен шығар-ау. 

Келесі бір әңгімелерде шым-шытырық, қиғаш оқиғалар жоқ. Есесіне ол әңгімелер жанға жылылық сыйлайды. Оқушының өзіне бұл әңгімені оқи сап өзі де сол іске кірісіп кетердей күй сыйлайды. «Жүз көйлек» әңгімесінде апасының көйлегін абайсызда бүлдіріп ап, соңында кешірім сұрап, «өскесін сізге жүз көйлек әперемін» дейтіні, апасының ұрсудың орнына айналып-толғанатыны; Күміскүлдің әжесінен көже пісіруді үйреніп ап, сыныптастарын көжемен қарық қылғаны; Мәулен мен Дәуреннің жаңа туған бұзауды үйге кіргізіп ап, үйдің ішін қораға айналдырып жібергені – бұлар да өмірде кездеспей қалмайтын шынайы оқиғалар. 

Әділ Балта көп әңгімесінде оқушыны еңбекке, бала болса да кәсіп қылуға шақырады. Олай болатын да жөні бар. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі қиыншылық әркімге аян. Мұндай қиын кезде арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, бала болса да ретін тауып еңбек қылуға шақырады. Мысалы, «Үргенішбайда үйрек көп» әңгімесіндегі үйрек сататын бала; әңгелек егіп, жазда оның жемісін көріп, көрші баламен бір шелек қиярға әңгелек айырбастайтын Әнес; қарбыздың бір тілігін бес теңгеден сатып, пайда табатын балалар; өздері күрек жасап, оны екі жүз теңгеден сатқан балалар – бұлар да әр ауылда бар. Тіпті бұл қиын заманның құрсауынан шығу үшін емес, бүгін де еңбек етіп, қалағанын алғысы келетін балалардың әрекеті. 

Тәуелсіздік алған жылдары шетке кеткен қандастарымыз атажұртқа орала бастады. Автордың өзі де Қарақалпақстаннан елге көшіп келген. Автор мұндай кездегі шетін оқиғалар балалар өміріне де әсер еткенін байқапты. Әсіресе, жергілікті балалардың оларға «оралман», «қалпақ» деп тиісуін шағын әңгімелерде үлкен мәселе қылып көрсететіндей. «Жұртта қалған», «Қалпақ болғым келмейді», «Нан сатқан Сатыпалды» әңгімелерінің астарында осы мәселе бар.

Кітапты жарыққа шығарушылар жөнінде де аз-кем ақпарат айта кетелік. Былтыр көктемнен бастап «Қасым» баспа үйі «Қасым кітапханасы» сериясымен қазақ және әлем әдебиетінің классикалық шығармаларын жарыққа шығаруды бастады. Оның ішінде 60-70 жыл бұрын аударылған кітаптар да бар. Бұрын жеке кітап боп жарық көрмеген шығармалар да бар. Соның бірі – «Үйтілген байпақ». Кітапты шығаруға мұрындық болған жас жазушы, баспагер Арман Әлменбет былай дейді: 

«Бала күнімде «Ұлан» газеті келген бойда, Әділ Балта жазған дүниені тауып алып, оқып шығушы едім. Қалғанын содан соң асықпай оқитынмын. Әлі есімде, Әділ Балтаның жазушы болғысы келетін балаларға арнаған шағын жазбасы болған. Онда әңгімені қалай жазу керек, қандай қате жібермеген дұрыс деген сияқты мәселелерді тәптіштеп жазған еді. Жазушы зертханасы деген нәрсемен сол кезде танысқан секілдімін. Келетін әңгімелердің бәрі бір-біріне ұқсайды, ол дұрыс емес деп еді сонда Әділ Балта. Ерінбей жазу керек, қайта-қайта көшіру керек, сонда ғана жақсы дүние шығады деген ақылдары есімде.

Қазір ойлап отырсам, сол жазбаны басқа адам жазған болуы да мүмкін секілді. Іздеп көру керек. Мүмкін мен үшін жақсы нәрселердің бәрін Әділ Балта жазғандай көрініп, жадыма солай жазыла берді ме екен?

Кейін кітап басу ісіне кіріскенде, өзім бала күнімде оқыған дүниелерді кітап етіп шығарсам, оны қазіргі балалар да оқыса деген ой туды. Сөйтіп, сәті түскен күні «Үйтілген байпақты» басуға жібердік қой, қысқасы...».

Міне, Әділ Балтаның әңгімелері кітап боп, оқырман қауыммен, «Ұланның» бүгінгі оқырмандарымен де қайта қауышып отыр. Шын көңілден шыққан шығарма өміршең болмақ, талай ұрпаққа әсер етпек. Балтабай Әділов тек қана балаларға арнап жазды. Не жазса да, балалар тақырыбын көтерді. Балалар басылымдарында қызмет етті. Балаларға қызмет ету үшін ғана өмірге келіп-кеткендей...

Асылан Тілеген

«Ұлан» газеті, №6
9 ақпан 2021 жыл

1056 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор