• Жырақтан білім іздесең
  • 08 Ақпан, 2021

Қазақ ғылымын әлемге танытқым келеді

Айдос Мырзахан – Глазго университетінің Educаtion (педагогика) мамандығының докторанты. Ол алғашқыда Қазақстандағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде филология мамандығы бойынша білім алған. Кейіннен Британиядағы Лестер университетінде «Қолданбалы лингвистика және ТЕСОЛ» (өзге тіл өкілдеріне ағылшын тілін үйрету) мамандығында магистратураны аяқтады. Айдос мырзамен аз-кем әңгімелескен едік.

– Не үшін Глазго университетін таңдадыңыз?

– Бұл университет әлем бойынша «100 үздік университеттің» қатарына кіреді. Менің оқып жатқан университетім Ұлыбританиядағы ең ескі университеттер ішінде төртінші орында. Ескі болғанымен, көптеген ғылым қайраткерінің ізбасары боп саналамыз. Сонымен қатар мен таңдаған жетекші өз саласының нағыз маманы болды.

– Бұл оқу орнына қалай түстіңіз?

– Педагогика саласы бойынша көптеген жоғары оқу орнын қарастырдым. Университеттерде білім беретін ғалым-ұстаздар туралы іздендім. Олардың зерттеу жұмыстарын шолып шығып, қай ұстаздың еңбегі менің таңдаған зерттеулеріме сай келетінін қарадым. Содан осы университеттің бір профессорымен пошта арқылы тілдесіп, жұмыстарымды ұсындым. Кейін зерттеу саламыз жақын болып, маған жетекшілік етуге келісімін берді. Сөйтіп оқуға шартсыз түрде қабылдандым.

– Шет мемлекетте өмір сүру қиындық тудырған жоқ па?

– Маған ешқандай қиын-дық тудырмады. Керісінше, әр елден келген адамдармен араласып, олардың дүниета-нымын танып-білдім. Шет мемлекетте оқу арқылы таным көкжиегімді кеңейттім. Алайда отбасымнан жырақ жүріп, оларды сағынғаным рас.

– Біз Британия халқынан не үйренуіміз керек және олар бізден не үйренуі керек?

– Британия халқынан денсаулыққа ертерек күтіммен қарауды үйренуіміз керек. Ол жақта үлкені де, кішісі де таңертең және кешке жүгірумен айналысады. Арнайы жаттығатын спорт залдарында адамдар көп болады. Ал олар бізден бауырмалдықты, отбасы арасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілікті үйренуіне болады. Сырттай қарағанда бір-біріне көзқарасы суық.

– Ағылшын тіліне қашаннан бастап қызықтыңыз?

– Ағылшын тіліне Қазақ-станда 3-курс оқып жүргенде қызыға бастадым. Ол кезде курстық жұмыс жазып жүрдім. Диссертациялардың қалай жазылатынын көру үшін Ұлттық кітапханаға бардым. Сонда пайдаланылған әдебиеттерді қарасам, 95%-ға жуығы орыс ғалымдары екен. Сол сәтте неге басқа елдің ғалымдарының еңбегі қолданылмаған деген ой келді. Сөйтіп ағылшын ғалымдарының еңбегін оқу үшін ағылшын тіліне қызыға бастадым. Алматы қаласында курстарға бардым. Курстан тыс кездері өзім ізденіп, үйрене бастадым.

– Оқуды аяқтағаннан кейін елге ораласыз ба?

– Шет елде өз салам бойынша жұмыс істеуге немесе зерттеу жасауға мүмкіндік болып жатса, тәжірибе жинау мақсатында уақытша қалуға болады. Алайда тұрақтап қалу ойда жоқ. Өзімнің жинаған тәжірибем арқылы қазақ ғылымын әлемдік деңгейге жеткізгім келеді. 

– Мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспіз.

Гүлбану САҒИҒАЛИЕВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті.

Ақтөбе облысы

«Ұлан» газеті, №6
9 ақпан 2021 жыл

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор