• Өнертапқыш
  • 08 Ақпан, 2021

Арман «ақылды маска» ойлап тапты

Арман Жалғасбаев – Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Ол жақында «ақылды маска» ойлап тауып, «KIRC.KZ-2021» халықаралық сайысында бірінші орын иеленді. 300$ көлемінде ақшалай сыйлық ұтып алды. Арман өзінің өнертабысы жөнінде әңгімелеп берген еді.

– Мен бұл жарысқа биыл бірінші рет қатысып отырмын. Ш.Уәлиханов мектебі ұйымдастырған халықаралық жарысқа Ресей, Өзбекстан және Түркия мемлекеттерінен де жобалар ұсынылды. Көптің ішінен менің жұмысым үздіктер қатарынан табылғанына қуаныштымын. Бір өкініштісі, әлемдегі ахуалға байланысты байқау онлайн форматта өтті. Сондықтан өзге қатысушылар-дың ұсынған жобасын көруге мүмкіндік болмады. 

Жоба тақырыбын таңдау барысында әлем бойынша ең өзекті мәселелерге шолу жасадым. Соның ішінде 17 тұ-рақты даму мақсатына кіретін экологиялық ахуал мен қазіргі эпидемиологиялық жағдай «ақылды маска» жасауыма түрткі болды. Көп ойланбастан іске кірісіп, тынымсыз ізде-ністің арқасында бір апта ішінде ойлаған нәтижеге қол жеткіздім.

«RUD SMART MASK» жобасы респираторлық маска мен қоршаған орта анализаторы функциясын атқарады. Маска негізгі екі бөліктен тұрады: біріншісі – ауадағы газды анықтауға арналған талдағыш пен сигнал беруші құрылғы. Оның көмегімен адам қоршаған ортадағы атмосфераның қауіптілік деңгейін анықтай алады. Егер ауа құрамындағы зиянды заттар адам ағзасына қауіпті деңгейде болса, құрылғы белгі береді. Айта кетсек, дыбыстың жиілігі ауа құрамындағы зиянды газдардың концентрациясына тәуелді. Ал екінші бөлігі – сүзгі есебінде қолдануға болатын маска, ол ағзамызды ластанған ауа мен вирустан қорғайды. Маска қазіргі уақытта көптің қажеттілігіне айналғандықтан, оның сапасы мен қайта пайдалану мүмкіндігі аса маңызды. Сондықтан «Ақылды масканы» тазалауға арналған RUD STAND құрылғысын да жасадым.

Физика, математика және информатика пәндері нақты ғылым салалары болғандықтан, қиын әрі қызықты. Бұл ғылым салаларын таңдаған болашақ өнертапқыштар бір тілмен шектелмегені абзал. Өйткені дереккөздерді іздеу барысында басқа тілдерде жазылған еңбектерді қолдану біліктілігіңізді арттырады.  Тілді меңгергеннің арқасында бұған дейін де біраз байқауда бақ сынадым. Мысалы, жоба-лар бойынша «ROST-ISEF», «Asia Nobel Fest» және сурет өнері бойынша халықаралық «The Planet of Art», «RestArt» сияқты жарыстарға қатыстым. Соның арқасында тәжірибе жинақтап, белсенділігім де арта түсті. Ал қазір Sputnik, Microsoft Imagine CUP және WRO (World Robotics Olympiad) байқауларына қатысып жатырмын.

Робототехника бойынша Қазақстанды дамушы елдер қатарына жатқызатын жас өнертапқыш болашақта шет елде білім алғысы келеді. Алған білімін елімде пайдаға жаратсам дейтін Арман бос уақытында немен айналысатынын айтып, алдағы жоспарларын да ортаға салды...

– Күнделікті сабақтан бөлек уақытымды әртүрлі пайдалы іске арнаймын. Шеберлік сабақтарына қатысып, ағылшын тілін жетік меңгеру мақсатында фильмдер көремін. Бұдан бөлек сергек жүру үшін спортпен шұғылданамын. Сурет салу да жаныма жақын. Ендігі мақсат – RUD Smart Mask жобасының екінші прототипін дамытып, халықаралық аренаға шығару. Егер жоғары көрсеткішке жетсек, арнайы бағдарлама бойынша Дубайда өтетін «ЭКСПО-2021» халықаралық көрмесіне қатысуды көздеп отырмыз. 

Назерке ӨТЕГЕН, 
«Ұланның» жас тілшісі,
Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-дың 2-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №6
9 ақпан 2021 жыл

472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор