• Жырақтан білім іздесең
  • 02 Ақпан, 2021

Шетелде оқимын деп алданып қалма

Соңғы кезде мектеп бітірген соң шет елде оқуға сұраныс артты. Әсіресе, мәдениетіміздің ұқсастығы мен жарнаманың лаулап тұрған шағында Түркия еліне студенттер оқуға кетіп жатыр. Қазіргі уақытта өзге елде оқуға түсу үшін құжаттарыңды дайындап беретін сенімді компанияны табу өте қиын. Жолыңда өтірік құжат жасап алып қалтаңды қағатындар да кездеседі. Шет елдегі түрлі орталықты іздеп, көзім Түркия қаласындағы Turan Education жобасына түсті. Жобаның негізін қалаушымен сұқбатымыз былай өрбіді:

– Көптеген компания «университетке емтихансыз түсіреміз» деп жатады. Сол ақпараттың рас-өтірігін қалай анықтаймыз?

– Негізі Түркияның университеттеріне оқуға түсуге көмектесетін агенттік өте көп. Олардың көбі «Түркияға оқуға түсу үшін емтихан қажет емес» немесе «біз емтихансыз түсіреміз» деп жарнама жасап жатады. Бұл ақпараттың бәрі бірдей шындыққа жатпайды. Иә, жалпы білім туралы аттестатпен оқуға түсуге болады, бірақ ондай жолмен студент қабылдайтын университеттердің дип-ломдары халықаралық стандарттарға сай болмайды және кейін елге қайтқан соң жарамсыз болып қалады. 

– Өзіңіз жайлы да, Turan Education орталығы туралы да көбірек білгіміз келіп отыр... 

– Менің аты-жөнім – Әсел Қайролла. Негізгі мамандығым – журналист. 15 жылға жуық еліміздегі мемлекеттік телеарналарда шыққан көптеген жобада сценарист, редактор, кейін продюсер болдым. Қазір Түркияның Измир қаласында тұрамын. Эгей университетінде білімімді жетілдіруге келдім.

Turan Education – Измирге алғаш келген жылы дүниеге келген жоба. Эгей университетінің қарамағындағы түркі дүниесі тарихы мен тілдері институтында тіл оқып жүргенде, сол институттың шетелдік студенттермен жұмыс істейтін өкілі Кенан Доған: «Бірге жұмыс істейік, Түркияда білім алғысы келетін жастарға кеңес беріп, жол көрсетейік», – деп ұсыныс жасады. Мен қабыл алдым. Бұл жобаның атын Turan Education деп қойдық. «Тұран» – барлық түркі тектес елдерге ортақ атау, түркі халықтарының шыққан жері. Сондықтан «Түркі дүниесінің жастарының басын қосатын жоба болсын» деп ырымдап қойдық. Turan Education Измир қаласында орналасқан. Бірақ тек Измирдегі университеттерге ғана емес,Түркиядағы барлық жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарына дайындап, құжат тапсыруға көмектеседі.

– Түркия оқу орындарына түсу үшін қандай емтихан тапсыру қажет? 

– Рейтингі жоғары, сапалы білім беретін университет басшылығы жақсы оқитын сапалы студент алғысы келеді. Шетелдік талапкерлерді YÖS деген емтихан арқылы қабылдайды. YÖS сынағы үш пәннен тұрады: логика – 40 сұрақ, математика – 35 сұрақ, геометрия – 5 сұрақ. Түркия мен Қазақстанның жалпы орта білім беру бағдарламаларында біраз айырмашылық болғандықтан, математика, геометрия пәндерінде қазақстандық мектептерде өтпеген тақырыптар бар. Сондықтан YÖS емтиханына алдын ала тиянақты дайындалған дұрыс. Түркияда дайындық курсын өткізетін орталықтар өте көп.

– Жалпы, Түркияда оқу үшін түрік тілін меңгеру қажет пе? Тілді меңгеруге қанша уақыт кетеді және бұл қиындық тудыра ма? 

– Түркияның жоғары оқу орындарына түсуге көмектесетін көп компания айтатын тағы бір миф: алғашқы жыл түрік тілін оқу міндетті, түрік тілін білу маңызды. Бұл да жалған ақпарат. Түркия университетіне түсу үшін түрік тілін білу магистратура, докторантура оқығысы келетін талапкерлерден ғана талап етіледі. Ал орта мектеп бітіріп, бакалавриатқа түсу үшін түрік тілін білу міндетті емес. Ең бастысы, YÖS емтиханынан жоғары балл жинап, қалаған факультетіңе түсіп алған соң, түрікшені асықпай үйренуге болады.

Мақалам жәй сөз боп қалмауы үшін осы қызметті тұтынған студенттерден де сұқбат алуды жөн көрген едім. 

Дильназ Есентур:

– Мен Әсел ханымның жұмысына толықтай ризамын. Ол өз ісінің шебері. Оқуға түсерде өзімнің мақсатым болды, қай қалаға, қай оқу орнына түсерімді алдын ала анықтап алған болатынмын. Өзімнің не қалайтынымды анық білгеннен кейін Әселге де жұмыс істеу оңай болды. Өйткені кейде мектеп түлектері өздерінің қайда оқуға түсетінін білмей, компаниялардың жұмысын қиындатып жібереді. Ал мен нақты шешімімді айттым. Осылайша Түркияның алты үздік оқу орнына түстім, соның ішінде өзімнің жүрек қалауым бойынша біреуін таңдадым.

Серік Эльдар:

– Түркия елін таңдаған себебім, осы ел қатты ұнады. Мен оқып жатқан туризм мамандығы, туризм саласы Түркияда жақсы дамыған. Бағасы жағынан да өзге елдерге қарағанда арзандау. Қазір Самсун қаласында білім алып жатырмын.

Аружан Алтайқызы:

– Негізі кішкене кезімнен түрік сериалдарына құмар едім. Әрдайым ұлттық тағамдарына, киген киімдеріне, халқының ақкөңілдігіне қызығып қарайтынмын. Алдыма өзім үшін түрік тілін үйреніп аламын деген мақсат қойған болатынмын. Қазір Анкара университетінің 1-курс студентімін.

Бану ӘБДІҒАЛИЕВА, 
Қорғантұз мектебінің
 10-сынып оқушысы,
«Ұланның» жас тілшісі.

Байқадам ауылы
Шалқар ауданы
Ақтөбе облысы

«Ұлан» газеті, №5
2 ақпан 2021 жыл 

585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор