• Сенің замандасың
  • 25 Қаңтар, 2021

Жас модель дзюдодан жаттықтырушы болуды армандайды

Бүгінгі кейіпкеріміз Олегпен Asul Mura life байқауынан бері таныспын. Байқауда салт-дәстүрімізді насихаттауға берілген 7 тапсырманы мүлтіксіз орындап, 200-ге тарта қатысушының арасынан оза шапқан болатын. Содан бері Олегтің Инстаграм парақшасын қарап жүремін. Он жасар баланың қатыспаған конкурсы жоқ десем, қате айтқаным емес. Олег қазір сән көрсету саласында бақ сынап жүр. Онымен әңгімелесе отырып, жаңа байқаулармен таныстым. Балалардың сән агенттіктерінің жұмысы жайлы ақпаратқа қанық болдым.

– Аты-жөнім – Олег Воробьев. 2010 жылы Астана қаласында дүниеге келдім. №14 гимназияның 4-сыныбында оқимын. Бұл мек-тепте ата-әжем мен анам білім алған. Ешқандай пәнді бөліп-жармаймын. Мен үшін барлығы бірдей.

– Шығармашылыққа бейімсің. Өзің қатысқан байқаулар туралы айтып берші.

– Карантинге қарамастан, көптеген конкурс пен челлендждерге қатыстым. Атап айтсам, «Абайдың 175 жылдығы» музы-калық челленджіне қатысып, «Жас ұлан» орындаушылар байқауында топ жардым. Тәуел-сіздік күніне орай өткізілген көркемсөз оқу байқауынан, «Менің отбасым» мәнерлеп оқу сайысынан бірінші орын иелендім. «EN BAQYTTY EL» қорының ұйымдастыруымен болған «Менің әкем – ең жақсы адам»  байқауында үздік композициям үшін бірінші орын алдым. Журналист Анжела Гариповамен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» және «Ұстаздар күні» тақырыптарында әлеуметтік бейнероликтердің түсіріліміне қатыстым. Мұның бәрі – республикалық деңгейдегі байқаулар. 

Халықаралық байқауларға тоқталсам, «DOMINVEST» суретшілер байқауы, «Жеңіс әндері», «Менің қалам – менің үйім» конкурстарында жеңіске жеттім. «Пони» халықаралық олимпиадасында бағалы сыйлыққа ие болғанымды айтпай кетуге болмас. Сондай-ақ Степногор қаласында дзюдодан өткен «JUDOKA» турнирінде қола жүлдегер атандым. 

– Әлеуметтік желіде де белсендісің. Әлеуметтік желі арқылы қандай жетістіктерге жеттің?

– Әлеуметтік желіде оқырман санының көп болуы маңызды емес деп ойлаймын. Одан гөрі пайдалы парақшаларға жазылу маңызды. Ондай парақшалардан тың ақпараттар мен жаңа байқаулар жайлы білуге болады. Мәселен, «FotoKids KZ-2020» конкурсы маған үлкен мүмкіндік сыйлады. Соның арқасында Инстаграмдағы 50 қызықты есім тізіміне кірдім. «Mimioriki» және «Алтын адам» қазақстандық киім брендтерінің фотосессиясында модель болдым. 

– Айтпақшы, сен жайлы «Diamond Kids» сән журналы жазған болатын. Өзің айтқан модельдік бизнеске қалай келдің? Саған әлі ерте емес пе?

– Аздап ұялшақтығым бар. Соны жеңгім келеді. Анам ерте емес дейді. Анам мені суретке түсіргенді жақсы көретін. Әлеуметтік желіге жиі сурет жүктейтінбіз. Осыдан кейін маған сән агенттіктері жазыла бастады. Анам агенттіктерге тіркелу жөнінде ойланып жүрді. Бірақ бір байламға тоқтау үшін бір жыл ойландық. Портфолио жинап, агенттікке барғанда, менің сырт келбетімнің осы салаға лайық екенін айтты. 

Модель болған маған қатты ұнайды. Агенттікте барлығы қызық. Онда өзім сияқты модель достарым бар. Бізді фото және видеотүсірілімдерге, әлеуметтік роликтерге, киім брендтерін жарнамалауға шақырады. Ал маған видеороликке түскен ұнайды. Айтпақшы, наурыз айында көрермен көп жиналатын тамаша шоуда менің алғашқы көрсетілімім болады. Аздап толқып жүрмін.

– Осының барлығына қалай үлгересің?

– Маған әрқашан анам көмектеседі. Конкурстарға кейде жалғыз барсам, кейде анам алып барады. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Дайындықтарға, қосымша сабақтар мен үйірме-лерге қатыссам да, ойын ойнауға, демалып, достарыммен кездесуге уақытым жеткілікті. 

– Asyl Mura life байқауында халқымыздың бай мұрасын жоғары деңгейде көрсете білдің. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайында қайдан білесің?

– Бұл кезде екі байқауға бірден қатыстым, сондықтан уақытым өте тығыз болды. Оның үстіне қазақтың әдет-ғұрыптарынан бейхабар едім. Asul Mura life қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау мақсатында болғандықтан, бей-жай қарауға болмады. Байқау барысында қазақ салт-дәстүрлерінің жаңа түрлерін білдім. Ғаламтордағы ақпараттарды пайдаланып, күн сайын салт-дәстүрге байланысты видео түсіретінбіз. Маған қазақтың тіл үйірер ұлттық тағамын дайындаған ұнады. Өзім қатысқан байқаулардың ішінде ең ерекшесі Asul Mura life деп ойлаймын.

– Хоббиің қандай?

– Хоббиім – дзюдомен айналысу және лезгинка билеу. Достарыммен бейнеойындар ойнау да сүйікті ісімнің бірі. 

– Кумирің бар ма?

– Менің кумирім – анам. Оның қолынан келмейтіні жоқ. Балаларының болашағы үшін барын салады. Анамның қайсар мінезі мені жігерлендіреді.

– Қазақ тілін меңгеру ойыңда бар ма?

– Әрине, қазақ тілінде еркін сөйлегім келеді. Алайда орыс сыныбында оқығаным аздап кедергі келтіріп жатыр. Себебі достарымның бәрі орыстілді. Бірақ бұл шешілмейтін мәселе емес қой (жымиып).

– Сонымен, Олег, бірнеше өнер түрімен айналысасың. Ал болашақта қандай маман иесі болғың келеді?

– Анам айтқандай, қызығушылық үнемі өзгереді екен. Әзірге нақты бір мамандық туралы шешімім жоқ. Бірақ кәсіби футболшы болу туралы ойланып жүрмін. Ал арманым – дзюдодан жаттықтырушы болу. Алдағы уақытқа қойған басты мақсатым – модельдік бизнесте жетістікке жету. Әрине, лезгинка билеуді де ұмытуға болмайды. 

– Әңгімең үшін көп рақмет. Болашақта өзіңді талай байқаудың жеңімпазы ретінде көре берейік!

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
Қ.Аманжолов мектебінің 
11-сынып оқушысы.

Шардара ауданы
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №4
26 қаңтар 2021 жыл 

936 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор