• Сенің замандасың
  • 23 Қаңтар, 2021

Балет – жарақаттар алаңы

Балет – өнердің ең көркем түрі. Біздің елде де көкейіндегіні сөзбен емес, бимен жеткізіп жүрген балет бишілері бар. Солардың бірі – Баян Бекет. Балетке қызығатындар көп. Алайда оның қиындықтары туралы не білеміз? Бұл сұқбатта кейіпкеріміз балеттің шын мәнінде қандай екенін баяндап берді.

– Менің балетте жүргеніме он жыл болды. Бала күнімде балеттің не екенін түсіне қоймадым. Бұл өнерге ата-анам алып келді. Алғашында оқытушылармен арада көптеген қиындық болды. Себебі мектепте мұғалімдер ұрыспайды ғой, ал үйірмеде мұғалімдер қаталдау болады. Барлық оқытушы менің мінезімнің ауыр екенін айтқан. Алайда ата-анамның мен үшін балетті таңдағанына еш өкінбеймін. 

Балетте үлкен байқауларға қатысқан емеспін, арнайы марапаттарым жоқ. Бірақ мен театрдың бір мүшесімін.  Бұл – мен үшін ең үлкен жетістік, биік белестің бірі. Бірде театрда сатқын атанған қайраткерлердің әйелдері туралы «АЛЖИР» қойылымын сахналадық. Осындай қиын қойылымдағы рөлімді сәтті алып шыққанымды жетістік деп санаймын. 

– Қайта таңдау мүмкіндігі болса, балетті таңдар ма едіңіз?

– Ойландыратын сауал. Шынымды айтсам, балетті таңдамас едім. Себебі бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететін, жүйкеге де ауыр өнер. Әрбір қимылды дұрыс, дәл жасау үшін қанша уақытың кетеді, жүйкең тозады. Егер қайта тусам, би әлемінде болар едім. Бірақ балетке келмес едім. 

– Дайындық кезінде жарақат алған сәттеріңіз болды ма?

– Әрине. Балет деген – жарақаттар алаңы. Жарақат алмайтын балерина болмайды. Дайындық кезінде, тіпті қойылым барысында да оқыс жағдай салдарынан жарақат алатын сәттеріміз болады. Балериналарды жарақатсыз елестету мүмкін емес. Буынның созылуы, дененің көгеруі секілді жарақаттар болады. Осы күнге дейін ауыр жарақат алған емеспін. Сол үшін Құдайға шүкір деймін. 

– Қойылым кезінде өзіңізді қалай сезінесіз? Сахнаға шығар кезде жиі қобалжисыз ба?

– Әрбір қойылым әртүрлі әсер қалдырады. Бірақ оның ешбірі қобалжусыз басталмайды. Ішкі толқыныс қойылым басталар кезде жиі болып тұрады. Себебі балет – үлкен өнер. Егер қателік жібер-сең, оны түзету қиынға соғады. Көрермен толы залда билеудің өзі үлкен толқу туғызады. Мұндай сезімдер барлық өнер иесінде болып тұрады деп ойлаймын.

– Театрдағы ең қызықты естелік...

– Менің театрда өткізген әрбір күнім ерекше және қызыққа толы. Меніңше, барлық әртіс бір күннің ішінде көптеген қызықтың куәсі болады. Мысалы, қойылым кезінде сахнада құлап түсетін кездер болған. Ішіңде қорқыныш пайда болып, уайымдайсың. Залдағы адамдар да сезімін жасыра алмай қалып жатады. Бірақ осындай сәтте көрермен қол соғып, демеу көрсетіп жібереді. Бірде «Тілеп және Сарықыз» балетіндегі Қарақұстың рөлін сомдадым. Осындай үлкен, жауапкершілігі мол басты рөлді сомдау күтпеген жерден болды. Себебі бұл рөлді басқа балерина ойнап шығуы тиіс еді. Спектакльге бар болғаны үш күн қалған. Бұл бес минуттық көрініс емес, тұтас спектакль болғандықтан, барлық қимылды жаттауға тура келді. Бірақ мен осы басты рөл үшін қатты қуанамын. Бұл қойылымды ешқашан ұмыта алмаймын. Себебі ол маған өте көп тәжірибе жинауға көмектесті. 

– Басқа би түрлеріне (модерн, контемп) көзқарасыңыз қандай?

– Маған модерн де, контемп те қатты ұнайды. Қазір бидің осы түрлері сұра-нысқа ие, өте танымал. Бұл бағыттардың болашағы өте зор деп ойлаймын. Бірақ балет классикалық бағыт болғаны үшін үздік. Мен балеттің ескіріп, артта қалғанын қаламаймын. 

– Ең сүйікті қойылымыңыз қандай? Ол сізге не себептен ұнайды?

– Маған Борис Эйфманның балеттері қатты ұнайды. Оның балеттері заманауи, өте жаңаша. Биді қою тәсілі, қимылдарды үйлестіре білуі, режиссурасы, хореографиясы, музыкасы ұнайды. Сондай-ақ, Дэвид Джонатанның «Открывая Баха» балеті ұнайды. Бұл балетте классикалық би заманауи бимен қатар үйлесім табады.

– Балеттегі ұстаздарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Осы кезге дейін менің төрт ұстазым болды. Балеттегі алғашқы ұстазым – Анвара Садыкова. Ол кісі бастауыш сыныптарда сабақ берді. Кейін Людмила Мунсековна дайындады. Ол кісі қазір Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің көркемдік жетекшісі. Людмила Мунсековна маған көп нәрсе үйретті. Театрдағы алғашқы ұстазым Асқарбекова Алма Бақытқызы болды. Алма ұстазыма ерекше ризамын. Себебі бірінші жылы-ақ театрда көптеген партияны билей бастадым. Алма Бақытқызы маған жеке мансапқа есік ашты деп айтсам да болады. Содан соң Нұрсұлтанова Сарагүл Ерболсынқызы шыңдады, ол – театрдағы қазіргі ұстазым. Барлық ұстазыма алғысымды білдіремін. Осындай білікті жандардың арқасында жолымды тауып, көп тәжірибе жинадым.

– Балерина үшін ең маңыз-ды нәрсе не?

– Балерина қанша қателік жасағанына қарамастан, төзімділік танытуы қажет. Сол себепті балерина үшін ең маңыздысы – шыдам мен үміт. 

– Егер балерина болмасаңыз...

– Маған ұнайтын мамандық өте көп. Сәулетші, маркетолог болар едім. Саяхаттаумен байланысты мамандықты таңдаушы едім.  

– Балет сіз үшін...

– Балет – менің сүйікті мамандығым. Ол – менің өмірімнің бір бөлшегі.

– Балеттен басқа қандай өнеріңіз бар?

– Жақсы жүзе аламын. Қолөнермен айналысамын, тоқыма тоқимын, кесте тігемін, зергерлік бұйымдар жасаймын. 

– Өзіңіздің көңіліңізден шыққан рөл...

– Маған «Жизель» балетіндегі Миртаның образы, «Дон Кихот» балетінен Сыған партиясы ұнайды. «Бахты ашу» балетінен өзімнің билеген бөлігім қатты ұнайды. «Бақшасарай фонтанынан» Зареманың рөлін сомдап шық-қым келеді. Оның партиясы өте керемет. 

– Қызықты әңгімеңіз үшін көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Айдана ШАЛҚАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
ҚазҰУ-дың 2-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №4
26 қаңтар 2021 жыл 

626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор