• Толағай
  • 23 Қаңтар, 2021

Үлкен жүректі Өзіл

Германияда дүниеге келген, шыққан тегі түрік футболшы Месут Өзіл жақында өзінің тарих отанындағы «Фенербахче» клубына ауысты. Осы ретте 32 жастағы футболшыға қатысты кейбір маңызды детальдарға тоқталғымыз келеді.

Месут 1988 жылы 15 қазанда Германияның Гельзенкирхен қаласында дүние есігін ашқан. Әкесінің есімі – Мұстафа Өзіл, анасы – Гулизар Өзіл. Үйдегі төрт баланың кенжесі. Оның отбасы Түркиядан келген иммигранттар. Ол кезде Германияда өндірістік дағдарыс болып жатқан. Сондықтан мигранттардың 70 пайызы жұмыссыз еді. Ауыр еңбектің өзіне тиын-тебен төлейтін кез. 

Өзілдің отбасы кедей болатын, әрең күн көріп жүрді. Месут бір сұқбатында сол кезде анасының екі жерде тазалаушы болып жұмыс істегенін айтқан. Сондықтан балалары ата-анасын сирек көреді екен. Отбасы ескі тұрғын үйге қоныстанған. Месут бала кезінде мектептен қайтқан кезде үйін көрсетуден ұялып, автобус жүргізушісіне басқа үйді көрсететін болған.  

Футболға қызығушылығы ерте басталған. Франция құрамасының капитаны Зинедин Зиданға еліктеп, сол секілді допты ұршыққа иіруге әуестенеді. Әкесі баласының ала допқа деген әуестігін байқап, алты жасында футбол мектебіне береді. Мұстафа ұлынан жақсы футболшы шығатынына үміт артып, үнемі бапкерлерді де ауыстырып отырған. Месут бала кезінде  «Вестфалии 04», «Тевтонии Шальке-Норд», «Фалке» командаларында ойнаған. Ал 2000 жылы 12 жасында алғаш рет  «Рот-Вайсс Эссен» командасымен келісімшартқа отырады. 

Месут 17 жасында «Шалькенің» негізгі құрамында Германия кубогында ойнады. Одан кейінгі жылдары «Вердер» (Германия), «Реал Мадрид» (Испания), «Арсенал» (Англия) клубтарының намысын қорғады. Қаншама титулға қол жеткізді. Германия құрамасы сапында әлем чемпионы атанды. Бес рет  Германияның үздік футболшысы болды. Әрине, оның футболдағы жетістіктерін тізіп шығу мүмкін емес шығар.

Ердоғанмен суретке түсуі

Ол 2018 жылы Ресейдегі әлем чемпионатынан кейін Германия құрамасынан кетіп тынды. Месут Германия футбол федерациясының президенті Райнхард Гриндельді расизмге жол берді деп айыптады. 2018 жылы мамырдың 14-і күні Месут Өзіл мен тағы бір Германия құрамасының ойыншысы, ұлты түрік Илкай Гюндоған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, суретке түскен.

Кездесуден кейін екі футболшы естелік ретінде Ердоғанға клубтағы жейделерін табыстайды. Алайда бұл жағдай неміс қоғамына ұнай қойған жоқ. Елде жанжал туындады. Құрама ойыншылары өзге елдің президентімен неге бірге түстенеді деген сұрақ барлығын мазалады. Өйткені мұның бәрі Түркиядағы президент сайлауының алдында болған жағдай. Гюндоған бірнеше рет кешірім сұрап, сұқбат беріп, бұл тақырыптан әзер құтылған болатын.

Ал Өзілдің жағдайы қиынға соқты. Алдымен, футболшымен серіктестік орнатып жүрген Mercedes компаниясы бас тартты. Кейіннен өзі демеушілік ететін «Бергер Фельд» футбол мектебінің басшылары Месутті көргілері келмейтінін мәлімдеді. Әлем чемпионатындағы Германия құрамасының сәтсіздігін Өзілге жапқандар көбейді. 

Оңтүстік Кореядан жеңілген соң, неміс жанкүйерлері «түрік шошқасы» деген секілді ауыр сөздер айтып айғайлады.
Футболшыға қарсы шабуыл мұнымен де тоқтаған жоқ. Елге келгеннен кейін «Гамбург» клубының президенті Йенис Майер «Германия құрамасы Өзіл болмағанда жақсы ойнайтын еді» деп мәлімдеме жасады.

Германия футболының аңызы Лотар Маттеус газетке мақала жазып, Месутты айыптады. Ал Месут Өзіл өзінің хатында Германия жанкүйерлері мен шенеуніктерінің әрекетін «расизм және кемсітушілік» деп бағалады.

«Гриндельдің көзімен қарасақ, жеңіп жатқан кезде мен неміспін. Ал керісінше, Германия құрамасы ұтылған тұста – иммигрантпын. Германия азаматы ретінде салығымды төлеп, әлем чемпионатындағы сыйақымды футбол мектебіне салсам да, әлі күнге дейін неміс қоғамы мені қабылдаған жоқ. Маған жат біреу сияқты қарайтындар көп. Менің құрамада бірге ойнаған достарым Лукаш Подольски мен Мирослов Клозенің ұлты поляк болса да, оларға ондай бөтен көзбен қараған ешкімді байқамадым. Мені герман-түрік деп қабылдайтындар бар. Себебі мен мұсылманмын. Меніңше, бұл аса маңызды проблема. Германияда туып-өстім, соған қарамастан адамдар неге мені неміс деп қабылдамайды?» – деп ашынды Өзіл.

Месут Өзіл Германия құрамасы сапында 2009 жылдан бастап ойнады. Осы уақыт аралығында 92 матчта 23 гол соқты. 2014 жылы Бразилия жерінде әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Еуропа біріншілігінде екі рет қола жүлде еншілеген.

Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысты наразылық

Месут Өзілдің саяси даулары Ердоғанмен біткен жоқ. Ол «Арсеналда» жүріп, Шыңжаңдағы мұсылмандарды «қуғын-сүргінге қарсы тұрып жатқан батырлар» деп мәлімдеп, Қытай билігін айыптайды.

«Олар (Қытай) Құранды өртеп,  мешіттер мен мектептерді жауып жатыр. Ер азаматтарды арнайы лагерьге тоғытып, әйелдерді қытай азаматтарымен мәжбүрлеп қосуды тоқтатар емес. Алайда осы жайттарды көре тұра мұсылмандар бей-жай отыр. Олар әлі ешқандай жауап та берген жоқ», – деп жанайқайын білдіреді.

Қытай билігі футболшының мәлімдемесін жоққа шығарса, Өзілдің Қытайдағы жанкүйерлері оның бұл пікірін «жаға ұстатарлық» деп, футболшының суреттерін өртеді. Өзілдің атынан ашылған фан-парақшалар блокталды. Мемлекеттік телеарна саналатын CCTV «Арсенал» мен «Манчестер Сити» арасындағы ойынды көрсетпей қояды. Ал «Арсенал» клубы Өзілдің бұл мәлімдемесіне ресми пікір білдіруден бас тартып, «бұл ойыншының жеке пікірі, сөз бостандығы бүкіл әлемде бар» деген уәж айтты. Футболшының саяси көзқарасы оның футболдағы карьерасына да кері әсерін тигізгені анық. Бірақ ол пікірінен ешқашан танған емес.

Сүйген жары

Футболшы Түркияның хас аруы Әмина Күлшемен отбасын құрған. Әмина 1993 жылы Швецияның Гетеборг қаласында дүниеге келген. Месут секілді түрік отбасында туған. Гетеборгтағы халықаралық орта мектепте оқыған. Кейін ата-анасы ажырасып кеткен соң, анасымен бірге Түркияның Измир қаласына қоныс аударады. 2014 жылы «Түркия аруы» атанған. Екеуі 2017 жылы Стамбұлда танысып, арада 2 жыл өткенде үйленуге шешім қабылдайды. Тойын Босфор бұғазының жағалауында орналасқан зәулім қонақүйде дүркіретіп өткізді. Олардың ең бақытты күніне Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған қатысты. 

Айтпақшы, бұл той басқа тойлардан ерекше өтті. Олай деуіміздің себебі, жас жұбайлар той қонақтарынан сыйлық алудан бас тартады. Оның орнына Big Shoе қорына қайырымдылық жасауды сұраған. Қор әлемнің оншақты мемлекетіндегі балалардың отасына қаржылай көмек көрсетумен айналысады. 

Үйлену тойында әлем бойынша 1000 мұқтаж жанға қаржылай көмектесетініне уәде берді. Өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша ол: «Мен емделуге мұқтаж 1000 баланың өмірін өзгерткім келеді», – деп мәлімдеді. Месутқа агенті бұған қыруар қаражат кететінін ескерткенімен: «Қазір бұл балаларға жәрдемдеспесем, онда қашан және кімге көмегімді тигіземін? Мен жақсы табамын, оның бәрін бір өзіме жарата алмаймын. Адамдарға қолұшын созу керек деп есептеймін», – деп жауап қайтарған еді. Месуттың үйлену тойында жасаған сыйлығы жалғыз бұл емес. Ол Түркия аумағындағы және Сириядағы босқындарға арналған лагерьлерде 100 мың мұқтаж адамды тамақтандырды.

Анасының айтқаны

«Месут, барлық адамдар секілді мына дүниеде қонақ екеніңді ұмытпа. Алла саған талантты тек өз қарақан басыңның қамын ойласын деп берген жоқ. Егер сен байлығыңды мұқтаждармен бөліспесең, онда менің ұлым емессің», – деп жазылған анасы Гүлизар Өзіл сыйлаған рамкада. 

Футболшы анасы сыйлаған жазуы бар рамканы Лондонның солтүстігінде тұрған үйінің ас бөлмесіне іліп қойған. Ол ай сайын қайырымдылық жасап тұрады. Бірнеше жылдан бері BigShoe қайырымдылық ұйымы арқылы осындай игі істерді жүзеге асырып жүр. Мұның бәрі 2014 жылғы Бразилиядағы әлем чемпионатынан кейін басталған. Сол кезде ол 240 000 фунт стерлинг мөлшеріндегі қаражатты бразилиялық 23 ауру баланың отасының ақысын төлеуге аударды. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №4
26 қаңтар 2021 жыл 

401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор