• ҰЛАН
  • 20 Қаңтар, 2021

Ұлттық театрға 95 жыл!

2020 жылғы 20 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мəдениет саласындағы қызметінің айрықша мемлекеттік жəне қоғамдық мəні бар бес бірдей өнер ордасына «ұлттық» деген мəртебе берілді. М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры да осы қатарда. Өнер ордасының 95 жылдық мерейтой қарсаңында «ұлттық» деген мəртебе алуы – ұлт үшін үлкен қуаныш. Мерейтойға орай өткізілген баспасөз мəслихатында Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық əртісі Асанəлі Əшімов, театр директоры Еркін Жуасбек жəне «ұлттық» мəртебеге ие болған өнер ордаларының басшылары келіп, құттықтау тілек айтты. Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлттық мəртебе мерейтой қарсаңында жасалған үлкен сый екенін атап өтті:

– «Ұлттық» деген мəртебе кез келген өнер ұйымына беріле бермейді. Егемен еліміздің тарихында өнер мен мəдениет ұйымдарының ішіндегі ұлттық мəртебесін алған өнер ордалары алғашқы бестікке кіріп отыр. Бұл – жоғары дəрежедегі шығармашылық жұмыстарымен көрініп, халық арасында еңбегі еленген, қазақ өнерінің сара жолын салған өнер ұжымдарына ғана берілген мəртебе. Сонымен қатар, материалдық жағынан да маңызды тұстары көп. Театр қызметкерлерінің жалақысы өседі. Коэффициенті болады. Сондай-ақ, үлкен сахналарда, маңдайалды жобаларда алдымен осы ұйымдардың қызметкерлері өнер көрсете алады.

Ал театр директоры Еркін Жуасбек мұндай мəртебені алған мекемелерге жауапкершілік жүгінің арта түскенін сөз етті:

– Ең алдымен, «ұлттық» мəртебені иеленген мекемеге жауапкершілік артады. Шын мəнінде ұлттың сөзін сөйлеу, ұлттың рухын көтеру, ұлттың проблемасын өнер арқылы ортаға салу – оңай нəрсе емес. Сахнаға шығып алып, өтірік ұрандау,
айғайлау қажет емес. Өзіндік тəсілін тауып сахналау бізге қосымша күшті талап етеді. Сондықтан үлкен ізденіс керек. Бұл тек мақтанатын дүние емес, уайымдап, ойланатын да іс-шара деп ойлаймын.

Баспасөз конференциясынан кейін іс-шара театр сахнасында салтанатты марапаттау рəсімімен жалғасты. Онда театрдың дамуына талай жыл бойы тер төккен, театрмен бірге жасасқан тұлғалар да жиналды. Театр директорының кеңесшісі Есмұхан Обаевқа сөз кезегі тигенде, ол кісі былай деді:

– Осы театрдың шаңырағында дəл мендей ұзақ жыл жұмыс істеген жан кемде-кем шығар. Қазақ өнерін əлемге танытып жүрген театр – М.Əуезов театры. Бұл театр бүгінде, міне, тоқсанның бесеуіне келіп отыр. Бүгін театрдың туған күні. Шығармашылық қауымның көптен бері күткен сүйінші сұрар заты бар еді. Бұл – «ұлттық» деген статус. Бұл мəртебе атақ-даңқ дегеннен бөлек дүние. Ұлттың мақтанышы, ұлттың құрметіне бөленерлік өзге атақпен салыстыруға келмейтін жоғары мəртебе деп санаймын. Мұны көрген де бар, көрмеген де бар. Бұл атақты қасымыздағы бірнеше көрші театрлар да бізбен қатар алды. Бірақ олар бізге қарағанда кішілеу театр. Біз тоқсанның бесеуіне келсек, кейбір өнер мекемелері жиырма беске келмей жатып иеленіп жатыр. Осының бəріне, сүйіншімізге ортақ болып жатқан əлеумет қауымға алғысымызды айтамыз.

Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова театр ұжымына мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстап,  театр қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады.Алматы қаласының əкімдігі де театрдың мəдени астананың маңызды ордасы екенін атап өтіп, 95 жылдық мерейлі маусымымен құттықтады. Мұнымен мерекелік іс-шара тоқтаған жоқ. Театр 95-ші жаңа маусымында «Абайдың жұмбағы» драмасының премьерасын көрерменге ұсынды.

Бүгінгі атаулы күнге жету – сонау 1926 жылдан бері театр негізі қаланған сəттен, яғни Жұмат Шанин бастаған театр марғасқаларының еңбегі емес пе? Бұл тізім Елубай Өмірзақов, Əнуар Молдабеков, Қалибек Қуанышбаев, Серəлі Қожамқұлов, Сəбира Майқанова, Бикен Римовалардан бастау алып,бүгінде Сəбит, Асанəлі, Тұңғышбай, Есмұхан,Төлеубек,  Шоңмұрат, Құман, Бауыржан, Айдос, Омар, Нүкетай ағаларымызбен қатар, талантты жастармен де толығып жатыр. Белгілі сыншы Сағат Əшімбаев: «Театр – күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан  бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер», – деген екен. Осындай жүгі ауыр өнер иелерінің еңбегі еленгені – ұлт қошеметіне бөленгені.

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №3
19 қаңтар 2021 жыл

435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор