• ҰЛАН
  • 22 Қаңтар, 2021

Аннаның күнделігі қазақ тілінде жарық көрді

Он бес жасында немістің концлагерінде қаза тапқан Анна Франктің күнделігі қазақ тілінде жарық көрді. Бұл – қазақ тіліндегі екінші басылым. Төрт жүз бетке жуық кітапты құрастырған – Раиса Қадыр. Аударған – Шынар Əбілда. Кітапты Steppe&World баспасы шығарды. Амстердамда отбасымен бірге фашистерден жасырынып жүрген Аннаның күнделігі өтпелі кезеңдегі жасөспірімнің жан сыры ғана емес, сонымен бірге тұтас бір дəуірдің, саяси кезеңнің көрінісі де.

Күнделік 1942 жылдың 12 маусымында басталған. Бұл кезде Анна əлі қаннен-қаперсіз. Жасөспірім үшін ең ауыр сынақ – алдағы педкеңес. Бар уайымы – сыныпта қалып қоймау. Ермегі – сыныптастарына сипаттама беру. Күнделік осылай мамыражай басталады. Ал арада аз күн өткенде бүкіл дүние өзгеріп сала берді. Олар енді екі отбасы болып бір шаңырақты паналауға мəжбүр. «Шаңырақ» дегенде үй де емес, кеңсенің бір бөлшегі. Далаға шықпайтын, жарық жағуға болмайтын, тіпті терезеден сыртқа қарай алмайтын. Осында Анна мен оның отбасы 1944 жылғы 4 тамызға дейін тұрады. Сол күні екі отбасының сегіз адамы тұтқынға алынады.

Анна бастапқыда күнделікті тек өзіне арнап жазып жүреді. 1944 жылдың көктемінде Лондоннан хабар тарататын «Оранье» радиосынан неміс басқыншылығынан зардап шеккендердің мұң-зары соғыстан кейін бүкіл əлемге жария болуы тиіс дегенді естиді. Содан кейін күнделігін толықтырып, қайта жаза бастайды. Франк отбасы тұтқынға түскен кезде Мип Хис пен Бет Фоскейл күнделікті жасырып қояды. Анна қаза болғаннан кейін оны əкесі Отто Франк мырзаға табыстайды.

Анна əкесін ерекше жақсы көрген. Күнделікті оқыған Франк мырза қызының арманын орындап, күнделікті кітап етіп шығармақ болады. Біршама өңдеп, қысқартып, үшінші нұсқасын жасап шығарады.

Ең алғаш 1947 жылы баспа бетін көрген күнделіктің толық нұсқасы қазақ тілінде жарық көріп отыр. «Пана: хат түріндегі күнделік» деп аталатын Анна Франктің жан толғанысын оқып, қандай ой түйгендеріңді бізге жазып жіберуді ұмытпаңдар, балалар!

632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор