• Жырақтан білім іздесең
  • 19 Қаңтар, 2021

Ақнұр ӘЛІМБЕКОВА, журналист: Димаш пен Головкинді білетіндер бар...

– Қарағанды қаласында дүниеге келгенмін. Қала орталығында орналасқан №92  қазақ гимназиясын бітірдім. Өзімді ұстаздан жолым болған адаммын деп есептеймін. Себебі білім берген ұстаздарым өте тамаша адамдар. Мектепте оқып жүрген кезімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен көптеген олимпиадаға қатыстым. 2005 жылы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауына қатысқаным әлі есімде. Одан басқа қалалық, облыстық, республикалық дебат сайыстарына қатысқан болатынмын. Сондай белсенді оқушының бірі болдым.

– Қазір Бостонда тұрасыз. Не себепті Бостонға кеттіңіздер?

– Иә, біз қазір Американың Массачусетс штатындағы Бостон қаласындамыз. Мұнда келу себебіміз – жолдасым «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бостонда ғана емес, жалпы Америкадағы беделді оқу орындарының бірі Бостон университетінде магистратурада оқып жатыр.  

– Шет елде өмір сүру қиын ба?

– Шет елдің заңдарын білмегендіктен, жергілікті менталитетпен жақсы таныс болмағандықтан, қиындықтар болуы мүмкін, әрине. 

– Америкаға алғаш барғанда қандай қиындықтар болды?

– Америкаға келген сәтте ең басты қиындық тіл жағынан болады. Мектепте, университетте оқыдық. Алайда мен арнайы ағылшын тілі курсына қатысқан емеспін. Ойымды жеткізе алсам да, дүкеннен керек-жарағымызды ала алсақ та, жан-жағымызда жүрген адамдардың әңгімесін түсіну қиын болды. Себебі мектепте мұғалімдерімізден еститін ағылшын тілі мүлдем бөлек. Сондықтан ең басты қиындық тілге қатысты болады деп ойлаймын. Жергілікті заңдарды білу керек. Біздің үш баламыз бар, екі қызымды мектепке беру кезінде құжаттарын дайындау, оларды мектепке апару, ортаға сіңісіп кетуі деген сияқты мәселелер алғашында қиындық тудырғаны рас.

– АҚШ-тан өзге қандай елде болдыңыз?

– Ресей астанасы Мәскеу қаласында болдым. Мәскеудегі Ресей Халықтар достығы университетінде журналистика мамандығын  тәмамдаған болатынмын.

– Америкада қала тіршілігі несімен ерекшеленеді? Қазақстанмен салыстырғанда қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Біз тұрып жатқан қала ең ежелгі қалалардың бірі десем де болады. Шамамен XVII ғасырда салынған. Бірнеше ғасырды артқа тастаған тарихи қала. Әрине, қаланың басты ерек-шелігі – архитектурасы.  Бұл жерде көп жыл бұрын салынған ғимараттар әлі де жұмыс істейді. Тағы бір ерекшелік – мұндағы әр штат өз алдына кішігірім мемлекет сияқты. Себебі әр штаттың өзіне тән заңдары болуы мүмкін. Басты ерекшеліктер осы деп ойлаймын. 

– Америкалықтардың қазақтарға көзқарасы қандай?

– Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Себебі Америкада өте көп ұлт өкілі өмір сүреді. Олардың көп бөлігі келімсектер болса, дәл осындай біраз бөлігі баяғыдан тұрып жатқан қала тұрғындары болуы мүмкін. Бұл жерде негізгі ұлт деген ұғым жоқ. Тіпті ағылшын тілі мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Сондықтан бұрыннан осында тұрып жатқан немесе ата-анасы көшіп келген балалардың өзінде сөйлегенде акцент болуы мүмкін. Мұнда қайдан келгеніңіз, қандай визамен, не себеппен келгеніңіз жайлы көп сұрай бермейді. Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкинді білетін адамдар бар. Бірақ жалпы халық деп айта алмаймын. Спортқа немесе музыкаға қызығушылығы бар адамдар ғана  білуі  мүмкін. Барлығы тұтас Қазақстанды біледі деп айта алмаймын.

– Ескі жыл ел есінде жағымсыз оқиғалармен қалғаны рас. Əсіресе, қатаң карантин талаптары оңай соққан жоқ. Бостонда жағдай қалай болып жатыр?

– Қазір халық арасында жиі айтылып жүрген мәселе – вакцина. Ел вакцинаны қабылдауға әзір. Себебі бұл жерде вакцинаны ең алдымен саясаткерлер, ел басшылары, депутаттар өздері салдырып, халыққа үлгі көрсетті. Мұғалімдер де вакцинаның жаппай салынуын  күтіп жүр деп айтсам болады. Карантиндегі басты талап маска тағу болды. Халық көп жиналатын жерге баруға тыйым салынды. Музейлер, кітапханалар және басқа да қоғамдық орындар жабылып қалды. Өте қатаң карантин болған кезде дүкендер де жабық болды. Саябаққа шықсақ та, арақашықтық сақтау туралы жазулар ілініп тұрды. Ең бастысы, халық осы айтылған  карантин талаптарын қатаң ұстанады. Саябаққа  барғанның өзінде адамдар бір-бірінен алыс жүруге тырысады және міндетті түрде маска тағады.

– Қанша тіл білесіз?

– Қазақ, орыс тілдерін жетік білемін. Ағылшын тілін сөйлесу деңгейінде білемін. Кітаптарын оқи аламын, сериал көре аламын деген секілді. Керемет білемін деп айта алмаймын.

– Келешекте Бостонда қалып, өміріңізді осы қалада жалғастырамын деп ойлайсыз ба?

– Әзірге ондай жоспар жоқ.  Бұйырса, елге қайтуға ниеттіміз. Осы жазда қайтуымыз керек. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшамда да жазған болатынмын.  Осы жерден алған білімімізді елге барып пайдаға  асырғымыз келеді. 

– Америкаға сапарға шыққан жолаушы ең алдымен нені ескеруі тиіс деп ойлайсыз?

– Ең басты қағида – қолы жететін барлық ақпаратты қарап шыққаны дұрыс. Себебі мұнда болып жатқан карантин талаптары, түрлі саяси жағдайлар әсер етуі мүмкін. Қолыңызда виза бар болса, Америкада әуежайда тыйым салынған талаптарды білген жөн. Артық қылық жасап қойсаңыз да жауапқа тартыласыз. Сонымен қатар, көлік, үй бағасы ауытқып отырады. Өзгерістер болуы әбден мүмкін. Америкаға жолы түскен кез келген адам ең алдымен ақпарат көздерінен халқы жайлы мәліметтер қарап, үлкен дайындықпен келгені жөн. Мұхит асып келетін ел болғандықтан, ұсақ-түйекке дейін назар аударған дұрыс. Тағы бір маңызды дүние – тіл білгеніңіз абзалырақ.

– Елге келген соң қандай жұмыстарды жүзеге асыру жоспарда бар?

– Жоспарымыз өте көп. Бұйырса, Отанымызға оралған соң туысқандарымызбен, достарымызбен қайта қауышып, жұмысқа үлкен серпіліспен кірісетін сияқтымыз. Сол күнді асыға күтіп жүрміз. АҚШ-та бір жарым жыл болып қайтамыз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік тәжірибе болды. Алғысымыз шексіз. Шынымды айтайын, қазір Инстаграм парақшамды ақтарып отырсам, барлығы Қазақстанмен байланысты жазбалар екен. Балаларды ата-әжесіне апарып, елге қызмет ету жоспарда бар. Түсірілімдер, сценарий жазу, жаңа бағдарламалар дайындау...  Сатып алатын қазақша кітаптардың да тізімі дайын тұр. Шет елде жинаған тәжірибеміз көмектеседі деген сенімдеміз. 

– Газетіміздің оқырмандарына айтар лебізіңіз...

– Соңғы жылы ең маңызды байлық денсаулық екенін түсінген сияқтымыз. Барлығына мықты денсаулық тілегім келеді. Армандарыңыз аласармасын. Сүйінші сұрай-тын себептеріңіз көп болсын. Ертеңге деген үміт үзілмесін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор