• Сырсандық
  • 20 Қаңтар, 2021

Жасөспірімдердің жан сыры...

ҮЙДЕ МЕН ҮШІН ҰРЫС БОЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙМЫН

Менің әкем де, анам да мектепте сондай бір жақсы оқымаған. Бірақ менен жақсы оқуды талап етеді. Нашар баға алып қалсам, үйде ұрыс-керіс басталады. «Өмірдің мәні бағаға тіреліп тұрған жоқ. Орташа оқысаңыздар да, сіздер де елмен қатар жұмыс істеп, ақша тауып жүрсіздер ғой. Мен соншалықты топас емеспін», – деп айтқым келеді. Бірақ айта алмаймын. 

Негізі жақсы оқуға білімім де, қабілетім де жетеді. Бірақ  қашықтан оқу оңай болып жатқан жоқ. Сыныптағы кей балалар апай-ағайлар қанша айтып жатса да, кезекпен, «қол көтеріп» айту керек екенін үйрене алмай-ақ қойды. Мұғалім сұрақты қояр-қоймаста микрофонды қосады да, айта салады. Білсе де, білмесе де. Ал апайлар соларды сабаққа белсене қатысты деп есептейді. Көзбе-көз көріп отырмағаннан кейін сенің ынтаң, құлшынысың білінбейді. Мұны ата-анама қалай түсіндіресің? Үйде мен үшін ұрыс болғанын қаламаймын. Бірақ ата-анам да мені түсінсе екен деймін. 

7-сынып оқушысының әңгімесінен.

СҮЙІКТІ ӘНШІЛЕРІМДІ «ЖЫН-ШАЙТАН» ДЕЙДІ...

Сабағымды жақсы оқимын. Бірнеше қосымшаға барамын. Бос уақытым аса көп те емес. Сол азған-тай уақытта Тик-Ток, Инстаграм қараймын. Сүйікті әнші, актрисаларым бар, соларды көремін. Бұл анама ұнамайды. «Кілең жын-шайтанды көргенше, кітап оқысайшы» деп айта береді. Кітап та оқимын. Маған фэнтези жанрындағы кітаптар ұнайды. Ал анам дым қызық емес кітаптарды тықпалайды. «Қазақстан тарихы-нан» төмен баға алып қалып едім, бірнеше тарихи кітапты оқуға берді. Оларды ашып көріп едім, тартпады. Мұны мамам түсінбейді. 

Ата-анаммен бірге барып киім алу деген азаптың азабы. Мен өзіме ұнаған киімді алғым келеді. Олар өздерінің талғамымен қарайды. «Міне, мынау жақсы, осыны ал» дейді. Киімді киетін олар емес, менмін ғой, соны түсінбейді. 

6-сынып оқушысының айтқаны.

АТА-АНАМ МЕНІ ТҮСІНБЕЙДІ

Менің ата-анам – тамаша адамдар. Біздің бар жағдайымызды жасап отыр. Бір ғана ұнамайтыны – олар бізді түсінбейді. Біздің пікірімізбен санаспайды. Бізге не ұнай-тынын сұрамайды. Көңіліміз қалай ма, қаламай ма, оны есепке алмайды. Біз үшін барлығын өздері шешіп қояды. Мысалы, маған «математика мен логиканы оқуың керек» дейді. Бір ауыз пікірімді сұрамастан, осындай қосымшаға жаздырып қойған. Енді бос уақытымның бәрінде есеп шығаруға мәжбүрмін. Ал мен спортқа қызығамын, доп тепкім келеді. Ата-анама айтсам, «олай болса, шахматқа барасың» дейді. Маған ондай ойланып ойнайтын ойындар ұнамайды. Мен жүгіргім келеді. Баскетбол ойнағым келеді. Шаңғы тебуді армандаймын. 

«Барғым келмейді» деп айтқым келеді. Айта алмаймын. Мұны айтсам, соңы ұзын-сонар тәрбие сағатына ұласып кетеді. Менің кесі-рімнен іні-қарындастарым да сөз естіп қалады. Осы үлкен кісілер қызық. «Біз сендерді жаман болсын демейміз» дейді. Солары рас болса, неге бізбен санаспайды?! 

Бұл – 6-сынып оқушысының жанайқайы.

МІНДЕТ ҚЫЛА БЕРЕТІНІ ЖЫНЫМА ТИЕДІ

Менің анам – тамаша адам. Ақылды, білімді, жан-жақты. Өз ортасына сыйлы. Сонымен бірге іскер. Үнемі бірнеше жұмысты қатар істейді. Мені бір өзі асырап-бағып отырғаннан кейін, қатарымнан кем қылмауға тырысады. Расында да, менде бәрі бар. Өзімнің жеке бөлмем, қымбат компьютерім, жақсы смартфоным... Қалаған киімімді алып береді. Қымбат демалыс орындарында демаламыз. Менің қосымша білім алуыма, сүйікті ісіммен айналысуыма қыруар ақша жұмсайды. Тек соны міндет қылып айта беретіні жыныма тиеді. Бір сабақтан «4» алып қалсам, «мен сен үшін сонша ақша төлеп жатырмын» деп шығады. Мен сабақта «4» алмауға тырысамын. Өйткені анамның «лекциясын» тыңдағым келмейді. «Мен сен үшін...» деп бастаған кезде-ақ безіп кеткім келеді. Мен үшін қымбат киім мен қымбат гаджет емес, анамның мені түсінгені маңыздырақ. Анама мұны айта алмаймын. Мен үшін күні-түні тырбаңдап жүргенде жанын ауыртқым келмейді. Бірақ, менің де жанымды ауыртпаса екен деймін. 

7-сынып оқитын жасөспірімнің құрбысына айтқаны.

АНАММЕН ОҢАША ӘҢГІМЕЛЕСКЕНГЕ ДЕЙІН...

Мені ешкім жақсы көрмейді деп ойлайтынмын. Неше түрлі жаман ой маза бермейтін. Көпбалалы отбасымыз. Әкем мен анам күні-түні жұмыс істеп, шаршап жүреді. Бізге көңіл бөлуге мұршасы да болмайды. Мүлде уақыт бөлмейді деп айтпас едім. Сүйікті ісімізбен айналысуымызға, қалаған үйірмемізге қатысуымызға ешқашан кедергі келтірген емес. Керісінше, мұндайды қатты құптайды. Бірақ, бәрібір маған бірдеңе жетпей тұратын. 

Күнделік жаза бастадым. Оңашада жылап та алатынмын. Басым ауған жаққа кетіп қалғым келетін. Бір күні анам басқа балалардың ешбірін ертпей, менімен кафеге барды. Екеуміз дәмді тағамға тапсырыс бердік. Асықпай отырып тәттімен шәй іштік. Әңгімелестік. Шыққаннан кейін үйге дейін жаяу қайттық. Бұл – менің өмірімдегі ең тамаша күн! 
Анаммен оңаша әңгімелескенге дейін мені ешкім жақсы көрмейді деп ойлай беруші едім. Ал осы кездесуден кейін мүлдем олай емес екенін түсіндім. Басымдағы жаман ойдың бәрі бір сәтте жоқ болып кетті. 

7-сынып оқушысының күнделігінен.

Өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдердің жан сыры осындай. Бүкіл бала осылай ойлайды деуден аулақпыз, дегенмен, мұндай ой-пікір көпшілігіне тән екені даусыз. Көп ата-ана баламен дос болу керек екенін білгенмен, қалай дос болудың ретін таппай жатады. Ал кейбірі, керісінше, баласын өзінен алшақтатып та алып жатады. Көп ата-ана баласымен сырласуға уақыт таппайды. 

Жуырда психолог Сая Бақимоваға бір ата-анадан хат келіпті. «Жасөспірім балам бұрын жақсы кітаптар оқитын. Қазір мінезі өзгерді. Кілең қорқынышты нәрселер көріп, сондай кітап оқитын болды. Сабағы нашарлады. Маньяк болып бара жатыр деп уайымдаймын», – деп жазыпты ата-ана. Психолог баланың ешқандай да маньяк болып бара жатпағанын, мұның қалыпты жағдай екенін айтады. Біз маманның жасөспірімдер жайлы маңызды мәліметтерін жариялауды жөн көрдік:

– Аты айтып тұрғандай, өтпелі кезең – балалықтан ересек өмірге ауысатын кез. Бұл кезде бала-ның бойындағы гормондық өзгеріс жүкті әйелдің бойындағы өзгерістен бірнеше есе артық болады. Ағзаның бүкіл энергиясы өсуге, аз да болса гормонға, өсу жылдамдығына бейімделуге кетіп жатқанда, балада оқуға энергия қалмайды. Көп баланың үлгерімі нашарлайтыны содан. 

Психоанализде жасөспірім шақ – ата-анамен текетірес кезеңі. Бейсаналы түрде жасөспірім бойын кернеген бұрын-соңды болмаған күштен қатты қорқады және қорғанады. Жуынғысы келмейді, қалай болса солай киінеді, өзін әдейі жаман етіп көрсеткісі келеді. 

Мұндай қарқынмен өсу – бала үшін үлкен стресс. Көбіне бірінші дене өседі, содан кейін барып психика дененің өзгерісіне үйрене бастайды. Сырттай қарағанда дауысы гүрілдеп, бойы екі метр тұрған «жігіт» әлі баланың қылығын істегеніне кейде ата-ана ашуланады. Әдейі істеп тұр деп ойлайды. 

Бейсанада өсу – қорқыныш. Өйткені іштей мен өссем, ата-анам өліп қалады деген қорқыныш болады. Мұны психоанализ ертедегі тайпалардағы ұлы өсіп, патша әкесін өлтіріп, тағын тартып алуы сияқты ұжымдық бейсанадағы мифтермен байланыстырады. Өсу қорқынышты болғанымен, бала ешқашан «мен қорқамын» демейді. Оның орнына әрекет пайда болады. Қорқынышты фильмдер көру,  құбыжықтарды қарау, қаңқа мен қабірдің суретін салу осындайдан болады. Бұдан адам маньяк болмайды. Бұл – қалыпты нәрсе. Ал бала жан-жануарларды қинаса, өлтірсе, үнемі өтірік айтса, кішкентайларға әлімжеттік жасаса, жаман әдеттерге бой алдырса, мұндайда алаңдауға болады.

Жұлдыз Әбділда

«Ұлан» газеті, №3
19 қаңтар 2021 жыл 

721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор