• Жырақтан білім іздесең
  • 19 Қаңтар, 2021

Түркияда тегін оқу мүмкіндігі

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең». Мақаламды осындай жаттанды, бірсарынды мақалмен бастаймын деп ойламап едім. Бірақ дәл осы сөздер менің басымнан өткен оқиғаға дәл кеп тұр. 4-сыныптан бастап журналист боламын дейтінмін. Ес білгелі «Ұлан» газетінде жұмыс істесем ғой» деген жалғыз арманым болды. «Журналистиканы не үшін таңдадың?» деген сұраққа «Ұланда» жұмыс істеу үшін» деп жауап беретінмін.  

«Ұланның» арқасында Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен таныстым. Жақсы журналист болу үшін ҚазҰУ-дың журфагында оқу керек деп түсіндім. Осылайша өмірімдегі ең үлкен екінші арман пайда болды. Қандай әрекет істесем де, осы екі арманыма пайдалы болуы керек деп ойладым. Соның арқасында екі арманым да тез орындалды деуге болады. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне грантқа түстім. Ең қызығы, «Ұлан» газетіне 2-курс оқып жүргенде-ақ жұмысқа алды. Осымен өмірдегі ең үлкен екі арманым орындалды.

Мақаланың басында айтқанымдай, «Армансыз адам қанатсыз құспен тең». Ең үлкен екі арманым орындалған соң әрі қарай нені армандауға болады деп көп ойландым. Соңында шетелде оқимын деген шешімге келдім. Ата-анама ауыртпалық салмай, шетелдегі оқу орнының грантын жеңіп алудың түрлі жолын іздестіре бастадым. Ол туралы өзім ғана іздеп қоймай, «Ұлан» газетіне де жазып жүрдім. Арман-мақсатымыз ұқсас оқырманға пайдасы тиді деген ойдамын.

Зерттей келе, шетелде тегін білім алудың жолы көп екенін, ал шарты жалғыз екенін түсіндім. Ол – тіл үйрену. Бакалаврдың соңғы курсында ағылшын тілін оқи бастадым. Сіздерге өтірік, маған шын, мектеп бітіргеннен кейін ағылшынша кітаптың бетін ашпаппын. Содан «нөлден» бастап (elementary деңгейінен бастап), жатпай-тұрмай 9 ай бойы тіл үйрендім. Нәтижесінде IELTS тапсырып, 9-дан 5,5 ұпай жинадым. Бұл көрсеткіш сол кезде «Болашақ» шәкіртақысына өз мамандығым бойынша тапсыруға жеткілікті болды. Алайда бакалавр біті-ретін жылы дайындығым жеткіліксіз болып, «Болашақ» шәкіртақысын жеңе алмадым. «Үздік оқушы» синдромы бойынша менің үлкен өмірдегі алғашқы сәтсіздігім осылай басталды.  

Бұдан кейін де түрлі шетелдік шәкіртақы мен гранттар туралы іздедім. Алайда, көбінде оқу грантын берсе, шәкіртақы бермейтін, шәкіртақы берсе, оның көлемі тұратын жер мен басқа шығындарды жаба алмайтын бағдарламаларға тап болып, бас тартып жүрдім. Осылайша магистратураны Қазақстандағы оқу орнында жалғастырдым. 

Армандар орындалады деген сөздің растығына күмәнім жоқ. 2020 жылы шетелде оқимын деген арманым да орындалды. Түркиядағы жоғары оқу орнының грантын иелендім. Шәкіртақы беріп, жатақхана, тамақтану және көлік шығынын толығымен өтейтін бағдарламаның жеңімпазы атандым. Шетелдік студенттерге мұндай мүмкіндік ұсынатын бағдарлама Türkiye Bursları деп аталады.

Естеріңізде болса, бұл бағдар-лама туралы былтыр «Ұлан» газетінде жазып, грант иегерлерінен сұқбат алған едік. 

Жас дос, сенің де шетелде тегін білім алу грантын жеңіп алғың келе ме? Олай болса, сендер үшін қалай грант жеңіп алу керек туралы нұсқаулық жазып отырмын. Еске сала кетейін, 2021 жылдың 10 қаңтары мен 20 ақпаны аралығында Türkiye Bursları бағдарламасына онлайн өтініш қабылданады. Бұл бағдарлама бакалавр, магистратура, докторантура және ғылыми зерттеу жұмыстары үшін грант береді.

Türkiye Bursları немесе Türkiye Scholarships қандай бағдарлама?

Түбіміз бір түркі болғандықтан, тіл, дін, мәдениет жағынан Түркия мен Қазақстан арасында ұқсастық көп. Климатының жайлылығы да студенттерді қызықтыратын фактор. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Түркияда батыс және шығыстың білім беру стандарттары үйлесім тапқан. Осы факторларды ескеріп, соңғы жылдары Түркияда білім алатын қазақстандықтар көбейіп келеді. 

Біз сөз етіп отырған Türkiye Bursları шәкіртақысы Түркиядағы шетелдік студенттерге арналған «Түркия Республикасының сынағы» бағдарламасынан бастау алған. Бұл бағдарлама алғаш Түркиядағы Ұлттық білім министрлігінің бастамасымен құрылған. 2012 жылы «Түркия Республикасының сынағы» бағдарламасы жаңа атау алып, Шетелдегі Түркі тілдес халықтар министрлігіне қарайтын болды. Қазір шетелдік студенттерге Түркияда тегін білім алу грантын бөлетін бағдарлама Türkiye Bursları немесе Türkiye Scholarships деп аталады. Бұл бағдарлама бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны жыл сайын артып келеді. 

Türkiye Bursları бағдарла-масының басты талабы – талапкердің денсаулығы білім алуға жарамды болуы керек және бағдарламаның академиялық шарттарына сай болуы керек. Türkiye Bursları құжаттарды қабылдау, іріктеу, сұқбат және бағалау кезеңдерінен тұрады.

Қандай құжаттар керек?

Егер сізді Türkiye Bursları немесе Türkiye Scholarships деп аталатын бағдарлама қызықтырған болса, онлайн құжат тапсыруды дәл қазір осы нұсқаулықпен бастап кетуге болады. Толық ақпаратты бағдарламаның ресми сайтынан (www.turkiyeburslari.gov.tr) алуға болады. Қажет құжаттардың электрон нұсқасын да осы сайттағы тиісті жерге жүктеу керек. Бағдарламаға құжат тапсыру үшін ешқайда барудың немесе хабарласудың қажеті жоқ. Барлық қадам интернет арқылы онлайн жүзеге асады.

Бакалавриат үшін қажет құжаттар:

– Оқу үлгерімі көрсетілген табель немесе аттестат. Егер әлі мектеп бітірмеген болсаң, бірақ биыл жазда бітіретін болсаң, оқу үлгерімім туралы табельдің сканерлеген нұсқасын жүктеуге болады. 
– Халықаралық, республикалық диплом, сертификат, мақтау қағаздары. Егер осындай сипаттағы жетістік-теріңді дәлелдейтін құжат бар болса, грант жеңіп алу мүмкіндігі артады. 
– TOEFL, İELTS, SAT сияқты тіл білу деңгейін көрсететін сертификат. Егер мұндай сертификат болмаса, қапа болма. Бұл міндетті емес. Türkiye Bursları бағдарламасы арқылы білім алу үшін тіл білу міндетті емес. Егер грант жеңіп алсаңыз, бір жыл тегін тіл үйрену курсына жібереді. Бірақ, тіл білу деңгейін растайтын сертификат оқуға түсу мүмкіндігін жоғарылатады. 
–  Мотивациялық хат. Бұл хатта таңдаған мамандығыңыздың артықшылығы және неліктен Түркияда оқығыңыз келетіні туралы жазу керек. Әдетте шетелдік жоғары оқу орындарында ең әуелі осы мотивациялық хатқа мән береді. Сондықтан, бұған үстірт қарауға болмайды. Мотивациялық хатта ашықтық, шынайы жазу стилі құпталады. 
– Ұсыным хат. Ұсыным хат сіздің ұстазыңыз, жетекшіңіз, ата-анаңыз немесе жұмыс беруші, әріптесіңіздің атынан жазылады. Бір қарағанда, біреудің тарапынан сізге берілетін мінездемеге ұқсайды. Ұсыным хатта сіздің осы грантты жеңіп алуға лайық екеніңізді дәлелдермен келтіру керек. Әдетте ұсыным хатты сторителлинг стилінде жазған дұрыс. 
– Онлайн өтініш тапсыру кезінде отбасыңызға, жеке қасиеттеріңізге, тұрғылықты мекенжайыңызға қатысты сұрақтар болады. Оларға шынайы жауап беру керек. Жоғарыда аталған құжаттардан бөлек, жеке басыңды куәлан-дыратын құжат (жеке куәлік немесе төлқұжат), 3*4 фотоның электрон нұсқасы қажет. Қызығушылығыңызды, спорт, өнер немесе басқа салада жеткен жетістіктеріңіз де есепке алынады. 

Магистратура мен докторантура үшін:

– Диплом немесе транс-крипт. Егер жоғары оқу орнын бітірген болсаңыз – диплом, ал университет қабырғасында оқып жатқан болсаңыз, университетке қабылданғаныңыз жайлы құжат, оқу үлгеріміңізді нақтылайтын орташа балл (GPА балы) құжаты немесе транскрипт ұсынуыңыз керек. Бағдарлама талабы бойынша осы оқу жылында университетті тәмамдап, келесі оқу жылын Түркияда жалғастыруға дайын болуыңыз керек. 
– Біліктілігіңізді көрсететін халықаралық, республикалық дәрежедегі түрлі диплом немесе сертификаттарыңыз. Егер бар болса, грантты ұтып алу мүмкіндігіңіз жоғары болады. 
– TOEFL, İELTS, PTE, FCE сияқты халықаралық дәрежедегі ағылшын тілінен біліктілігіңізді көрсететін сертификаттар. Бұл шарттар таңдаған бөлімдеріңізге қарай өзгереді. Дегенмен, аталған сертификаттар бар болса, грантты ұтып алу мүмкіндігіңіз жоғары болады. 
Бакалавр бөліміне тапсыру-шылар сияқты магистратураға өтінім беретіндерден де жеке басына қатысты анкета мен құжаттар сұралады. Анкетаны барынша шынайы әрі сауатты толтыру ескерілетінін ұмытпа-ңыз. Ақпарат беру кезінде жалған ақпарат беруге қатаң тыйым салынады. Анкетаны орысша, ағылшынша немесе түрікше толтыруға болады.

Türkiye Bursları бағдарламасы арқылы мына мамандықтар бойынша білім грантын жеңіп алуға болады: 

* Білім және технология
* Әлеуметтік білімдер 
* Медицина ғылымдары 
* Теология 
* Түрік тілі.

Барлық бөлімді дұрыс толтырып, қажетті құжаттарды жүктеген соң, сіз өтінім бере алатын оқу орындарының тізімі шығады. Талапкерлер Түркияның 15 қаласындағы 40 университеттің ішінен 12 оқу орнына өтініш тастай алады. 
Жоғарыда аталған шарттарды толықтай орындап, сауатты онлайн өтінім берген талапкерлер екінші кезеңге – сұқбаттасуға шақырылады. Талапкерлерге сұқбаттасуға шақырылатыны жайлы толық ақпарат электрондық пошта мекенжайына жіберіледі. Екінші кезең бойынша әңгімелесу Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент секілді ірі қалаларында өтеді. Алайда, биыл пандемия жағдайына байланысты шектеулер енгізіл-ді. Сондықтан сұқбаттасу бөлімі онлайн, Microsoft Teams қолданбасында өтті. 

Сұқбаттасу кезеңінде талапкерлермен көзбе-көз әңгімелесу болады. Әңгімелесу тілін талапкер өзі таңдай алады. Ана тіліңізде сөйлескіңіз келсе, аудармашының көмегіне жүгіне аласыз. Ал халықаралық тілдің бірін жетік білсеңіз, өз ойыңызды нақты жеткізу үшін сол тілде сөйлескен дұрыс. Сұқбаттасу кезеңінде талапкердің білім деңгейі, ғылыми жұмыстары және жарияланған мақалалары қаралып, ойы, мақсаты, жеке көзқарасы, таным-түсінігі сараланады.

Бағдарламаға қандай мемлекеттің тұрғындары қатыса алады?

Türkiye Bursları бағдарламасы шетелдік студенттердің Түркияда тегін білім алып, түрік тілі мен мәдениетімен танысуына арналған. Сондықтан, бұл бағдарламаның грантын әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар жеңіп алуы мүмкін. Мысалы, қазір онлайн тіл үйрену курсында түрлі ұлт өкілдері бар. Біздің топта Ауғанстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Иран елдерінен грант жеңіп алғандар бірге оқиды. Негізі TÖMER тіл үйрену курсы бір оқу жылына созылады. Қазір карантин шектеуіне байланысты әр талапкер өз елінде онлайн сабаққа ғана қатысады. 

Бағдарлама бағыттары:

1. Түркітілдес елдер шәкіртақы бағдарламасы (Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Түркия Республикасы).
2. Балқан шәкіртақы бағдарламасы (Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Хорватия, Черногория, Косово, Македония, Сербия, Словения, Грекия).
3. Қаратеңіз шәкіртақы бағдарламасы (Беларусь, Эстония, Грузия, Литва, Латвия, Молдова, Румыния, Ресей, Словакия, Украина, Польша, Чехия, Армения, Венгрия).
4. Харран шәкіртақы бағдарламасы (Бангладеш, Палестина, Ирак, Иран, Ливия, Пәкістан, Сирия, Тәжікстан, Иордания, Йемен, Ауғанстан).
5. Түркия-Африка шәкіртақы бағдарламасы (Африканың 50-ден астам елі).
6. Бұғазіші шәкіртақы бағдарламасы (Орталық және Оңтүстік Америка, Азия мемлекеттері).

Türkiye Bursları қандай мүмкіндік береді?

Жоғарыда аталған өтінім беру, іріктеу, бағалаудан өткен соң, сізге грант туралы хабар келуі керек. Егер іріктеу мен бағалаудан өтпей қалсаңыз, электрон поштаңызға хат келмейді. Бағдарлама нәтижесі туралы арнайы сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларынан біле аласыз. 

Егер сіз Türkiye Bursları бағдарламасының грантын жеңіп алсаңыз, мынадай мүмкіндіктер бар: 

– Тегін оқу;
– Тегін баспана, тегін тамақтану;
– Шәкіртақы;
– Тегін медициналық сақтандыру;
– Түрік тілін оқу (1 жыл). Студенттер бір жыл түрік тілінен дайындық курсы кезінде (егер түрік тілін білмейтін болса ) шәкіртақы мүмкіндіктерін пайдалана алады. 
– Екі тегін ұшақ билеті (ең алғаш оқуға тіскенде және оқуды тәмамдап елге оралатын уақытта беріледі).

Демек, бір жыл түрік тілін үйренуге кетеді. Ал қалған академиялық оқу жылы бакалавриат үшін төрт жыл, магистратура үшін бес жыл. Түркия университетінің халықаралық дипломы әлем елдеріне жарамды саналады.

P.S. Жас дос, саған барынша түсінікті ақпарат бере алдым деген ойдамын. Білім алам, оқимын деген адамға әрқашан мүмкіндік мол. Өмірдің барлық сәтсіздігі бақытсыздық емес. Жаңа жылда жаңа арман, мақсат қояйық және соған жету үшін әрекет етейік. Мен сенің білімді, сауатты, саналы азамат болатыныңа сенем. Сәттілік тілеймін!

Дана Маратова

«Ұлан» газеті, №3
19 қаңтар 2021 жыл 

1394 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор