• Сенің замандасың
  • 20 Қаңтар, 2021

Диляра кино саласына қалай келді?

Диляра Нүкен – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Қазір ҚазҰУ журналистика факультетінің 4-курсында білім алып жатыр. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында 1-курс оқып жүргенде-ақ 1 миллион теңге тапқан екен. Қазір Диляра кино саласында  сценарист, реквизитор, қоюшы-суретші.   

Диляра «Хабар» арнасында көрсетілген «Тағы да сүй» сериалына, жақында «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілетін «Таңшолпан»  сериалына сценарий жазуға үлес қосқан. Мектепте оқып жүргенінде эстрада театрында вокалмен, хореографиямен айналысқан, сол кезде халықаралық байқауға қатысқан. Ол байқаудың ақтық мәресі Ресейде болып, соның арқасында екі рет Санкт-Петербург қаласын көрген. «Мәдениетке махаббатым сол сапардан кейін оянды», – дейді Диляра.

– Балалық шағыңызда нені армандадыңыз?

– Мамандыққа қатысты болса, мектеп бітірерде киноре-жиссер болуды армандаған едім. Журналистикада оқуды шешкеніммен, арманым әлі де ойымда болатын. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дейді ғой, шынымен адамның маңдайына жазылса, ол міндетті түрде орындалады екен, соған көзім жетті. Бірінші курсқа қадам басқан сәтте-ақ сценарий жазуға ұсыныс түсті. 

– ҰБТ-да қанша балл алдыңыз?

– ҰБТ-да 122 балл жинадым. Қазақ әдебиеті мен дүниежүзі тарихы пәндерін таңдадым. Одан бөлек университетте шығарма-шылық емтихан тапсырдым. Болашақ түлектерге кеңесім – өзіңе ұнайтын іспен айналысатындай мамандық таңдау керек. Сол кезде емтиханға дайындық кезінде де ол бір қиын жұмыс емес, арманға апарар жол болып көрінеді. Сол кезде оқуға түсуге мүмкіндік көбейеді, себебі оқушы оған шын көңілмен дайындалады. Тек грантты ойлап, қайсыбір мамандыққа грант көбірек бөлінеді немесе оңай пән екен деп кез келген пәнді таңдап, соған дайындалу дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ әркімнің бағы әртүрлі. Кейбір адамдар басында ұнатпаған оқуын жақсы көріп кетеді немесе грантқа түсе алмаса, оған басқа жол ашылады. Көп уайымдаудың қажеті жоқ, барлығы өз орнымен шешіледі. Мысалы, мен де мүлде өзім ойламаған мамандыққа дайындалып, түстім. Әрине, журналистика мен кино – жақын салалар. Шүкір, ойламаған жерден арманым орындалды. Кино саласында оқымасам да, түсірілім алаңында қызмет атқарамын. Сондықтан бәрі ҰБТ пен балға байланып қалған жоқ дегенді айтқым келеді.

– Бірінші курс оқып жүргенде қалай 1 миллион теңге таптыңыз?

– «Хабар» телеарнасындағы «Тағы да сүй» сериалына сценарий жазып, алғашқы қаламақымды алдым. Адам шынымен қаласа, кез келген дүниеге қол жеткізе алады. 1 миллионды тек мен ғана емес, бірге жазған қыздар да алды және бұл бір апта немесе айда келген ақша емес, қанша ай бойы ойластырған идеяның, жазған сценарийдің қаламақысы. Осындай қиын әрі жауапты жұмысты біздей жас қыздарға сеніп табыстаған режиссер ағайымыз Асхат Мұсабайға алғысымды білдіргім келеді.  

– Алғашқы сценарийді кімдермен бірге жаздыңыз?

– Жамал Жақсытай, Әсел Кәрібай, Диана Рахыммен бірге жаздық. Сценарий жазу жөніндегі ұсынысты режиссер ағайымыз Асхат Мұсабай ұсынды. Сол кісінің сенімі мен кеңесінің арқасында жазып шықтық.

– Сценарий жазуға идеяны қайдан табасыз?

– Идея өз-өзінен келмейді. Көп іздену керек.  Әртүрлі материал қараған сайын, ой ұшқырланып, идея келе бастайды. Жеке өзім идея керек болса, сериал, кино көре бастаймын, кейде оқыған кітаптарымды есіме түсіремін. Адамдармен сөйлесу де жақсы көмектеседі.

– Болашақта қандай тақырыпта сценарий жазғыңыз келеді?

– Нақты ойлаған тақырыбым жоқ, бірақ болашақта сценарий жазсам, ең бірінші міндеті ретінде көрерменге жақсы ой қалыптастыруды қояр едім. Маған барынша заманауи тақырыптағы сценарийлер жазған ұнайды. 

–  Реквизитор мен қоюшы-суретшінің міндеті қандай? 

–  Қоюшы-суретші – түсірілім алаңындағы режиссер мен оператордан кейінгі үшінші адам. Режиссер актерлерге және жалпы кадрға, оператор кадрдағы жарыққа, композицияға жауап берсе, қоюшы-суретші кадрдағы тұрған барлық заттың, киімдердің үйлесіміне жауап береді. Ал, реквизитор кадрда қолданылатын немесе ойнайтын заттарға жауап береді. Яғни, сценарийде кейіпкер кофе ішіп келе жату керек болса, сол кофені актерге реквизитор беруі тиіс.  

Сценарий жазғаннан кейін, сол сериалдың түсірілім алаңында редактор болдым. Содан кейін кинодағы суретшілердің, реквизитордың жұмысына қызыға бастадым. Келесі жобаларда суретшінің ассистенті болып жұмыс атқардым. Ал, соңғы жобаларымның бірінде қоюшы-суретші болу бұйырды. Әрине, мендей жас маман үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Реквизитор болуды режиссер-дің өзі ұсынды, мен оның сенімін ақтау үшін барымды салдым. Сол арқылы бірнеше жобадан кейін қоюшы-суретші болуға ұсыныс түсті.

– Әр күніңізге жоспар құрасыз ба? Сабақ пен жұмысқа қалай үлгердіңіз? Қиын болмады ма?

– Күнделікті жоспар құрып жүрмеймін, тек кешке келесі күнді ойша ойластырып қоямын. Мен оқитын факультет есеп шығарып, ғылыммен айналыспайды, сондықтан сабақтар да аса күрделі емес. Жұмыспен қатар алып жүру қиын болған жоқ. Бірақ тапсырмаларды түнде болса да орындап, кешіктірмей жіберуге тырысамын. Ең бастысы, мұғалімдермен көзбе-көз кездесіп, түсіндіре алу, ескерту. 

– Жоғары шәкіртақыға қалай үлгердіңіз?

– Сабақтарға қатыса алмаған кездегі үлгерімді жақсарту үшін, жұмыстан бос уақытымда тапсырмаларды ерекше болатындай орындаймын. Жәй ғана сабақ айтып бермей, презентация жасап, жоба құрастырып, бейнесабақ дайындап барамын. Сол үшін мұғалімдер жоғары балл қояды.

– Егер кино саласында басшы болсаңыз, қандай өзгеріс жасар едіңіз?

– Менің тәжірибем өте аз, нақты қандай өзгеріс керек екенін айта алмаймын. Қазақ тіліндегі жобалар көбейсе екен деп тілеймін және түсірілген жобаларды көрсететін ауыл-аймақтарда кинотеатрлар көбірек ашылса, шынымен киноға баратын адам көбейіп, сұраныс та пайда болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен 
Перизат Шаден.
«Ұлан» газеті, №3
19 қаңтар 2021 жыл 

1014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор