• ҰЛАН
  • 15 Қаңтар, 2021

TEZ TAP отандық ойыны

Адам тəуліктегі 24 сағатты үш қажеттілік бойынша бөлуі керек дейді ғалымдар. 8 сағат ұйқы, 8 сағат жұмыс, ал қалған 8 сағатты көңіл көтеру, өзін дамытуға арнауы керек. Жұмыс пен ұйқыдан бөлек 8 сағатты кім, қалай өткізіп жүр? Бүгін «Ұлан» газетінде уақытыңды тиімді, көңілді өткізудің бір жолын ұсынамыз. Ол – отандық TEZ TAP ойыны. Бұл ойын түрі қашан, қалай пайда болды? Қандай машықтарды дамытуға көмектеседі? Толығырақ идея авторы Дана Қамзабектен сұрадық.

Ұлан: TEZ TAP ойынын жасау туралы идеяның авторы кім? Бұл идея қашан, қалай пайда болды?

Дана: Бұл – өзімнің жобам. Ал идеяның пайда болғанына 5-6 жыл болды. Ол кезде достарымызбен осы ойынның орысша аналогы ALIAS, КРОКОДИЛ ойнайтынбыз. Кез келген отырысты көңілді өткізуге, бір-бірін танымайтын адамдардың арасындағы мұзды жібітуге көмектесетін күшті құрал екенін сол кезде түсіндім. Бірақ жасырып жатқан сөздеріміз қазақшаболса, біздің  ортамызда өзекті нəрселер болса, тіпті қызық болар еді деп ойладым да, өзім қағазға қазақша сөздер жазып, солай ойнай бастадық. Бірақ одан кейін оқуыма байланысты ойынға қатысты идеяны дұрыстап қолға алатын уақыт болмады. Сөйтіп сəті тек осы 2020 жылдың соңында түсті. Карантинде үйде отбасымен көп уақыт бірге өткізгеннен шабыттанған шығармын (күліп).

Ұлан: TEZ TAP ойынының шартымен қысқаша таныстырып өтсеңіз.

Дана: Ойын шарты оңай. Ойыншылар жұпқа бөлініп, бір-біріне картадағы сөздерді бір минут ішінде жасырады. Табылған сөздердің санына қарай жұпқа ұпай беріледі. Ойын үш кезеңнен тұрады: Бірінші кезеңде түсіндіру барысында кез келген сөздерді қолдануға болады, екінші кезеңде тура сол сөздерді бір ғана сөзбен түсіндіру керек. Ал үшінші кезеңде сол сөздерді мүлдем сөзсіз, тек қимылмен көрсету керек. 2-3 кезеңдерде тек бірінші кезеңде ойнатылған карталар (барлық жұптың) қайта жасырылады.

Ұлан: Қазақстанда үстел ойындары қаншалықты танымал деп ойлайсыз?

Дана: Жылдан жылға елімізде үстел ойындары танымал болып келеді. «Қазақ хандығы», «Власть» сияқты отандық ойындар – сөзіме дəлел. Бұл əсіресе жастардың арасында кеңінен таралған ойын-сауық түрі. Бірақ біз TEZ TAP жасағанда барлық отбасына қызық болатындай жасағымыз келді. Өйткені отбасымен бірге уақыт өткізудің түрлі жолы қалыптасса екен дейміз.

Ұлан: TEZ TAP ойынының бағасы қандай жəне оны қай жерден сатып алуға немесе тапсырыс беруге болады?

Дана: TEZ TAP ойынының бағасы 6 700 тг (2021 қаңтар айындағы ақпарат), Нұр-Сұлтан қаласында 1001 ÓNER, Hobby Games Nur-Sultan дүкендерінде, Алматыда Hobby Games Almaty, Aydahar дүкендерінде сатылады. Оған қоса басқа қалаларға да жеткізу бар.

Ұлан: TEZ TAP командасында қанша адам жұмыс істейді?

Дана: Команда екі адамнан тұрады (күліп). Мен жəне 15 жасар інім Ғазали. Бірақ қолдаушылар аз емес. Шынымды айтсам, ойынның дизайнын жасаған Дмитрий Со, оны бастырған Appazov Print баспахана ұжымының бəрі бір командадай жұмыс жасады.

Ұлан: Ойын арқылы адамның қандай қасиеттерін дамытуға болады деп ойлайсыз?

Дана: Жалпы кез келген ойынның ең басты мақсаты – қызықтыру, ойыншының көңілін көтеру. Ал TEZ TAPойнағанда бонус ретінде сөйлеу шеберлігін дамытуға болады, оған қоса, есте сақтау қабілетін арттыруға болады. Бірақ бұл дəлелденбеген нəрсе (күліп).

Ұлан: «Ұланның» оқырманына өзіңіздің балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз. Қай жерде, қашан өмірге келдіңіз? Қандай ортада тəрбиелендіңіз?

Дана: Өзімді жұлдыздай сезінетін сұрақ екен (күліп). Мен 1992 жылы Алматыда туып, Шымкентте өстім. Астанада тұрып жатқаныма 10 жылдан асты. Екі жыл оқуыма байланысты Еуропада тұрдым. Ең керемет отбасында туып-өстім, ата-анам Отанға деген махаббатымның тууынабар жағдай жасады. Сол патриоттық  сезімнің арқасында елде де, шетелде де абыроймен оқып, жұмыс істеп келемін.

Ұлан: Балалық шағыңызда қандай ойындарға қызықтыңыз?

Дана: Бала кезімде көше ойындарын керемет жақсы көретін едім. Ал үстел ойындарынан ол кезде тек дойбы қызық болған сияқты.

Ұлан: Қайда білім алдыңыз? Оқушы, студент кезіңізде қандай қызығушылығыңыз болды?

Дана: Мен Нұр-Сұлтандағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-лицейде оқыдым. Бұл – астанамыздағы 100 жылдан астам тарихы бар жалғыз қазақ мектебі. Мектебімді өте қатты жақсы көремін, сыныптастарым бауырымдай болып кеткен. Одан соң Назарбаев Университетінде химия факультетінде оқыдым. Бұл да – ең мықты білім ордасы. Хəрри Поттердегі Хогуартс сияқты. Ұлан оқырманының əрқайсы, жалпы əр қазақ баласы осы университетте оқыса екен деймін. Содан соң екі жыл Еуропада магистратурада оқыдым, Франция, Польша, Италияда білім алдым. Бұл менің ойөрісімнің кеңеюіне, елімді одан да қатты жақсы көруіме себеп болған кезең болды. Оқу барысында өте көп қызығушылығым бар. Көбіне тілге байланысты, өнерге байланысты кез келген жобаға атсалысып жүрдім, əлі де жүрмін.

Ұлан: Алдағы уақытта тағы басқа ойын түрлерін қазақ тілінде жарыққа шығару жоспарда бар ма? Қандай ойын сұранысқа ие болады деп ойлайсыз?

Дана: Жоспар өте көп.Мысалы, дəл қазір біз балаларға арналған TEZ TAP дайындап жатырмыз. Менің TEZ TAP ойынымды халық сонша күткенін білгенімде, əлдеқашан қолға алар едім. Біздің халық той-думан,отырыс- жиындарды жақсы көреді ғой. Ол керемет емес пе?! Сол себепті бізде ойынсауықтың, əсіресе топтарға арналған ойындардың кез келгені сұранысқа ие болады деп ойлаймын.

Ұлан: Арманыңыз бен алдағы жоспарыңыз туралы айтсаңыз.

Дана: Арманым да өте көп, осы тақырыпқа сай арманым – елімізде қазақ тілі  шынымен жалпыға ортақ, күнделікті қолданыста жүретін құралға айналса екен. Өзінің тым ресми табиғатынан айырылса екен деймін. Жоспарым – осы арманға апаратын жобаларды іске асыру. «Ұлан» газетінің оқырмандарын жаңа жылмен құттықтап, беттерінен сүйгім келеді. Оларға əпкесі ретінде батыл  болыңдар, қателесуден қорықпаңдар деген кеңес бергім келеді.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №2
12 қаңтар 2021 жыл 

 

457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор