• ҰЛАН
  • 14 Қаңтар, 2021

Тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның мəдени мұралары тізіміне енді

Мақсат Шотаев – Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, филология ғылымының кандидаты, тоғызқұмалақ жайлы бірнеше кітаптың авторы. Ойлылардың ойыны, «қойшылар алгебрасы» деп те аталатын интеллектуалдық ойын – тоғызқұмалақтың тағылымын арттырып, дүниежүзіне танытуға сүбелі үлес қосып жүрген жандардың бірі Мақсат Шотаев сұқбат кезінде қарсыласқа есе жібермей, жеңіске жетудің тактикасын айтып берді. Тоғызқұмалақтың қалай пайда болғаны туралы сыр шертіп, осы бір ұлттық ойынымызға қатысты іргелі жаңалығын күллі қазаққа сүйіншіледі.

– Ойлылардың ойыны ретінде танылған тоғызқұмалақ ең алғаш қашан пайда болды? Шығу тарихы қандай?

– Археолог ғалымдардың айтуы бойынша, тоғызқұмалақ ойыны 4 мың жыл бұрын пайда болған. Алайда тоғызқұмалақ ойынының шығу тегін зерттесек, мұндай ойындардың осыдан 7 мың жыл бұрын бірқатар елде, атап айтқанда, Мысырда, Африка елдерінде пайда болғанын көрсетеді. Сондықтан бұл ойынды қайтадан зерттеуіміз керек. Шығу тарихына келетін болсақ, бұл «қойшылардың ойынының» жалғасы ретінде шықты деуге болады. Өйткені отауларды қазу арқылы ойналатын «қойшылар ойынына» құмалақтар салып ойнаған. Кейін ол ілгері келе бере күрделеніп, «бестемше», «тоғызқұмалақ» сияқты ойындардың шығуына негіз болған деп ойлаймын.

– Еліміздегі тоғызқұмалақ ойынының дамуына қандай баға бересіз? Өскелең ұрпақтың қызығушылығы қандай?

– Тоғызқұмалақтың Қазақстандағы дамуы əртүрлі кезеңдерді қамтиды. ХІХ ғасырда бұл ойынды Абай Құнанбайұлы жəне оның əкесі Құнанбай ойнаған. Осы жылдары тоғызқұмалақты шетелдік Карлтс, Вангери, венгриялық Алмоши, тағы да бірқатар ғалым зерттеген. ХХ ғасырда Мұхтар Əуезов «Абай жолын» жазу барысында көп ізденген. Өзі де ойнаған. Сонымен қатар Қалибек Қуанышев ойнаған. 1936 жылы Сəрсен Аманжолов қазақ жəне орыс тілдерінде «Тоғызқұмалақ» атты кітап жазған. 1943 жылы Мəулен Балақаев кітап шығарған. ХХ ғасырдың 30-жылдары бұл байлардың ойыны деп қудалануы олардың осындай кітап жазуына түрткі болды. 1948 жылы алғашқы чемпионат өткізілді. 1977 жылы спорт шебері атағы берілді. Қазір Қазақстанда тоғызқұмалақ жақсы дамып жатыр. Тоғызқұмалақпен шұғылданушылардың саны 200 мыңнан асты. Өскелең ұрпақтың қызығушылығы өте жақсы.

Себебі олар осы ойын арқылы өздерінің шеберлігін шыңдап, көптеген жарысқа қатыса алады. Атап айтқанда, мектепішілік, қалалық, одан өткендері облыстық жарыстарға, одан өткені республикалыққа қатысады. Одан кейін Əлем чемпионаты, Азия чемпионаты бар. Шетелдерде халықаралық турнирлер болып тұрады. Көптеген жүлде тігілгендіктен мұның барлығы өскелең ұрпақтың қызығушылығын туғызып отыр.

– Тоғызқұмалақтан əлемдік деңгейде өткізілетін турнирлер жайында не айтасыз?

– Тоғызқұмалаққа əлем елдерінің қызығушылығы өте жақсы. Əлемдік деңгейдегі жарыстар жыл сайын өткізіледі. Атап айтқанда, əлем чемпионаты, Азия чемпионаты, Еуропа чемпионаты, сондай-ақ биылғы жылы тұңғыш рет Азия жəне əлем кубогы өткізілді. Азия кубогы Қызылорда қаласында өтті. Онда қызылордалық Бексұлтан жеңіске жетті. Еуропа кубогы Францияның Канн қаласында өтті. Ол жерде қыздар арасында нұрсұлтандық Құндыз Есіркеп, ұлдар арасында ақтөбелік Азамат Қайдаров жеңіске жетті. Сондай-ақ мұндай ресми чемпионаттардан бөлек халықаралық турнирлер де бар. Жыл сайын оннан астам халықаралық турнир Францияның Канны қаласында, Англияда, Чехияның Пардубице жəне Прага қалаларында, Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия елдерінде өткізіледі. Бұлардың барлығы шетелдің қызығушылығын арттырды. Сондай-ақ интернет беттерінде тоғызқұмалақ ойнайтын бірнеше сайт бар. Атап айтқанда, Iggamecenter.com жəне playok.com сайты. Iggamecenter.com сайтында жүзден астам елдің спортшылары тоғызқұмалақ ойнаса, playok.com сайтында одан көп спортшылар ойнап, республикалық, халықаралық жарыстар өткізіліп тұрады.

– Тоғызқұмалақ жарыстарында ерекше көзге түсіп жүрген ең мықты, мақтануға болатын спортшылар кімдер?

– 2010 жылы тоғызқұмалақтан тұңғыш əлем чемпионаты өткізілді. Осы əлем чемпионатында ұлдар арасында кентаулық Ғалымжан Темірбаев, қыздар арасында қызылордалық Əсел Далиева жеңіске жетті. Міне, осы əлем чемпионаты ең мықты спортшыларды анықтауға көмектеседі. Қазір көзге түсіп жүргендер деп 7 дүркін əлем чемпионы Əсел Далиеваны, 4 дүркін əлем чемпионы Ғалымжан Темірбайды, 3 дүркін əлем чемпионы Хакімжан Елеусіновті, əлем чемпионы Серік Ақтаевты, Диана Кенина, Салтанат Сапарбекованы айтуға болады. Бұлар өзіндік жолын, стилін қалыптастырған мықты спортшылар.

– Бұл ойында қарсыласқа есе жібермей, жеңіске жетудің тактикасы қандай? Ойын барысында тоғызқұмалақшы қандай қағидаларды ескергені абзал?

– Ойында жеңіске жету үшін ойын барысын жіті бақылап отыру керек. Бұл ойлылардың есеп ойыны. Сондықтан басты назар аударатын нəрсе – өз құмалақтарыңды жұп қылып, қарсыласыңның құмалақтарын тақ қылып ұстап отыруға тырысу керек. Екіншіден, тұздық бермеуге тырысу қажет. Тұздық деген – өзіңнің бір отауыңнан айырылу. Яғни, тұздық берген жағдайда сен сегіз отаумен, ал қарсыласың он отаумен ойнайды. Тоғызқұмалақшы ең алдымен құмалақтарын шабуылға ыңғайлы етіп ұйымдастырып, қорғанысқа көңіл бөлуі керек. Қарсыластың нені ойлап отырғанын психологиялық тұрғыда жіті бақылап отыруы керек. Он жүрістен кейін тоғызқұмалақта миллиардтан астам нұсқа кездеседі. Əрине, оның барлығын есте сақтау мүмкін емес. Тоғызқұмалақтың өзіндік тактикалары арқылы мүмкін болатын нұсқаларды жіті есептеп отырған абзал.

– Тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына енгізілетінінен хабардар болдық. Осы жоба туралы айта кетсеңіз.

– Қазір тоғызқұмалақ мектеп бағдарламасына екі түрлі жолмен енгізіліп жатыр: біреуі үйірмелер арқылы, екіншісі мектеп бағдарламасымен. Үйірмелер арқылы дегеніміз – факультатив сабақтар. Нұр-Сұлтан қаласында «Алтын ұрпақ» деген жоба жасалды. Онда жиырма мектептің қосымша бір сабағын факультатив сабақ ретінде беріп, тоғызқұмалақ өтеді. Ал мектеп бағдарламасында екінші, үшінші тоқсандарда «Ұлттық зияткерлік ойындар» деген тарау бар. Бір тоқсанға 12 сағат. Міне, осы сабақта тоғызқұмалақты үйретеді.

– Ертеде тоғызқұмалақ ойыны арқылы жұлдызнама жасап, адам ғұмырының
бақыты мен сорын болжаған деген рас па?

– Тоғызқұмалақтың қандай нақты мақсатпен туындағаны əлі толық зерттелген жоқ. Оны біз «есеп ойыны», «қойшылар алгебрасы», «ақыл-ой өнері» деп бағалаймыз. Енді кейбір деректерде тоғызқұмалақ ойыны арқылы жұлдызнама ашып, адам ғұмырын болжаған деген де деректер бар. Көбіне оны Қытай қазақтары алға тартады. Бірақ біздің Қазақстанда бұл мəселе əлі қарастырылуда. 41 құмалақ деген бар. Ол жерде де адам ғұмырын болжайды. Тоғызқұмалақта да кейбір отауларды пайдалану арқылы болашақты болжауға болады деп ойлаймын.

– Сұқбатымызды сіздің халыққа жылы лебізіңізбен тəмамдасақ...

– Сөз соңында Қазақ елін тоғызқұмалақтың ЮНЕСКО-ның мəдени мұра тізіміне енгенімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл үлкен жетістік болды. Бұл еңбектің басында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Əлихан Байменов бастаған көптеген азамат жүрді. Тоғызқұмалақтың ЮНЕСКО-ның мəдени мұралары тізіміне енуіне бүкіл жер жаһандағы қазақтар қуанып жатыр. Ендігі кезекте тоғызқұмалақ əлемдік деңгейде кең қарқынмен танылады жəне сол күнге аманесен жете берейік!

– Сұқбатыңызға көп рақмет!

Əңгімелескен
Гүлжан НИЯЗОВА,
Қожа-Ахмет Ясауи атындағы
ХҚТУ-дың 1-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №2
12 қаңтар 2021 жыл

724 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор