• ҰЛАН
  • 07 Қаңтар, 2021

Қазақтар жалқау емес, тек әркім өз ісімен айналысады

Денсаулыққа зиян екеніне қарамастан, елімізде фастфуд өнімдеріне сұраныс жоғары. Тұтынушылар оны жылдам дайын болатыны үшін, тойымдылығы үшін таңдайтынын айтады. Кейбірі үйде тамақ пісіруге уақыты болмаған соң, амалдың жоқтығынан фастфуд өнімдеріне тапсырыс береді екен. Уақыт өткен сайын адамның физикалық күш-қуатын үнемдейтін қызмет түрі дамып келеді. Заман талабына сай тез əрі жылдам жеткізу əрі ас мəзіріне тың жаңалықтар кіргізу əсіресе пандемия кезінде қолға алынды. Қазір тіпті қонақ күтудің өзі оңай! Мысалы, Қазақстанда қуырдақ, палау, сірне сияқты ыстық тағам түрлерін жылдам дайындап, дəмді əрі тойымды тағам түрін үйіңізге жеткізіп беретін отандық компания пайда болды. Ол Asar Qazan деп аталады. Жақында Qazyna Food ЖШС Asar Qazan дайын тағам жеткізу орталығына халал сертификаты табысталды. Сондықтан тағамның сапасына күмəн келтірмеуге болады.

Тамақ дайындау жəне жеткізу қызметінің қандай қиындығы мен қызығы бар?Тұтынушы тұрғындардың денсаулығы үшін пандемия кезінде қандай сақтық шаралары сақталады? Бұл туралы Asar Qazan дайын тағам жеткізу орталығының негізін салған Аслан Медиев мырзамен əңгімелескен едік.

Ұлан: Asar qazan жобасы қашан, қалай пайда болды?

Аслан Медиев: Ұлттық тағам түрлерін дайындап, жеткізу қызметімен айналысу туралы бұрыннан ойлап жүргем. Бірақ Asar qazan жобасы тек 2020 жылы мамыр айында пайда болды. Пандемия кезінде елімізде карантинге орай шектеулер енгізілді. Сол кезде тағам жеткізу қызметіне сұраныс артты. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, осы кезде көптен ойда жүрген жобаны жүзеге асыруға бел будым. Asar qazan жобасын бастамай тұрып мейрамхана ісі саласында 14 жыл қызмет етіппін. Еңбек жолын даяшы боп бастадым. Кейін бар менеджері, əкімші, үлкен менеджер, тіпті мейрамхана директоры лауазымына дейін көтерілдім.

Карантин кезінде көптеген тамақтану орны, мейрамхана бизнесі шығынға ұшырады. Ал жеткізу қызметінің шығыны аса көп емес. Бірақ жауапкершілігі өте жоғары. Əсіресе, пандемия кезінде сақтық шараларын күшейту керек болды.

Ұлан: Компания неге Asar qazan деп аталады?

Аслан Медиев: Asar qazan деген атаудың да бірнеше мағынасы бар. Біріншісі – асылып жатқан қазан деген мағына береді. Біз ет тағамдарын дайындаймыз. Оны қазанда қайнатамыз дегендей. Екіншіден, қазақта асар деген сөз көмек дегенді білдіреді. Компания құрылған кезде табыстың 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсаймыз, балалар үйі мен қарттар үйіне көмек көрсетеміз
деп уəде бергем. Asar qazan атауы жаттауға да оңай сияқты.

Ұлан: Компания қандай қызмет түрін ұсынады?

Аслан Медиев: Asar qazan ұлттық жəне шығыс асханасының тағамдарын дайындап, жеткізумен айналысады. Негізі Қазақстанда тегін жеткізу қызметін көрсететін компаниялар көп. Бірақ сервис қатты дамымаған.

Тапсырысты жеткізу деген бір бөлек, тұтынушылармен коммуникацияға түсіп, көңілкүйін көтеру деген бөлек мəселе. Біз тамақты пісіріп, жеткізіп қана қоймай, домбырамен күй шертіп, халық əндерін орындап, ыстық тағамды ортаға қойып, тілек айтып, тұтынушылардың көңілін көтереміз. Қазақ халқына той, жиын, шоу ұнайды ғой. Сондықтан біздің компанияның қызметі көңілдерінен шығып жатыр деп ойлаймын.

Ұлан: Отандық нарықта Asar qazan-мен бəсекелесе алатын қандай компания бар?

Аслан Медиев: Бəсекелес компаниялар бар, əрине. Бірақ көп емес. Елімнің патриоты болғандықтан, оларды бəсекелес ретінде емес, бір бағытта жұмыс істеп жатқан мүдделес ретінде көргім келеді. Дəстүрлі тағамды танытып, дамытып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын болса, ол менің бауырым деп есептеймін.

Ұлан: Адамдардың тамақтану тəртібі карантин кезінде қалай өзгерді деп ойлайсыз?

Аслан Медиев: Тамаққа, азықтүлікке деген сұраныс карантин кезінде өсті. Қазақ халқы ертеден жақсы тамақтануға көңіл бөлген. Той-жиын, қуаныштың бəрінде дастарқан жайған. Карантин кезінде той-жиын болмаса да, адамдар иммунитетті көтеру үшін құнарлы тамақтана бастады. Үйде тамақ дайындайтындар көбейді. Осы кезде мейрамхана ісіне қарағанда, тамақ пісіруді үйрететін мамандардың жұмысы қыза түсті. Жеткізу қызметіне адамдар сенімсіздікпен қарайтын сəттер де кездесті.

Ұлан: Пандемия кезінде аспаздар мен жеткізушілер қандай қауіпсіздік шараларын сақтайды?

Аслан Медиев: Бұл кəсіпті карантин кезінде бастағандықтан, ең əуелі тазалық пен залалсыздандыру жұмыстарына назар аудардым. Тамақ дайындайтын орын тексерістен өткен, санитарлық талаптарға сай. Мұны тексеріс үшін ғана емес, қызметкерлеріміз бен тұтынушыларымыздың амандығы үшін істедік. Аспаздар мен жеткізушілер арнайы киіммен, бактерияға қарсы құралдармен қамтамасыз етілді. Жаңа бастап жатқан жеке кəсібім болғандықтан, азық-түлік, тамақ пісіру процесі, жеткізуге дейін өзім атсалыстым. Бұл кезде отбасым қаланың сыртындағы үйде болды. Өзім жеке пəтерде тұрдым.

Мамыр айында елімізде коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кез еді. Сондықтан жақындарым мен компания қызметкерлерінің басын қатерге тікпеу үшін барынша сақтық шарасын сақтауға, қадағалауға тырыстым.

Ұлан: Қалай ойлайсыз, дайын тағамға тапсырыстың көбеюі адамдардың жалқаулығынан ба?

Аслан Медиев: Қазақ халқы жалқау деп айта алмас едім. «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» дегендей, жалқау адамдар əр қоғамда бар. Байқасаңыз, қазір Қазақстанда көбі пысық. Көпшілігінің қызметі, айналысып жатқан ісі бар. Оларды қалай жалқау деп айта аламыз? Əсіресе, жастарға қарап тамсанамын. Бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейді. Алдына қойған нақты мақсаты бар. Табыс табудың жолдарын біледі. Ерінбейді. Жалындап тұр. Ал дайын тағамға тапсырыс беруі – адамдардың тамақ жасауға ерінгенінен емес. Əркімнің дамытып жатқан саласы бар.

Осы тұста мына бір əңгіме есіме түсіп тұр. Бір қазақ пен жапонды жарысқа салса, қазақ жеңіп кетеді дейді. Себебі қазақтар жан-жақты дамыған болады. Барлық саладан аздап болсын білгені, көргені бар. Ал он қазақ пен он жапон жарысса, жапондар жеңеді. Себебі əр жапон өз саласын өте жетік меңгерген. Сапалы өнім, сапалы қызмет болсын десек, бір саланы жетік меңгеріп, содан нəтиже шығару керек деп ойлаймын. Сонда Қазақстан дамыған, үздік мемлекеттің қатарына кіру үшін əркім өз ісіне адал болса деп ойлаймын.

Ұлан: Қазақстандағы қызмет сапасына көңіліңіз тола ма жəне оны жақсартудың қандай тəсілдері бар?

Аслан Медиев: Мойындау керек, Қазақстанда қызмет көрсету сапасы сəл нашарлау. Қызмет көрсету сапасын жақсартудың жалғыз тəсілі – қызметкерлерді оқыту, үйрету. Компанияның барлық қызметкері бір-бірімен тығыз байланыста болса, жұмысты махаббатпен істесе, қызмет сапасы автоматты түрде жақсарады.

Ұлан: Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

Аслан Медиев: Жақында Qazyna Food ЖШС Asar Qazan дайын тағам жеткізу орталығына халал сертификаты табысталды. Арнайы тексеріс жұмыстарын ҚМДБ-ның өңірлік жауапты өкілі Ысқақ Абдрахманов жүргізіп, күмəнді деп танылған өнімдер мен тағамдық қоспалар лабораториялық зертханаға жіберілді. Барлық қызметкердің жұмыс барысы, санитарлық тазалық шарттарын сақтауы, шариғат талаптарына сай емес өнімдерді қолданбауы, мекемеге шикізат өнімдерін тасымалдаушы кəсіпорындардың құжаттары, техникалық құрал-жабдықтардың стандарт талаптарына сай жабдықталуы, қаптамалардың адам денсаулығына зиянды болмауы секілді өнім өндіруден бастап тасымалдап сатуға дейінгі барлық процесс тексерілді. Алдағы уақытта да нақты мақсат-жоспарларымыз бар.

Əңгімелескен
Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №1
5 қаңтар 2021 жыл

443 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор