• Толағай
  • 12 Қаңтар, 2021

Футболға қайта орала ала ма?

Қазақ футболы жайлы пікірлердің қай сарында екенін ел жақсы біледі. Онсыз да жеңілістен көз ашпайтын құрамамыздың басты «жұлдызы», капитаны Бауыржан Исламхан допингпен ұсталды деген ақпарат жағдайды тіптен ушықтырып жіберді.

Исламхан – соңғы 10 жылдықтағы қазақ футболының ең талантты ойыншысы деп бағаланып жүр. Еліміздің №1 ойыншысы осындай жағдайға тап болып жатса, отандық футболдың шама-шарқы байқалады емес пе? Əділ əрі таза спортты қолдайтын кез келген жанкүйер мұндай сəтте спортшыны ақтай алмайтыны анық. Егер Бауыржан өзінің кінəсіз екенін дəлелдеп шыға алса, онда мəселе бөлек.

Футболшы 2020 жылдың 18 қыркүйегінде Азия чемпиондар лигасының ойынынан кейін допинг-тест тапсырған. Сол кезде оның қанынан метилгексанамин препараты табылған.

– Бұған қатты таңғалдым. Спорттық карьерамда ешқашан допинг қолданған
емеспін. Мен үшін күтпеген жағдай. Метилгексанамин препаратын көбіне, бұлшықетін шығару үшін бодибилдирлер қолданады. Алайда мұның футболшыларға берер еш пайдасы жоқ. Негізінен бұл зат ластанған өнім ретінде спорттық тағамнан жиі табылып жатады. Мен дəл осындай жағдайға тап болғаныма сенімдімін. 11 қыркүйектен бастап, екі аптаға жуық Қатарда командамен бірге болдым. Онда біз қонақүйден шыға алмадық жəне қатаң карантин жағдайда өмір сүрдік. Тыйым салынған заттарды айтпағанда, тіпті тамақ пен сусын сатып алуға мүмкіндік болмады. Мен тек қонақүйде тамақтанғанмын. Жақында АФК Тəртіптік комитетінен менің ісім бойынша шешім шықты. 10 сағатқа созылған отырыста АФК өкілдері мені 4 жылға дисквалификациялауды талап етті. Бірақ соңында 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап 2 жылға дисквалификациялау туралы шешім қабылдады,
– дейді Исламхан.

Ол енді өзінің кінəсіз екенін дəлелдеуге тырысатынын айтып отыр. Сондықтан əділдік іздеп Лозаннадағы сотқа жүгінбек. Қазақстанда допингпен ұсталып, бірнеше жылға спорттан шеттетілгендер жетерлік. Əсіресе, ауыр атлетика, күрес, жеңіл атлетика, теннис секілді спорт түріндегі спортшыларымызда жиі болып жатады. Бірақ Исламханға дейін отандық футболшылардан допинг табылып, дисквалификация алған ешкім болмады. Сондықтан егер шешім өзгермей, жаза уақыты осылай қалса, 2 жылдан кейін Исламхан футболға қайта орала ала ма деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны анық. Бауыржан 23 ақпанда 28 жасқа толады. Дисквалификация мерзімі аяқталғанда жасы отызға таяп қалады. Ондай кезде бұрынғы бабына қайта келе ала ма? Негізі футболда осындай үзілістен кейін қайтып оралғандар бар. Мысалы, осы күні «Манчестер Юнайтед» сапында ойнап жүрген бразилиялық Фред 2016 жылы тыйым салынған гидрохлортиазид қолданғаны үшін бір жылға спорттан шеттетілген еді. Жаза уақыты біткен соң, Фред кəсіби футбол ойнауды жалғастыра алды. Оның үстіне, Украинаның «Шахтерінен» Англияның «Манчестер Юнайтед» клубына ауысты.

Ресейдің «Ростов» командасының ойыншысы Роман Еременконың қанынан кокаин табылып, екі жылға футболдан қол үзіп қалғаны бар. Бұл 2016 жылы болған. Ол кезде Еременко ЦСКА командасында өнер көрсететін. Чемпиондар лигасы аясында «Байер» мен ЦСКА кездесуінен кейін тапсырған допинг-сынамасы оң нəтиже көрсеткен. 2018 жылдың соңында Роман спортқа қайта оралды. Алдымен Мəскеудің «Спартак», кейін «Ростов» сапына ауысты.

Мұндай мысалдар жетерлік. Франция құрамасында ойнаған Самир Насри, Мамаду Сако, украиналық Андрей Беседин, Александр Рыбка, румыниялық Адриан Муту, португалиялық Абел Шавьер деп тізімді жалғастыра беруге болады. Марқұм Диего Марадонаның өзі есірткі пайдаланғаны үшін екі рет спорттан шеттетілген. Ең бастысы, бəрі Бауыржан Исламханның өзіне байланысты. Қателіктен сабақ шығарып, дайындығын үзіп алмаса болғаны.

«Допингке қарсы ұлттық орталық» РММ директоры Майра Бақашева футболшыға бұдан да қатаң жаза қолдануға болатынын айтып, қайта 2 жыл жеңілдетілді деп отыр.

– Бізде Дүниежүзілік допинг ке қарсы кодекс бар, ол барлық спорт түріне қатысты. Ереже мен талап – бəріне бірдей. Спортшының несеп сынамасынан тыйым салынған препарат табылса, онда стандартты 4 жылға дисквалификация береді. Қазақстандық футболшы жағдайды түсіндіріп айтқан
секілді. Мұндай кезде үндемей қалмай, түсіндіріп, дəлелдер көрсеткені жөн. Сондай кезде жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндігі бар. Олай болмаса, жазаға мойынсұнады. Комиссияның шығарғаны шешімі дұрыс. Таңғалатын ештеңе жоқ,
– дейді Майра Бақашева.

Бауыржанның қанынан табылған метилгексанамин препараты – дене күшінің тез қалпына келуіне, төзімділіктің артуына, шаршамауға көмектеседі. Бұрын гераннан алынса, қазір стимулятор негізінен синтетикалық жолмен өндіріледі. Өткен ғасырдың 40-жылдары мұрын бітелуін емдеу үшін қолданылған. Осы күні əртүрлі тағамдық қоспалардан табуға болады. Метилгексанамин 2010 жылдан бастап Дүниежүзілік допингке қарсы ұйымның тізіміне енгізілген.

Қазақстанда бұған дейін осы препаратты пайдаланғаны үшін дисквалификация алған бірнеше спортшы бар. Атап айтсақ, жеңіл атлетикадан халықаралық дəрежедегі спорт шебері Игорь Кондратьев 2018 жылы ұсталып, екі жылға жарыстардан шеттетілген. Суға жүзуші Ринат Жұмағұловтан да осы препарат табылып, екі жылға спорттан тыс қалған. Қарағандылық жас жеңіл атлет Александр Ляхтың қанынан да метилгексанамин табылып, 2018 жылы екі жылға дисквалификация берілген.

Еліміздегі футбол мамандарының көбі осындай сəтте Бауыржанға қолдау көрсетіп, спортқа қайта орала алады деп сенім артып отыр. Кезінде бірнеше клубта ойнаған, бапкер болған Болат Есмағамбетов бабын жоғалтпаса, екі жылдан кейін де Исламхан спорттық карьерасын сəтті жалғастыра алады дегенді айтты.

– Футболшының карьерасындағы ең бір қиын сəт. Қазір кез келген апелляция көп уақытты алады. Оның үстіне жүйке мен қаншама күшті сарп етеді. Бірақ жазаны жеңілдету мүмкіндігі тым аз екенін мойындау керек. Бірдеңе дəлелдеу қиын. Сондықтан 2 жылды күтуге тура келеді. Осындай дисквалификациядан
кейін спортқа қайта оралып, өзің дəлелдегендер жетерлік. Бірнеше мысалды келтіруге де болады. Мұнда бастысы шыдамдылық танытып, спорттық бабын жоғалтпау. Кеңес одағы тұсында Эдуард Стрельцов түрмедегі 7 жылдан кейін де өзінің мықтылығын дəлелдеген. Екі рет КСРО-ның үздік ойыншысы атанды.
Меніңше, Исламхан 29 жасында спорттық карьерасын қайта жалғастыра алады.
Тіпті, қазіргісінен де артық ойнауына болады. Исламхан – еліміздегі ең талантты ойыншы. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай таланттар тым аз. Енді амал жоқ, екі жыл күтуге тура келеді. Қайтып оралу қолынан келеді деп сенемін. Бабын жоғалтып алмай, əуесқой лигада болса да ойнай тұрғаны қажет. Осы уақыт аралығында бапкерлік курс оқып, ағылшын тілін үйреніп алсын,
– дейді Болат Есмағамбетов.

Қазанның «Рубин» командасында Құрбан Бердыевтің көмекшісі болған қазақстандық футбол бапкері Павел Черепанов: «Қажет болса, Исламханға ақыл-кеңесімді айта аламын» деп отыр.

– Исламхан қазір 27 жаста. Екі жылдан кейін кəсіби футболға оралуға толық мүмкіндігі бар. Роман Еременконы жақсы білесіздер. Мен онымен «Рубинде» жұмыс істегенмін. Екі жылдық үзілістен кейін спорттық карьерасын жалғастыра алды. Осы күні «Ростовтың» көшбасшы ойыншыларының бірі. Əрине, жаза мерзімі көп. Бірақ Бауыржанның қолынан келеді деп ойлаймын. Барлығы өзіне байланысты. Мүмкін бұл жағдай оның футболды басқаша қарауына əсер етеді деп ойлаймын. Бəлкім, атлеттер секілді денесін шынықтырып алуына болады. Өйткені қазірдің өзінде оған төзімділік жетіспейді. Мұның алдында артық салмағы да бар еді. Егер спорттық бабын
жоғалтпауды ойласа, маған хабарласса болады. Оған осы жөнінен көмектесе алатын бапкерлерді айта аламын,
– дейді Павел Черепанов. 

Қалай десек те, Бауыржан – Қазақстан құрамасының капитаны. Оған төзімділік пен сəттілік тілейміз. Екі жылдан кейін бұрынғы бабына келіп, бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенеміз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №2
12 қаңтар 2021 жыл 

553 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор