• Толағай
  • 05 Қаңтар, 2021

Сиыр жылындағы бәсекелер

Тарих қойнауына енген 2020 жыл спорт үшін өте ауыр жыл болды. Қаншама жарыс өткізілмеді, кейбіреуі кейінге шегерілді. Спортшылардың асыға күтетін Олимпиада ойындары да осындай жайтты бастан кешті. Төрт жылдықтың басты додасы сиыр жылына жоспарланып отыр. Осы ретте 2021 жылы өтетін, бізге белгілі сайыстардың кейбіріне тоқталып кетпекпіз.

Токио олимпиадасы

Жапония астанасында өтетін жазғы ойындар ғаламдық пандемияға байланысты 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығына ауыстырылды. Олимпиадаға əлемнің барлық мемлекетінен 11 090 спортшы қатысады деп жоспарланған. Токиода 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу жəне скейтбординг. Қазіргі кезде Қазақстан құрамасында 52 лицензия бар. Спорт шенеуніктері жолдама саны 100-ге жететіне сенімді. Пандемияға байланысты іріктеу бəсекелері 2021 жылға шегерілді. Сондықтан жақын арада барлық спорт түрлері бойынша іріктеу додалары басталады.

Балуандарды қандай жарыстар күтіп тұр?

Мысалы, Біріккен күрес əлемі (UWW) 2021 жылға арналған күнтізбелерін жариялады. Оның ішінде Азия аймақтық іріктеу турнирі мен Азия біріншілігі Алматыда өтеді.

– Спортшылардың коронавирус жұқтырып алу қаупін төмендетіп, кейбір ұлттық федерациялар екі шығын жасамау үшін жарысты бір жерде өткізуді жөн көрдік. Сол себепті Африка жəне Тынық мұхит аймағындағы іріктеу турнирі ЭльДжадидтегі Африка чемпионатымен бірлесіп өткізіледі. Сондай-ақ Азия
аймақтық іріктеу турнирі мен сары құрлық чемпионаты Алматы қаласында ұйымдастырылады,
– дейді UWW президенті Ненад Лалович.

Балуандардың одан бөлек қандай лицензиялық турнирлерде бақ сынайтыны белгілі болды:

– Matteo Pellicone іріктеу турнирі, 4-7 наурыз (Рим, Италия);
– Азия аймақтық іріктеу турнирі, 9-11 сəуір (Алматы, Қазақстан);
– Азия чемпионаты, 12-17 сəуір (Алматы, Қазақстан);
– Олимпиадаға əлемдік іріктеу турнирі, 6-9 мамыр (София, Болгария);
– Poland Open рейтингтік турнирі, 8-13 маусым (Варшава, Польша);

Токио ойындарындағы ең маңызды жарыстың бірі дзюдо күресі болмақ. Жапондар төл күресіне келгенде аянып қалмасы анық. Дзюдоның тарихи отанында топ жару кез келген дзюдо балуанына да абырой болары сөзсіз. Сондықтан Токио татамиінде бізді қызықты кездесулер күтіп тұрғаны анық. 2020 жылы пандемия кезінде дзюдодан бірде-бір жарыс өткізілген жоқ. Олимпиада ойындары да болмады. Енді іріктеу бəсекелері алдағы 11-13 қаңтар аралығында Қатардағы «Мастерс» турнирінен басталады. Мұнда рейтингтік ұпайлар үлестіріледі. Əлем чемпионатынан кейін Олимпиада ойындарына ең көп ұпай беретін жарыс осы болмақ. Турнирге əрбір салмақтың 36 көшбасшысы қатысады.

Дзюдо

Дзюдодан 2021 жылы өтетін маңызды жарыстар:

– «Мастерс» турнирі, 11-13 қаңтар (Доха, Қатар);
– «Үлкен дулыға», 18-20 ақпан (Тель-Авив, Израиль);
– Əлемдік Гран-При, 5-7 наурыз (Тбилиси, Грузия);
– «Үлкен дулыға», 1-3 сəуір (Анталья, Түркия);
– «Үлкен дулыға», 8-9 мамыр (Париж, Франция);
– Əлем чемпионаты, 6-13 маусым (Будапешт, Венгрия).

Ойын түрлері

Халықаралық гандбол федерациясы (IHF) ерлер арасындағы əлем чемпионаты көрермендердің қатысуымен өтеді деп отыр. Əлем чемпионаты 2021 жылдың 14-31 қаңтары аралығында Египеттің төрт қаласында ұйымдастырылмақ.

– Египет билігі мен ұйымдастыру комитеті əлем чемпионатын көрермендер қатысуымен өткізуді толығымен құптап отыр. Əрине, жанкүйерлер залдың отыз пайызын ғана толтыру қажет. Арена толығымен көрерменге толы болады деп айта алмаймыз, – дейді Халықаралық гандбол федерациясы.

Халықаралық баскетбол федерациясының аймақтық кеңсесі 2021 жылы баскетболдан Азия кубогын қабылдайтын мемлекетті анықтады. Аталған турнир Индонезияда, 16-28 тамыз аралығында өтеді. Финалдық кезеңде Азия мен Тынық мұхитының үздік 16 командасы бақ сынайды.

Футбол

Футболдан 2022 жылғы əлем чемпионатының жеребесі тартылған еді. Қазақстан D тобына түсті. Қарсыластар қатарында Франция, Украина, Босния мен Герцеговина, Финляндия құрамалары бар.

D тобының ойындар кестесі:

28.03.2021 Қазақстан – Франция;
31.03.2021 Украина – Қазақстан;
01.09.2021 Қазақстан – Украина;
04.09.2021 Финляндия – Қазақстан;
07.09.2021 Босния мен Герцеговина – Қазақстан;

09.10.2021 Қазақстан – Босния мен Герцеговина;
12.10.2021 Қазақстан – Финляндия;
13.11.2021 Франция – Қазақстан.

Əлем чемпионатының финалдық кезеңіне əр топтың жеңімпаздары жолдама алады. ХХІІ Əлем кубогының финалдық турнирі 2022 жылы 21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Қатарда өтеді.

Ал 2020 жылғы Еуропа чемпионаты да Токио Олимпиадасы секілді бір жылға кейінге шегерілген болатын. Жоспар бойынша, 2021 жылдың 11 маусым – 11 шілде аралығында өтеді. Турнир ойындары Мюнхен (Германия), Лондон (Англия), Амстердам (Голландия), Баку (Əзербайжан), Дублин (Ирландия), Рим (Италия), Санкт-Петербург (Ресей), Бильбао (Испания), Бухарест (Румыния), Будапешт (Венгрия), Копенгаген (Дания) жəне Глазго (Шотландия) қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Еуропа чемпионатында бақ сынайтындар:

А тобы: Түркия, Италия, Уэльс, Швейцария;

В тобы: Дания, Финляндия, Бельгия, Ресей;
С тобы: Нидерланд, Украина, Австрия, Солтүстік Македония;
D тобы: Англия, Хорватия, Шотландия, Чехия;
Е тобы: Испания, Швеция, Польша, Словакия;
F тобы: Венгрия, Португалия, Франция, Германия.

Теннис

Əйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) мен ерлер теннисі қауымдастығы (ATP) 2021 жылдың алғашқы 7 аптасындағы жарыстардың күнтізбесін жариялады.
Əйелдер арасында жылдың алғашқы бəсекесі 5-13 қаңтар аралығында Əбу-Дабиде өтеді. Аустралия ашық чемпионатының іріктеу кезеңі 10-13 қаңтарда Дубайда ұйымдастырылмақ. Ал 31 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Мельбурнде WTA-ның екі турнирі өтеді. Сосын теннисшілер Аустралияға аттанады. Онда екі апта міндетті карантинде жатады. Бұл уақытта Мельбурнде жүлде қоры 565 мың доллар болатын екі турнир өтеді. «Үлкен дулыға» санатындағы Australian Open турнирі 8-21 ақпан аралығына жоспарланған.

Ерлер арасындағы бəсекелер 5-13 қаңтар аралығында Делрей-Бич жəне Антальяда басталады. Ерлер арасындағы Аустралия ашық чемпионатының іріктеу кезеңі 10-13 қаңтар аралығында Дохада ұйымдастырылмақ. Сосын əйел теннисшілер секілді 15 қаңтарда Аустралияға аттанып, екі апта карантинде болады.

«Гауһар лига»

Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығы (World Athletics) 2021 жылы «Гауһар лигасының» жарыс кестесін жария етті. Ерлер де, əйелдер де жеңіл атлетиканың 16 түрінен бақ сынайды. Турнирдің 13 кезеңінде төрттен жетіге дейінгі аралықта бəсекелер өтеді.

2021 жылғы «Гауһар лиганың» жарыс кестесі:

Рабат (Марокко) – 23 мамыр;
Доха (Қатар) – 28 мамыр;
Рим (Италия) – 4 маусым;
Осло (Норвегия) – 10 маусым;
Стокгольм (Швеция) – 4 маусым;
Монако – 9 шілде;
Лондон (Англия) – 13 шілде;
Шанхай (Қытай) – 14 тамыз;
Юджин (АҚШ) – 21 тамыз;
Қытай-2 (өтетін орны əлі
анықталмады) – 22 тамыз;
Лозанна (Швейцария) – 26 тамыз;
Париж (Франция) – 28 тамыз;
Брюссель (Бельгия) – 3 қыркүйек;
Цюрих (Швейцария) – 8-9 қыркүйек (финал).

Жалпы, пандемияға байланысты өзгерістер болмаса, 2021 жылы спорт жанкүйерлерін айтулы бəсекенің талайы күтіп тұр.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №1
5 қаңтар 2021 жыл 

449 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор