• ҰЛАН
  • 06 Қаңтар, 2021

2021 жылға жоспар: жалқаулықтан кет, жақсылыққа жет!

Сəлем, досым! Менің атым «Ұлан»! Жаңа жылдан бастап жаңа оқырмандар қосылғандықтан, өзімді таныстыра кетуді жөн санадым. Менің қазақ балаларының сенімді досы болып келе жатқаныма 90 жыл болды. Мені ата-əжең, əке-шешең бала кезінде оқып өскен шығар... Бұрынғы «Қазақстан пионері» деп айтсаң бəрі таниды. Ал қазір сен қолыңа алып отырсың. Саған барынша қызықты ақпараттар жеткізуге тырысамын. Ол үшін өзімнің миссияммен таныстыра кетейін.

Менің негізгі міндеттерім мынадай:

  • Балалар мен жасөспірімдердің танымын дамыту;
  • Өтпелі кезеңде болатын түрлі психологиялық жағдайларға қолдау көрсету;
  • Өтпелі кезеңдегі балалардың бойындағы физиологияға мəн беріп, мамандар кеңесін беру;
  • Білім алуға, еліміздің жəне шет елдің үздік оқу орындарына түсуге бағыт-бардар беру;
  • Балалардың бойында тұлғалық қасиет қалыптастыру;
  • Өз елінің патриоты болуға үгіт-насихат жүргізу;
  • Балалардың шығармашылығын (өлең, əңгіме, ертегі, мақала жазатын, сурет салатын) ұштау;
  • Қазақ жəне əлем əдебиетінде, сондай-ақ елімізде жəне əлемде болып жатқан ғылыми жаңалықтарды таныстыру;
  • Балаларды кітап оқуға дағдыландыру.

Тізе берсем, менің осындай мақсатым көп. Өзіме жүктелген міндеттерді адал атқаруға уəде беремін! Ал енді кезек сенде.

Айтпақшы, біз бір-бірімізге жыл сайын серт береміз. Сондықтан мен уəде берсем, сен де менің ұсыныстарымды қолда. Ең əуелі осы газетті саған кім жаздырып бергенін есіңе алшы. Ата-анаң, аға-əпкең, ұстазың немесе ізгі ниетті қайырымды жан жаздырып беруі мүмкін. Дəл қазір сол адамға рақмет айтып қой. Алғыс айту əдетке айналсын. Бұл өте сиқырлы сөз. «Өтінемін», «рақмет», «кешіріңіз» сөздерін жиі айтып тұрсаң, саған кез келген адам махаббатпен қарайды, тіпті қателіктің өзін осы бір сиқырлы сөз үшін кешіре салады. Бірақ сиқырлы сөзді жаман пиғылда, алдау-арбау мақсатында қолдануға болмайды. Себебі сені де тура солай «сиқырлап» тастайтын біреудің табылмасына кім кепіл?! Жердің дөңгелек екенін, кімге не істесең, алдыңа қайтып келетінін ұмытпа.

Өткен жылдың көктемінен бастап қашықтан оқуды бастадыңдар, ішінара сыныптар ғана дəстүрлі форматта мектепке барып-келіп оқып жатыр. Онлайн оқу қатты жалықтырып жіберген де болар... Енді біріңе жаңа пəндер қосылғандықтан, сабақты үлгеру қиын да боп жатқан шығар. Кейбірің гаджет, компьютерге тым жақын болып кеткендерің байқалады. Оны маған ата-ана, ұстаздарың хабарлап айтып жатыр, тіпті өзім де көріп жүрмін. Иə, интернетте бəрі қызық. Бірақ ертеңгі күнді, яғни келешекті бір сəт ойлап көрші. Болашақта кім болғың келеді? Көзіңді жұм да елестет. Ə, өзің қалаған маман иесі болғың келе ме? Əлемді саяхаттап, əдемі үйде тұрып, мұнтаздай киініп жүргенің көз алдыңа келді ме? Қиялмен бəрі жақсы. Бірақ қиялдағы өмірге жету үшін еңбек ету керек. Ал сенің қазіргі ең үлкен міндетің – оқу, күнделікті дамып отыру. Адамның істегенін адам істейді. Тек жалқаулықты жеңе біл. Мəселен, үй тапсырмасын оқуға ерініп қалдың. «Қазір бір-екі сағат интернет қарап алайын немесе ойнап келейін, сосын оқимын» деп оқулықты жаба салдың. Бірақ сол бір-екі сағат үш-төрт сағатқа, күнге, аптаға, айға ұласып кете беретін сəттер кездеседі. Сонымен қайта оқиын десең, тапсырма үйіліп қалған. Оқығаның миыңа кірмейді. Түсіну үшін қатты қиналасың. Артық күш пен еңбекті қажет етеді. Басқалардан көмек сұрайсың. Егер түсінуді мақсат етсең, қайтсең де мақсатыңа жетесің. Бұл жағдай тамақтан соң жуылмай қалған ыдысқа ұқсайды. Ыдысты кейін жуамын деп қойып қойсаң, ол қатып, тамақ қалдығын тазалап алу қиынға соғады. Ал бірден жуып тастасаң, бəрі оп-оңай, ыдысың жалтырап шыға келеді. Таза ыдысқа қарап көңілің де көтеріліп қалады. Уақытысында оқылмай қалған сабақ та, игерілмей қалған білім де осы ыдыс секілді. Сондықтан ештеңені кейінге қалдырмай қазір орында.

Əзірге сенен осы дағдыларды ғана қалыптастыруды өтінемін.

Айтпақшы мені мұқият оқы. Апта сайын 8, 16 беттік газет пошта жəшігіне келіп тұрады. Газет əр сейсенбіде шығады. Жыл бойына қолыңа 52 саны тиеді. Əр салаға қызығатын балалар үшін қызықты ақпараттар бар. Түрлі-түрлі айдарлармен сенің таным көкжиегіңді ашуға тырысамын. Арасында байқаулар ұйымдастырып, ұтыс та тігіп тұрамын.

Шығармашылығыңды дамытамын. Хаттарыңды жариялап, сенімен сырласамын. Əріп танитын баладан бастап, студенттерге дейін қызықты материалдар жариялаймын. Жалпы, мені отбасы болып оқысаңдар болады. Ата-анаңа да пайдалы ақпараттар өте көп...

Ал енді газетті ары қарай парақтап, қызықты мəліметтерге қаныға бер. Əр нөмір сайын саған қажетті дүние шығатынына сенімдімін. Ендеше, жыл бойы менімен бірге өзіңді дамыт. Сенің болашақта жақсы адам, мықты маман болғаныңды қалаймын.

Сəлеммен,
«ҰЛАН»

«Ұлан» газеті, №1
5 қаңтар 2021 жыл 

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор