• ҰЛАН
  • 21 Желтоқсан, 2020

«30 игі іс» қайырымдылық марафоны: Жақыныңа көмектес

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мен Жаңа Жыл қарсаңында «30 игі іс» қайырымдылық марафонын бастап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Біліморданың «адамдарға мейірімді болу, қоршаған ортаны жақсарту» миссиясын арқау етіп, бесінші жыл іске асырылып келе жатқан «Қоғамға қызмет ету» жобасы оқушыларды қайырымдылыққа, жанашырлыққа, мейірімділікке баулиды.

Қайырымдылық акцияны қаланың аса мұқтаж отбасыларының мекен-жайларын анықтап мектеп еріктілерінің үш тобы бастады. Оқушылар куратор-ұйымдастырушы Қайрат Қыдырбаевпен бірге Әуезов ауданының екі отбасына жол тартты. 74 жастағы қария Орманбетов Сейітқали  2 жасар немересін өзі тәрбиелеп отыр.Екінші көпбалалы жанұяның жағдайы тіпті аянышты. Баспаналары жоқ, әкесі ауруына байланысты жұмыс істей алмайды,  анасы Найля жұмыссыз, 5 баланың  жәрдемақысы  мен он алты жасар ұлының тапқанына  күндерін көріп отыр. Жалға алынған бір бөлмеде өмірлерін кешіп жатқан отбасылар мүшелеріне  ата-аналардың қолдауымен азық-түлік   алынып, қысқы киімдер табыс етілді.

– Біздің екі сыныптан тұратын «Медеу» шаңырағы ұзақ уақыт ойымызда жүретін, ойландыратын игі жұмысты атқарды. Адамдар өздерінің көз жасын әрең ұстап тұрғанын және алғыс ретінде не айта алмайтынын көргенде, шынымен мұқтаж адамға көмек қолын созудың қаншалықты маңызды екенін тағы да түсінесіз, – деді ерікті оқушылар Серікғали Асқар, Рекалинов Саид, Ағаділ Нұртілеу.

Мереке күні 8-ші сынып оқушылары куратор-жетекшісі М.О. Утеповамен  9 бала тәрбиелеп отырған алматылық Жамбековтар отбасына барып балаларға жаңа-жылдық сыйлықтары мен азық-түлікпен көмектесті. 11-ші сыныбы «Тұрар» ауылында жалдамалы пәтерде тұратын 9 балалы отбасына барды. Суық үйде күн кешіп отырған Ахметхановтар жанұясына  керекті азық-түлікпен бірге, жолдан көмір, тағы керек азықтарды сатып алып берді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Зияткерлік мектебінің алты сыныптың өкілдері, кураторлар Таушаева А.Б., Абдыкалыкова Р.М. , Мақашева Б.И мен  ата-аналар  жағдайлары төмен, аз қамтылған Іңкәрбековтер мен Қоңқабаевтар жанұяларына материалдық көмек көрсетті.  

«Қoғaмғa қызмет ету» мектеп жобасы – бұл еріктілер қозғалысы және аз қамтылған отбасыларды қолдау оның бағыттарының бірі.

Куратор-ұйымдастырушы Айгерім Кудекова бастаған 7,8,12 сыныптардың бір топ оқушысы қайырмыдылық марафон эстафетасына мереке күндерінде қосылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларға назар аударып, қолдау көрсетіп , көңілдерін көтеру мақсатымен  «Парасат» қызмет көрсету орталығына барып, сыйлықтарды табыстап қайтты..

– «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін танытуға асыққан Зияткерлік мектеп оқушыларына, ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, –деп «Парасат» көмек көрсету орталығы басшысының орынбасары Римма Төреханқызы ағынан жарылды.

Осы іс-шараларға мейірім-жанашырлығын білдіріп, жоғары деңгейде ұйымдастыруға ат салысқан ата-аналардың еңбегі де орасан зор.

Игі марафоннан  мектептің өзін-өзі басқару ұйымы да сыртта қалған жоқ. Оқушылардың белсенді тобы екі апта бұрын мектепшілік әлеуметтік желілерінің,  өз парақшаларының оқырмандарын қатерлі ісікке шалдыққан  балаларды емдеу паллиативты "Мен сенімен"  орталығының емделушілеріне Жаңа жылға қалаған сыйлықтарын алып, армандарын орындауға   шақырған болатын. Оқырмандардың өз еркімен жинаған қаражатына 10 баланың жаңа жылға тілеген сыйлықтарын, дәмді азық-түліктерін алып барып, бүлдіршіндерді қуанышқа бөлендірді. 

– Менің ойымша, оқушылар, қатысушылар осы шарадан көп нәрсені түсінді және қолымызда бар нәрсенің құндылығын бағалау керектігін білді. Қазір жағдайлары өте қиын отбасылардың барлық қиындықтарды жеңуге әрқашан мүмкіндіктері болғанын тілер едім, – деді ұйымдастырушы-куратор Қайрат Қыдырбаев.

«30 игі іс» қайырымдылық марафоны жалғасын табуда...

Замануи білім берумен қоса оқушыларды мейірімді, азаматтық ұстанымы берік, рухани  бай тұлғалар ретінде тәрбиелеуге бағытталған Назарбаев Зияткерлік мектептеріне үміткерлер қаңтардың 20-на дейін құжаттарын тапсыруға болады. 

1850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор