• Сенің замандасың
  • 22 Желтоқсан, 2020

«Адам құқығы біздің көзімізбен» байқауының жеңімпазы

Жуырда «Адам құқығы біздің көзімізбен» атты халықаралық байқау өтті. Байқауға 10-22 жас аралығындағы мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері қатысты. Басты мақсаттың бірі – адам құқықтары және адам құқығының жалпыға ортақ декларациясын түсіндіру. Оған қоса, «адамның қадір-қасиеті» ұғымы туралы түсінік қалыптастырып, адам құқықтарын сақтау үшін жеке жауапкершілікті сезіндіру. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 1-курс студенті Азамат Ибрагим жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Азаматтың «Ар және дін еркіндігі» бейнеролигі «мультимедиа ролик» санаты бойынша 1475 туындының ішінен үздік деп танылды. Жеңімпазымыз байқау туралы қайдан білді? Бейнероликтің идеясы қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Азаматпен сұқбаттастық.

– Қызылорда қаласының тумасымын. 2009 жылы Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектептің бірінші сыныбына қабылдандым. Бірақ 2017 жылы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 9-сыныбын тәмамдадым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға белсене араластым. 2020 жылы Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінің түлегі атандым. Бірінші орта арнаулы мамандығым – аудармашы. Колледж бітірген соң, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грант негізінде «Шетел тілі мұғалімі: екі шет тілі» мамандығына оқуға түстім.

– Байқау туралы қайдан білдің?

– Байқау туралы толық ақпаратты Instagram әлеуметтік желісіндегі Street Law Kazakhstan парақшасынан көріп, қатысуға ниеттендім. Бұл байқау маған әуесқой шығармашылық еңбек жолымда үлкен серпін, сенімділік және жаңа идеялар ала келді. Сонымен қатар, көршілес елдер арасындағы жастар қарым-қатынасын бекіте отырып, өзара тәжірибе алмасып, жастардың шығармашылық қабілетін арттыруда септігі мол дода деп білемін. Байқау алдағы уақытта да жалғасын тауып, әлі де талай таланттардың есімі мен шығармашылығымен таныс боламыз деген үміттемін. Байқауды өте кәсіби шеберлікпен ұйымдастырған П.Г.Олденбург ханзада атындағы Санкт-Петербург құқық университеті басшылығы мен жауапты мамандарға және байқаудың демеушілеріне алғысымды білдіремін.

– Бейнероликтің идеясы қандай?

– Адам құқықтары саласында, оның ішінде инклюзив қоғам бағыты бойынша жұмыс істейтін жас адам ретінде маған бұл конкурс өте қызық әрі маңызды болды. Адам құқықтары өзектілігін ешқашан жоғалтпайды дегенге сенемін. Бұл – Қазақстан не Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде ең маңызды және өзекті тақырыптың бірі. Роликке БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының ой, ар және дін еркіндігіне әркімнің құқығы бар дейтін 18-бабы мен орыс ақыны Юрий Левитанскийдің «Әр адам өзі таңдайды» дейтін өлеңін негіз етіп алдым. Өзім шығармашылыққа жаны құмар адам болғандықтан, шабыт әркез де әр жерде бола бермейді.

Ал туынды жасауға деген шабыт, тың идея келе баста-ғанда, күн болсын, түн болсын компьютер алдына сағаттап отырып алатын әдетім бар. Бұл жұмысым да сондай еңбекпен, сондай шабытпен келді. Мен әр жасаған еңбегімнің түбіне терең ой мен астарлы мағынаны қалдыруға тырысамын. Маған жеңіл жасалатын минимализм дүниелер ұнай қоймайды. Сондықтан да болар, жұмысты ойымдағыдай күрделі, кәсіби, әсем етіп шығаруда көп уақытым мен энергиямды жұмсаймын. Бірақ бұның дұрыс-бұрысын білмедім.

– Бейнеролигіңе көңілің тола ма?

– Қазылар алқасы жеткізгім келген ойымды және видеоның жасалу жанрын, техникасын түсінбес деген күдік болды. Байқауға ұсынылған жұмыстар-ды тек марапаттау рәсімінде алғаш көргендіктен жасаған жұмысымды өзгелердің еңбегі-мен салыстыруға мүмкіндік болмады. Алайда марапаттау кезінде көптеген тамаша жұмыстарды, әдемі сюжетті туындыларды байқадым.

– Болашаққа жоспарың қандай?

– Биыл Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының «Ақпараттандыру және жастар шығармашылығын дамыту» бөлімінде жұмыс істедім. Жастар саясатына араласып, түрлі жобада белсенділік танытуға тырыстым. Қазіргі таңда «Ерекше» балалар мен ауыр сырқатқа шал-дыққан балаларды және ере-сектерді жан-жақты қолдауға арналған қоғамдық қор құруды мақсат еттім. Сонымен қатар, ән айту, сурет салу, фото-видео-монтаж, адам құқығы мен жануарлар құқығын қорғауда еңбек етуге және эковолонтерлікке қызығамын.

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №51-52
22 желтоқсан 2020 жыл 

1291 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор