• Күншуақ
  • 22 Желтоқсан, 2020

Тапсырысқа сурет салып, ақшасын қайырымдылыққа аударады

Бірде Аружан Саин әлеуметтік парақшасында 12 жастағы Дәмелі Бектенова туралы жазды. «Біздің балалар өте мықты. Жақсылық жасауда үлгі алсақ болады. Мысалы, Дәмелі тапсырысқа сурет салып, ақшасын қайырымдылық қорына аударып жүр. Рақмет саған, алтын қыз! Өмір жолыңда тек жақсы адамдар жолықсын! Бірге болсақ, барлық қиындықты жеңеміз!» – деп алғыс айтты.

Дәмелінің damiyami_art парақшасын оқып, сүйсіндік. Әдемілікке, мейірімге толы. Уақытын босқа өткізбей, білімге, көп білуге ұмтылатыны көрініп-ақ тұр.

– Дәмелі, бізге өзіңді таныстыршы. Отбасыңда кім суретке жақын?

– «Бөбек» өзін-өзі тану гимназиясының 7-сынып оқушысымын. Сурет салғанды бала кезімнен жақсы көремін. Анам 3-4 жасымда суретке қызыққанымды айтады. Ата-анам басқа саланың адамдары. Бірақ анам суретті өте жақсы салады. Қабілет анамнан дарыған болуы керек.

– Қолыңа қалам алмас бұрын не істейсің?

– Шабыт кез келген уақытта келеді. Муза уақыт таңдамайды (күліп).

– Суреттің қай жанры ұнайды?

– Әрине, портрет, пейзаж.

– Ең сүйікті суретшің кім?

– Леонардо да Винчи, Әбілхан Қастеев. Әбілхан атаны үлгі тұтамын. Өмірі қиын болса да, қазақтың сурет өнері үшін төзе білді. Сегіз жасында айлап үй көрмей қой баққан. Сұлу табиғат, көк аспан, алқызыл гүлдердің ортасында болашақ суретшінің көңілі тоқ еді. Ағаштан қыздарға арнап сырға, сақина жасапты. Ауылдың қыздары бала Әбілханды өрістен асыға күтеді екен.

Ақша болмай, шақырған оқуға бара алмаған. Тұратын үйі, шеберханасы болмаған. Тағы бір дереккөзде әйгілі америкалық суретші Рокуэл Кент Әбілхан атамыз жайлы кино түсіруге келеді. Басшылар атамыздың ескі үйін көрсетуге ұялып, екі бөлмелі пәтер береді. Өкініштісі, деректі фильм түсіріліп біткен соң, атамыз балаларымен бірге үйді босатып береді... Қазір ынта болса, оқуға мүмкіндік көп. Сол үшін көп оқып, іздену керек.

– Ең бірінші салған суретің өзіңе ұнады ма?

– Алғашқы жұмысым ауыр болды. Өзіме ұнамайтын. Кейін уақыт өткесін қатемді түсініп, бұдан да әдемі салуға болатынын білдім. Өнер де адамның жан-дүниесімен байланысты. Оның кереметін тілмен жеткізу оңай емес.

– Қандай тақырыпқа қызығасың?

– Барлық нәрсені салғым келеді. «Мен сурет салмаймын...» деген сөзді ойыма да алғым келмейді. Басқа біреуге жақсы көріну үшін салмаймын. Сурет сала отырып, күш аламын, өзімді керемет сезінемін. Ойландыратын тақырып өте көп. Экология, панде-мия, емделіп жатқан балаларды ойлаймын.

– Плагиат дегенді естіп көрдің бе?

– Ең жаман әдет. Әзірге кездескен жоқ. Егер болып жатса, сыпайы түрде аты-жөнімді көрсетуін сұраймын. Біреудің еңбегін көшіру – жақсылық емес.

– Біліміңді толықтыру үшін қосымша сабақтарға барасың ба?

– Иә, анам әрдайым қолдап отырады. Білім орталықтарына барып, сурет курстарына қатысып, тәжірибе жинадым.

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Кітап оқып, тіл үйренемін. Отбасым және достарыммен уақыт өткіземін. Дәмді тамақ жасаймын. Билеп, ән салатын да өнерім бар. Комедия, қиял-ғажайып кинолар-ды көремін. Музыка тыңдаймын.

– Болашаққа жоспарың қандай?

– Мықты суретші, дизайнер болсам деймін.

– «Балаларға өмір сыйла!» жобасына қатысып, қайырымдылық қорына ақша аударыпсың...

– Сурет пен сабақты қатар алу қиын болып кетті. Әзірге қайырымдылық акциясы тоқтап тұр. Ата-анам кішкене кезімнен үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керегін айтатын. Жақсылық жасау адамның парызы дейтін. Қайырымдылық туралы идея ойламаған жерден келді. Кешкі ас үстінде «Неге балаларға көмек бермеймін, менің қолымнан келе-ді ғой» деп ойладым. Ата-анам қолдау білдірді. Жарнама жасап, іске кірістім. Алғашқы кезде қиын болды. Әртүрлі адамдардың портретін 5-6 сағат отырып сала-мын. Сөйтіп, қайырымдылық қорына 180 000 теңге аудардым. Кейде суретке тапсырысты шетел-ден де береді. Суретті қағазға да, айпадқа да (графикалық планшет) сала беремін. Қазір графикалық планшетте салатын суретшілер өте көп.

– Өнерің өрге жүзсін!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №51-52
22 желтоқсан 2020 жыл 

271 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала «Ел-Назы» мектеп-интернатқа айналса...
Келесі мақала «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесінен алған әсерім...

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор