• Балаларға базарлық
  • 21 Желтоқсан, 2020

Карантиндегі кішкентайлар

Пандемия кезіндегі карантин шектеулері ересектердің ғана емес, балалардың да өмір салтына өзгеріс әкелді. Ересектер қауіпсіздік сақтап қана қоймай, оны балаларға түсіндіретін жауапкершілікті мойнына алды. Карантин кішкентайларға қалай әсер етті? Жақында осы сұраққа жауап беретін жаңа кітап жарық көрді.

Алматыдағы American Space&Makerspace орталығында «Карантиндік кішкентайлар» атты балаларға арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап 5-10 жастағы бүлдіршіндерге арналған. Ерекше кітап – қазақстандық жазушылар Ксения Земскова мен Елена Клепикованың туындысы. Ал қазақ тіліне Дина Махметова мен Мерей Қосын аударған.
«Карантиндік кішкентайлар» кітабының мазмұны ғана емес, дизайны да ерекше екен. Кітап дизайнын көркемдеп, иллюстрациясын жасаған – жас суретші Әйгерім Саттар. Жоба АҚШ дипломатиялық өкілдігі мен «Шеврон» компаниясының Қазақстанда STEAM-ді қолдау бойынша серіктестігінің аясында жүзеге асқан.

Кітап тұсаукесерінде АҚШ Бас консулдығының БАҚ, мәдениет және білім бөлімінің басшысы Ананд Кришна мен «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Аймұханова біріккен жобаның маңызына тоқталып, алға қойған жоспарларын айтты. Кітап авторлары мен аудармашы Дина Махметова карантинде жазылған туынды жайлы баяндады. Қазақстанның әр өңірінен кітапхана қызметкерлері онлайн байланысқа шыққанын айтып, оқырманның алған әсері жайлы
да сөз қозғады. Шығарма «Алтын қалам-2020» байқауының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік шығар-ма» номинациясы бойынша жеңіске жеткенін айта кеткен жөн.

Барша әлемді індет жайлап, халықтың басына іс түскенде, ең алдымен кішкентай бүлдір-шіндерге қиын тигені анық. Үйдегі тәрбие, отбасындағы әке-шеше мен баланың орны осы кезде айқын көрініс берді. Кітап қаладағы пәтерде карантинді өткізген отбасының бастан кешкен оқиғасын баяндайды. Шығарма карантиндегі келеңсіз жайттардан басталып, бірте-бірте шарықтап, ғажайып оқиғалармен кішкентай оқырманды бірден баурап алады. Қазір кітаптың 1000 данасы Қазақстанның әр өңіріндегі кітапханаларға түсіп, балалар мен ата-аналардың көңілінен шығып жатыр екен. Тіпті, шығарманың жалғасын күтіп жүрген балалар да бар. Іс-шара барысында жазушы-лар кітаптың өмірге келуі жайлы ой-толғаныстарын жеткізді.

Ксения Земскова:

– Біз үшін бүгінгі күн – ерекше мереке! Себебі, есептеп көрсек, бұл жобамыздың бастау алғанына тоғыз айдай уақыт өтіпті. Мінекей, бүгін кішкентай бөпеміз дүниеге келгендей күйдеміз. Бүгін «Карантиндік кішкентайлар» кітабының ресми тұсаукесері болып отыр. Шығарманы жазу идеясы, ізденісіміз бен жұмыс процесі әлі есімізден кетпейді. 14 сәуір еді. Карантиннің күшейтілген кезі. Бәріміз жанымызды сақтап, еш жерге шықпай үйде отырдық. Осы кезде Лейла Аймұханова бізге керемет ұсыныс тастап, қоңырау шалды. Елена екеуміз қуана қабыл алып, жаңа жобаға білек сыбана кірістік.

14 сәуірден 15 желтоқсанға дейінгі аралықта осы кітаптың жұмысымен айналыстық. Біздің басты мақсатымыз – осы кітап арқылы пандемия кезінде балалардың денсаулығын қалай сақтау керек, отбасына, жақындарына жанашыр болып, қалай көмектесу керектігін жеткізу болды. Шығармадағы әр оқиғаның бір түйіні мен балаларға берер тәрбиесі бар. Мысалы, бірінші оқиға арқылы 30 секундта қалай қолды дұрыс жуу керектігін әңгіме еттік. Екінші оқиға арқылы маска тағып жүруді ескерттік.Үшінші оқиға арқылы тұратын жеріміздің тазалығына мән беру керектігін жаздық. Келесі оқиғада арақашықтық сақтау туралы айттық. Бесінші оқиғада ең басты мәселе – бір-бірімізді қолдау, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасының маңызына тоқталдық. Елена екеуміз күн сайын онлайн байланыста болып, ақылдасып отырдық.

Елена Клепикова:

– Айналаңдағы жақындарыңмен кездесуге мүмкіндік болмай, онлайн байланыста болу – тар шеңберде қалғандай өте қиын жағдай. Бұл жағдай қашанға дейін созылатынын, қашан аяқталатынын да ешкім білмейді. Біз балаларға дәл керек және маңызды шақта тезірек шығарманы аяқтап, оқырман назарына ұсынуға асықтық. Мейлінше тезірек жазуға тырыстық. Жазғанымызды бір-бірімізге жіберіп, ақылдасып, қатемізді жөндеп, өңдеп, ұдайы еңбектенумен болдық. Нәтижесінде оқыған жан шығарманың әр бөлімін кім жазғанын анықтай алмайтындай, шығарма бір адамның қолынан шыққандай сезілді.

Авторлардың жоспары бойынша, шығарманы қазақ және ағылшын тілдерінде жарыққа шығару көзделген екен. Қазақ тіліне екі аудармашы аударды. Балаларға шығарманы әсерлі жеткізе білу аудармашының кәсіби шеберлігіне де байланысты. Сондықтан авторлар кітаптың дүниеге келуіне екі автор емес, төрт автор үлес қосып, бірдей еңбек етті деп санайды. Ал ағылшын тіліндегі нұсқасы келер жылы шығады.
Іс-шара соңында жазушыларды сөзге тарттық:

– Шығармада қалада көпқабатты пәтерде өскен балалардың карантиндегі өмірі жайлы баяндалған, ал келешекте ауылда асыр салып ойнап жүрген кішкентайлар үшін шығарма жазу жоспарларыңызда бар ма?

Ксения Земскова: Өте қызық сұрақ екен. Ерекше сауалыңызға көп рақмет! Бүгінгі күні көптеген кітапхана оқырмандарынан шығарманың жалғасын күтеміз деген ұсыныстар мен пікірлер келіп жатыр. Оқырман ерекше идеялар тастап, кері байланысқа шығуда. Ал мына идея тіпті ғажап екен! Бұл ойыңызды қоржынымызға салып қояйық, ойланып көреміз....

Елена Клепикова: Бұл кітап қалада өскен балалар туралы жазылған. Қалада тұрған бүлдіршіндердің істеп жүргенін ауылдағылар да істеуі мүмкін. Оқиға кез келген баланың басынан өтуі де ғажап емес. Шығармадағы айна ауыл баласының үйінен де табылуы мүмкін немесе қала баласы жазда ауылға атасы мен әжесі-не баруы мүмкін. Ол кезде шытырман оқиғалар ауылда болады. Шынымен де, бұл идея өте қызықты, сондықтан жадымызда сақтайық. Дегенмен де, баланың аты – бала. Баланың ауылда немесе қалада өмір сүруі маңызды емес. Маңыздысы – кез келген баланың жүрегінде ұялаған мейірім.

Бүгінгі күні балалар әдебиеті де біртіндеп дамып келеді. Осы жолда қалам тербеп жүрген Ксения Земскова мен Елена Клепикова бұдан бұрын да бірігіп бірнеше жоба жасаған. «Кроль королевы или времена перемен» атты туындылары да оқылымды болып жүр. Келешекте қос жазушыдан жаңа туындылар күтеміз.

Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №51-52
22 желтоқсан 2020 жыл 

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор