• ҰЛАН
  • 22 Желтоқсан, 2020

«Жас тілші-2020»: «рухани әулетке» қош келдіңдер!

Сәлем, достар! Газеттің бүгінгі санын асыға күткендеріңді білеміз. Өйткені тап осы санда жылдағыдай «жас тілші» куәлігіне ие болған оқырман-авторларымыздың аты-жөні жарияланады. Соңғы бір айда әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға, электронды поштамызға, уотсап нөмірімізге хаттар келіп, пікірталас басталды да кетті. «Жас тілші» куәлігіне анау лайық, мынау лайық» деп оқырман қызу талқылап жатыр.

Ең әуелі «кім жас тілші бола алады?» деген сұраққа жауап бере кетейік. Жас тілші болу үшін материал санының соншалық көп болуы маңызды емес, бірінші кезекте сапасына қараймыз. Сондай-ақ жас тілшілеріміздің жазғанынан журналистикаға деген адалдық, ұмтылыс байқалса, әр мақаласы газетке шыққан соң өз-өзімен жұмыс істейтін, қателігін түзейтін ұқыптылығы болса, ондай балаларға көбірек мүмкіндік береміз. Газетке жанашыр болып, насихаттап жүргеніне де қараймыз. Өйткені республиканың әр аймағынан іріктеп алатын жас тілшілеріміз біздің сол өңірдегі өкіліміз, бет-бейнеміз десек те болады. Сенім артып, сол аймақтағы маңызды ақпаратты жазуды да тапсырып отырамыз.

«Ұланның» жас тілшісі болатын адам әрқашан достыққа адал болуы керек. Себебі газет арқылы танысқан жас тілшілеріміз үлкен өмірге аяқ басқанда да бір-бірімен етене араласып, дос болғанын қалаймыз. Осы дәстүрге берік болып, қанша жыл өтсе де, достығына сызат түспеген жас тілшілеріміз қаншама... Олардың басын біріктіріп тұрған – «Ұлан» газеті. Жас тілші атанған достар, бір-біріңе ең жақын дос болуға дәл қазір серт беріңдерші. Адал досың болғаны жақсы емес пе?! Іштей бізбен келісіп, серттестіңдер ғой, иә? Ендеше, «рухани әулетке» қош келдіңдер! Иә, бізде жас тілші болған балалар өздерін «рухани әулеттің мүшесіміз» деп атайды. Өйткені олардың арман-мақсаты ұқсас. Олардың бәрі қоғамды өзгертіп, қазақ халқына жақсылық жасағысы келетін жеткіншектер. Газетке жазатын ізгі ниетіне қарап, өзіміз де сүйсініп отырамыз. Қандай ғажап, жаңашыл жастар өсіп келе жатқанын бәрі білсе ғой, шіркін!
Ал енді биыл белсенді болған, тынбай еңбектенген авторларымызды құттықтап қойсақ. Сонымен, 2020 жылы «жас тілші» куәлігі кімдерге берілді?

Алматы қаласынан үш оқушы оза шапты. Аружан Абсатар – №180 мектептің 11-сынып оқу-шысы. Аружан өте белсенді қыз, жетістігі де көп. Оқырман оның мақалаларын күтіп жүріп оқитынына сенімдіміз. Редакцияның хат қоржынына Аружаннан мақала келсе, бірден оқығымыз келіп тұрады. Аружан өте сауатты жазады. Грамматика, пунктуация, стилистика жағын жақсы біледі. Газетке материал жолдамас бұрын бірнеше қайтара оқып, тексеріп алатыны көрініп тұрады. Әрқашан ізденісте жүре-ді. Жыл басынан бері газетке Аружанның жиырмадан аса мақаласы шығыпты. Әр кейіпкері есте қалатындай қызықты тұлға.

Абай атындағы РММИ-дің 11-сынып оқушысы Аяулым Абаева да үздік авторларымыздың біріне айналды. Аяулым әр сөзінің жүрекке жетуіне мән беретін секілді. «Анамыз үйде болатын екі адамға үлкен ой салатын материал. Аяулым, жарайсың! Өзіңдегі әдемі сезімді жазуда да қолдана білетін алғырлығыңа ризамыз.

Алматыдағы №74 мектептің 11-сынып оқушысы Айжан Дайрабаева да – өте белсенді авторларымыздың бірі. Айжанның жазуына қарап, қазіргі жасөспірімдерге не керек екенін білуге болады. Айжан көбіне мотивациялық материалдар жазуға ұмтылады. Демек ол өзі жүрген ортаға не жетіспейтінін біледі. Жыл басынан бері Айжанның он беске жуық мақаласы шықты. Бәрінде оқырманды жігерлендіруге тырысқан.

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Бейнеу мектебінің 11-сынып оқушысы Гүлнұр Сапарованың да жазуы, тақырып таңдауы Айжандікіне ұқсайды. Гүлнұр әлемнің жеті елінің білім грантын жеңіп алған Фаризамен, сондай-ақ жылдам оқудың қыр-сырымен таныстырған материалымен есте қалды. Жыл басынан бері онға жуық материалы жарық көрді. Ізденімпаздығын ескеріп, Гүлнұрға да «жас тілші» куәлігін табыстауды жөн көрдік.

Карантин кезінде ең белсенді авторымызға айналған екі аруды ерекше атап айтқымыз келеді. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Мерей Тұрарбек пен Өскемен қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Әмина Бақытбекованың тынымсыз еңбегіне риза болдық. Екі қыз мақала ғана емес, балаларға арнап өлең, ертегі-әңгімелер де жазады. Егер балаларға арналған өлең жазуларын жалғастыра берсе, тәп-тәуір балалар ақыны шығар еді деп ойлаймыз. Қазір балалар әдебиетіне қалам тербейтін авторлардың аз екенін ескеріп, қыздарымыз бұл қырын да тастап кетпейді деп үміттенеміз. Айтпақшы, биыл ең көп мақала жазған авторымыз – Мерей. Оның газетке отызға жуық мақаласы шықты. Ал поштада әлі қанша хаты тұрғанын ескерсек... Иә, ол өте белсенді автор. Екі аруымыз да аз уақыттың ішінде өзін дәлелдей алғандықтан, «жас тілші» куәлігіне әбден лайық. Әмина өзі ғана жазып қоймай, мектебінен Малика Рүстемова деген авторымызға жол ашты. Маликаға да «жас тілші» куәлігі жұғысты болғай!

Бану Әбдіғалиева да жыл басынан бері үзбей жазып келеді. Ол Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Қорғантұз мектебінің 10-сынып оқушысы. Банудың биыл он мақаласы жарыққа шығыпты. Бану түрлі тақырыпта жазғанды жақсы көреді. Бірде қызықты кейіпкерлер тауып алса, бірде өзі оқып, ойға түйген дүниелерін жолдап тұрады. Бану да «жас тілші» куәлігіне лайық.

Павлодар облысының Баянауыл ауданынан «жас тілшілер» легі қалыптасып шығуы – дәстүрге айналатын сияқты. Ақын, «Баян-тау» газетінің бас редакторы, бұрын «Ұланда» жас тілші болған Еламан Хасенұлы жақсы орта қалыптастырып, тәрбиелеп келеді. Соның бірі – Ақсаң ауылындағы Д.Рахметов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Айзада Сағидолла. Айзаданың журналистикаға қызығушылығы журналистер туралы жазғанынан, олардан сұқбат алғанынан қатты байқалады. Айзаданың да тынымсыз еңбегін ескеріп, «жас тілші» куәлігін беруді жөн көрдік.

Міне, биыл осы жеті қыз жас тілші куәлігіне ие болды. Ал «жас тілшілікке» сәл ғана жете алмай қалған, келесі жолы жас тілшілікке үміткер болатын авторларымыз туралы білгілерің келе ме? Алматы қаласынан Назерке Сайын, Балқаштан Олжас Павлик, Түркістан облысының Бәйдібек ауданынан Гүлшат Мырзалы, Түркістан облысының Шардара ауданынан Жазира Бекболатова сәл ертерек қимылдап, көбірек еңбектенгенде «жас тілші» куәлігін алар еді.

Жаңатастық Айнұр Аңламасова, сарыағаштық Ақбота Бекжанқызы, атыраулық Айхан Рамазан, мұғалжарлық Жаннұр Зейнелғабылова, алматылық Сымбат Кеңес, нұрсұлтандық Айсана Шамұрат, батысқазақстандық Саида Құрманжан алдағы жылы тынбай жазып, белсенді болса, «жас тілші» куәлігінің ауылы алыс емес. Сондай-ақ М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттағы Бауыржан Жақсылықов, Айымбибі Мирамқызы секілді авторларымыздан да белсенді болуды өтінеміз.

Достар, «жас тілші» куәлігін алған соң босаңсып кетуге болмайды. Бұл – сендерге бұдан жақсы жазуға мотивация болатын жауапкершілік. Ендеше, өзің білгенді өзгелерге де айта жүр. «Ұлан» газетіне жас тілші болғаныңды басқаларға да айтып, «рухани әулеттің» мүшесін көбей-туге атсалысыңдар!

«Ұлан»

«Ұлан» газеті, №51-52
22 желтоқсан 2020 жыл 

1262 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор